Мейірім мен жауапкершілік иесі
Адам өміріндегі ең қадірлі мамандықтардың бірі – мейірбике мамандығы. Себебі адам жанына араша түсіп, науқастың сауығып кетуіне себепкер болатын ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда ерекше құрметке лайық. Мейірбике – тек дәрігердің көмекшісі ғана емес, ол – науқасқа жанашырлық танытып, мейірім сыйлайтын, адам өміріне жауапкершілікпен қарайтын маман.Осындай жауапты мамандықты өмірлік жолына айналдырған жандардың бірі – Дәметкен Нұржанқызы Аяғанова. Ол 1975 жылы №220 мектептің бірінші сыныбына барып, сегіз жылдық білім алады. Мектеп қабырғасынан бастап адамға көмектесуді армандаған ол 1985 жылы Арқалық медицина колледжіне оқуға түсіп, “медбике” мамандығы бойынша білім алады. 1987 жылы дипломын қолына алған жас маман еңбек жолын 1988 жылы Арал қаласындағы филиал поликлиникасында бастайды.
Жас маман үшін алғашқы еңбек жолы үлкен тәжірибе мектебі болды. Науқастармен жұмыс жасау, әр адамның көңіл күйін түсіну, ауырған жанға демеу болу – мейірбикенің басты міндеті екенін сол кезден-ақ терең сезінеді. Кейін отбасылық жағдайына байланысты 1991 жылдан бастап Сексеуіл ауруханасына жұмысқа орналасып, ұзақ жылдар бойы мейірбике қызметін абыроймен атқарады.
Мейірбике мамандығы – сырт көзге қарапайым болып көрінгенімен, аса үлкен төзімділікті талап ететін қызмет. Күн мен түнге қарамай науқас жанынан табылу, олардың жағдайына алаңдау, дер кезінде көмек көрсету – үлкен жауапкершілік. Кейде науқастың жан қиналысын көріп көңілің құлазиды, кейде олардың сауығып, алғыс айтып шыққанын көру барлық қиындықты ұмыттырады. Мейірбике мамандығының қиындығы да осында, қызығы да осында.
Дәметкен Нұржанқызы еңбек жолында талай адамның алғысына бөленді. Әріптестері арасында сыйлы, өз ісіне адал маман ретінде танылды. Оның жұмысындағы ұқыптылық, сабырлылық пен адамгершілік қасиеттері көпшілікке үлгі болды. Ол тек өз міндетін атқарып қана қоймай, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісіп келеді.
2003 жылдан бастап Сексеуіл ауылдық емханасында медстатист қызметін атқарып келеді. Бұл жұмыс та үлкен жауапкершілікті талап етеді. Денсаулық сақтау саласындағы статистикалық мәліметтердің нақты жүргізілуі – медицина сапасының маңызды көрсеткіші. Осы салада да Дәметкен Нұржанқызы өз тәжірибесі мен біліктілігін көрсетіп, жемісті еңбек етіп келеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлері туралы: «Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері – ұлт саулығының сақшылары. Олардың еңбегі қашанда құрметке лайық» деген болатын. Бұл сөз мейірбике мамандығының қоғамдағы орны ерекше екенін айқын көрсетеді. Расында, медицина саласының дамуы мен халық денсаулығының жақсаруы – осындай өз ісіне адал мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Мейірбике болу – тек мамандық таңдау емес, ол – адам өміріне деген жанашырлық пен үлкен жүректің белгісі. Науқастың көңілін тауып, оған жылы сөз айту да кейде дәріден артық әсер етеді. Сондықтан мейірбике еңбегі әрдайым құрмет пен алғысқа лайық.
Дәметкен Нұржанқызының еңбек жолы – жас мамандар үшін өнеге. Ол қай жерде жұмыс жасаса да, адам денсаулығын бәрінен жоғары қойып, адал еңбек етті. Ұзақ жылғы тәжірибесі мен кәсібіне деген сүйіспеншілігі оның маман ретінде қалыптасуына үлкен жол ашты. Осындай ақ халатты абзал жандардың еңбегі елге үлгі болып, кейінгі ұрпаққа рух береді. Бұл мамандық иелері қандай құрметке де лайық. Себебі олар адам өмірі үшін аянбай еңбек етеді. Дәметкен Нұржанқызы сияқты тәжірибелі мамандардың еңбек жолы – денсаулық сақтау саласының баға жетпес байлығы.
Оңталап ЖОЛДАСОВ








