РУХ КЕРУЕНІ: ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – РУХАНИ НЕГІЗ
Аудандық «Руханият» орталығы бүгінде ел игілігіне қызмет етіп келеді. Осы киелі шаңырақта «Рух керуені» атты ауқымды жоба аясында өткізілген «Ұлттық құндылық – рухани негіз» атты салтанатты жиын елдіктің өзегі мен ұрпақ тәрбиесінің маңызын айшықтаған келелі кеңеске айналды. Шараға ардагерлер қауымы, «Ұлағат» аналар кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен жалынды жастар қатысып, қазақы болмыстың қыр-сыры мен ата-баба аманаты туралы толғамды пікірлерімен бөлісті.Уақыт безбені мен заман талабы адам баласының танымын өзгертіп, тұрмыс-салтына жаңашылдықтар енгізгенімен, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан ішкі мәдениеті мен адамгершілік ұстанымдары ешқашан ескірмек емес. Бұл басқосудың басты мақсаты да – жас буынның бойына асыл қасиеттерді егу, тектіліктің тамырын сақтау және ұлттық болмысты дәріптеу болды. Ананың әлдиінен басталып, атаның ақ батасымен өрілетін қазақы тәлім – ертеңгі кемел болашақтың берік іргетасы.
Кештің беташары ретінде ұсынылған «Арал толқындары» композициясы жиналған қауымды бірден сиқырлы әуен мен терең мағыналы қойылымдар әлеміне жетеледі. Сыр бойының сарқылмас шежіресі мен Арал өңірінің тарихи тағдырын баяндаған бұл музыкалық қойылым туған жерге деген сүйіспеншілікті оятты.
Жиын барысында сөз алған жандар бүгінде Руханият орталығының ашылуы өңірдегі мәдени өмірдің жаңа белеске көтерілуіне жол ашқанын баса айтты. Бұл мекен халықтың ішкі сұранысын қанағаттандыратын, ұмыт бола бастаған ғұрыптарды қайта жаңғыртатын нағыз тәрбие ошағына айналған. Осы орайда, «Ұлағат» аналар кеңесінің орындауындағы әсем ән мен тағылымды жыр кештің шырайын келтірді. Әулеттің ұйытқысы болып отырған аналарымыздың өнегелі сөздері мен сазды әуендері қоғамдағы әйел адамның, ананың рөлін тағы бір мәрте айқындап берді.
Шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – «Балалықтан – Бақытты шаңыраққа» атты сахналық қойылым болды. Онда қазақ баласының дүниеге келген кезінен бастап, ес біліп, ер жеткенге дейінгі, содан соң өз алдына отау тігіп, үлкен өмірге қадам басуына дейінгі жолы көркем бейнеленді. Бесікке салу рәсімінің киелілігі, тұсаукесердің мәні, ата-ананың алдындағы жауапкершілік секілді ұғымдар көрініс арқылы көрермен санасына ұялады. Ең маңыздысы, Руханият орталығында орналасқан АХАТ бөлімінің қызметкерлері жас жұбайлардың некесін қиып, куәліктерін салтанатты түрде табыстады. Бұл рәсімнен соң ақсақалдардың жас шаңыраққа ақ батасын беріп, ұрпақтар арасындағы байланыстың үзілмегенін көрсетті.
Кеш барысында Руханият орталығының жан-жақты қызметі де таныстырылды. Қонақтар музей экспонаттарымен, архивтік құжаттармен және сирек кездесетін кітаптар көрмесімен танысып, тарих қойнауына саяхат жасады. Ал жас оқырмандар үшін ұйымдастырылған «Бүгінгі оқырман – ертеңгі көшбасшы» атты кітап тренді жастардың білімге деген құштарлығын оятып, интеллектуалды пікірталасқа ұласты. Сонымен қатар, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану мақсатында жүзеге асып жатқан «Ақылды кітапхана» жобасы заманауи мүмкіндіктер мен рухани құндылықтардың өзара үндестігін көрсетті.
Жиын соңында қатысушылар осындай мазмұнды шаралардың жиі өтуі қоғамның сауығуына, жастардың отансүйгіштік рухта тәрбиеленуіне үлкен септігін тигізетінін атап өтті.
Г.ӘЛНИЯЗИНА










