Барсакелмес қорығындағы ғылыми зерттеулердің маңызы
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы — Қазақстандағы табиғаты ерекше қорғалатын аймақтардың бірі. Қорық Арал теңізінің бұрынғы аралдық бөлігінде орналасқан. Қазіргі таңда ол шөлейтті аймаққа айналып, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің мекеніне айналған. Қорықтың басты міндеті — табиғатты сақтау ғана емес, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту.Қорықтағы ғылыми жұмыстардың негізгі бағыты — биоалуантүрлілікті зерттеу. Ғалымдар өсімдіктер мен жануарлардың түр құрамын анықтап, олардың табиғи ортаға бейімделу ерекшеліктерін бақылайды. Әсіресе, шөлді аймақта тіршілік ететін жануарлардың өмір сүру жағдайы ерекше қызығушылық тудырады. Мұнда құлан, қарақұйрық, түлкі, қасқыр шағыл мысығы және әртүрлі құстар кездеседі. Қорық қызметкерлері жыл сайын жануарларға санақ жүргізеді. Бұл жұмыстар арқылы жануарлар санының артуы немесе азаюы анықталады. Егер кейбір жануарлардың саны төмендесе, оларды қорғау шаралары күшейтіледі. Осындай зерттеулер табиғатты тиімді қорғауға мүмкіндік береді.Барсакелмес қорығында климаттық өзгерістер де зерттеледі. Арал теңізінің тартылуы аймақтың табиғатына үлкен әсер етті. Соның салдарынан топырақтың тұздануы күшейіп, шөлдену процесі жүрді. Ғалымдар осы өзгерістердің өсімдіктер мен жануарларға әсерін бақылап, экологиялық қорытындылар жасайды. Қорықта метеорологиялық бақылаулар тұрақты жүргізіледі. Ауа температурасы, желдің бағыты, жауын-шашын мөлшері сияқты көрсеткіштер арнайы құралдар арқылы тіркеледі. Бұл деректер табиғаттағы өзгерістерді ұзақ уақыт бойы салыстырып зерттеуге көмектеседі.Ғылыми қызметкерлер «Табиғат жылнамасы» бағдарламасын жүргізеді. Бұл бағдарламада жыл сайын табиғаттағы маусымдық өзгерістер жазылып отырады. Мысалы, құстардың ұшып келу мерзімі, өсімдіктердің гүлдеуі, жануарлардың көбею кезеңі сияқты мәліметтер тіркеледі. Мұндай ақпараттар болашақ ғылыми зерттеулер үшін өте маңызды.
Қорыта айтқанда, Барсакелмес қорығындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары табиғатты қорғауда үлкен рөл атқарады. Ғалымдардың еңбегі арқылы сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер сақталып, экологиялық мәселелер зерттелуде. Бұл жұмыстар Қазақстан табиғатын болашақ ұрпаққа аман жеткізуге көмектеседі.
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығыРММ-нің
Ғылым,ақпарат,мониторинг және экологиялық ағарту
бөлімінің басшысы Б.Қуандықов










