Тәрбие тамыры – тектілік
Қазіргі жаһандану дәуірінде адамзаттың материалдық игіліктерге көбірек бет бұрып, ішкі болмыс пен парасаттан алшақтап бара жатқаны жиі айтылады. Уақыт алмасқан сайын қоғам жаңарып, технология қарыштап дамығанымен, адам өміріндегі ең қастерлі ұғым – отбасының мәні ешқашан жоғалмақ емес. Себебі шаңырақ – адам баласының алғашқы тәрбиесін алатын алтын бесігі, мейірім мен жанашырлықтың ұясы, адамгершілік қуат алатын қасиетті ордасы. Ал салт-дәстүр – сол бірліктің тамыры мен тұғыры. Осы орайда ұйымдастырылған мәнді басқосу көпшілікке ұлттық болмыстың қадірін тереңірек ұғындыруды көздеді.Руханият орталығында 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай «Отбасы құндылықтары және дәстүр» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Ұлттық тәрбиені ұлықтап, әулеттік қағидаларды насихаттауға бағытталған жиынға Қаратерең, Шөмішкөл, Жаңақұрылыс ауылдарынан келген үлгіліотбасылар, оқырмандар мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Шараның негізгі межесі – қазақы тәрбие мен салттың маңызын дәріптеп, оны бүгінгі заманмен сабақтастыра отырып, жас ұрпақ санасына сіңіру.
Басқосу халқымыздың ұмыт бола бастаған «Сүйек жаңғырту» жоралғысынан бастау алды. Бұл көрініс жиналғандарға терең ой салды. Қазақ үшін салт ата-баба аманатына адалдықтың, туыстық байланыстың беріктігінің нышаны. Сахналанған қойылым арқылы қатысушылар өткен мен бүгіннің сабақтастығын сезініп, ағайын арасындағы қарым-қатынастың қоғамдағы рөлі туралы пікір алмасты.
Жиын барысында заманауи қоғамдағы құндылықтардың трансформациясы, кейбір дәстүрдің көмескіленуі, туыстық тамырдың әлсіреу себептері мен оны қайта жандандыру жолдары кеңінен талқыланды. Қонақтар ұлттық тәрбиенің ақсауы әлеуметтік мәселелердің туындауына тікелей әсер ететінін айтып, үйдегі тәлім-тәрбиенің маңызын ерекше атап өтті. Әсіресе, ағайынды жақындастырып, бірлікті нығайтатын ежелгі заңдылықтар сөз болды.
Дөңгелек үстелдегі толғамды пікірлер қатысушыларды бейжай қалдырмады. Өнегелі отбасылар өз өмірлерінен мысал келтіріп, ата-баба жолымен өскен ұрпақтың бойында үлкенге құрмет, кішіге ізет, жауапкершілік пен жанашырлық секілді қасиеттер қалыптасатынын жеткізді. Сонымен қатар бүгінгі таңда әлеуметтік желі мен уақыт тапшылығы адамдар арасындағы шынайы байланысты көмескілеп бара жатқаны да назардан тыс қалмады. Осындай кезеңде байырғы салт пен отбасылық қағидаларды қайта тірілту – заман талабы екені алға тартылды.
Жиынның қызықты бөлігінің бірі – «Қоржын сұрақ» әдісі болды. Қоржын ішіне жасырылған сауалдар арқылы қатысушылар әдет-ғұрып, тәрбие, бірлік жайында өз пайымдарын ортаға салды. Бұл кезең еркін ой алмасуға мүмкіндік беріп, көрермендер мен қонақтардың ішкі толғаныстарын жеткізуіне қолайлы жағдай жасады. Орындалған әсем әндер шараның мазмұнын байытып, жиналғандардың көңілін серпілтті.
Сөз соңында ұйымдастырушылар кештің буындар арасындағы алтын көпір болғанын атап өтті. Себебі отбасы – мемлекеттің іргетасы, ал ұлттық қайнар – сол іргетасты бекем ұстап тұрған тірек. Егер әр шаңырақта сыйластық салтанат құрса, онда қоғам да берік, болашақ та баянды болмақ.
Жиын соңында қатысушылар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, әр үйге амандық пен береке тіледі.
Қазақ халқы «Отан – отбасынан басталады» дейді. Расында, шаңырақтағы түйткілдер шешілмей, қоғам түзелмейді. Өз негізін ұмытпаған елдің рухы биік, ұрпағы саналы болмақ. Сондықтан мұндай тағылымды кездесулер өткенді жаңғыртып қана қоймай, бүгінгі буынға бағыт-бағдар беріп, ұлттық кодты сақтауға үндейді.
Г.САҚТАПОВА










