Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім баспалдағын берік қалаған

Білім баспалдағын берік қалаған

Елін, жерін, Отанын сүйген, әділ, өз сөзіне берік, ар-намысы биік, ауыртпашылық пен жауапкершілікті бірдей көтерген ұстаз – тек білім беруші ғана емес, ол шәкіртінің дүниетанымын қалыптастырушы, оның өмірлік бағытын айқындауда ықпал ететін басты тұлға. Қоғамның рухани, зияткерлік дамуы ең алдымен осындай парасаты мен табанды еңбегіне байланысты. Яғни, әліпбиді танытқан, дүниетанымын кеңейткен, мәдениетті үйреткен – мұғалім. Ал бұл ғылымға ұласқанда, ұстаздықтың мәні де, мәртебесі де артатыны баршаға аян. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі жолында жүрген педагогтерге құрмет көрсетіп, еңбек жолдарын баршаға баян ету азаматтық парызымыз екенін айтып та, жазып та жүрміз. Міне, осындай құрметке лайық ұлағатты ұстаздардың бірегейі "WALS – 2024" халықаралық конференциясының скипері, "Қазақстан мұғалімі – 2024" Ұлттық сыйлығы байқауының Топ-50 финалисті, "Үздік педагог – 2023" байқауының аудандық кезеңінің жеңімпазы атанған. "Алтын белгі" иегерлерінен 5 шәкірт дайындағаны үшін және қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін 3 мәрте Астана қаласына және 2 мәрте Біркөлік шипажайына жолдама алған болатын. Республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың жеңімпазы, бастауыш сыныптардың білім нәрінің іргетасын 34 жыл бойы қалап, қазіргі таңда Ж.Әбдірашеев атындағы №62 мектеп-лицейі мектеп директорының бастауыш сыныптары жөніндегі орынбасары Гүлсара Баймаханова туралы айтпақпын.
Гүлсара Абдулакимқызы Арал ауданында 1972 жылы 18 қазанда дүниеге келген. Әкесі Абдулаким Бисенов пен анасы Батима Есенова Ақбасты елді мекенінің тумалары. Әкесі Ауан балық зауытының есепшісі, анасы сол мекемеде іс жүргізуші болып еңбек еткен. 1967 жылы жас отбасы үлкен әжелерімен Арал қаласына қоныс аударады. Әкесі Абдулаким аға қаладағы «Водоканал» мекемесінде есепші болып, мекеменің әрбір тиынына дейін қажетті орнына жұмсаған, айтары бар ортаға, ағайынға сыйлы білікті маман болған деседі. Анасы Батима сол мекеменің кадр бөлімін басқарып, маман дайындауда сүбелі үлесін қосқан, ошағы оттан түспеген қонақжай, 7 перзентін дүниеге әкелген алтын құрсақты ана болған екен. Гүлсара Абдулакимқызы 1982 жылы №199 орта мектебінде 1 сыныпқа қабылданып, 1989 жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәмедова атындағы педагогикалық училищеге қабылданып, 1992 жылы тәмамдайды. Кейін Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы университетте бастауыш сынып мамандығы бойынша жетілдіріп, жоғары білім алып шығады. 1992 жылдың 1 қыркүйегінде қаладағы №62 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қабылданады. Міне, сол уақыттан бері 34 жыл бойы «Білімнің іргетасы бастауышта қаланады» дегендей абырой биігінен көрінуде.
Ұстаз – өмірде баға жетпес жан, парасаты мен инабаттың мөлдір бұлағы деген бағаға әрқашан лайық. Қандай адам болса да, алдына қойған мақсаты мен мұратына табан ақы, маңдай терімен жететіні анық. Міне, жоғарыда айтқандай, Гүлсара Абдулакимқызының да ұзақ жылдар бойы педагогикалық қызметте атқарған абыройлы еңбек жетістіктерінің санаулысын айта кетсек.
2018 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық ғылыми-практикалық «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында кәсіби шеберлікті арттыру» атты конференциясында қазақ тілі 3 сынып, Алматы «Атамұра» оқулығына негіздеп жасаған бастауыш сынып ұстаздарына арналған әдістемелік құралы талқыланып, білім саласына қосқан үлесі үшін «А.Байтұрсынов» төсбелгісімен және II дәрежелі дипломмен марапатталса, «Үздік жетекші», «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» блиц-турнирінен І орын иегері, «Үздік педагог» олимпиадасының ІІ орыны, «ҚР үздік педагогтерінің ұлттық сыйлығы» атты республикалық байқауының І орыны сынды талай жүлде мен төсбелгі алды.
Әйтеке бабамыздың «Ана сүтін тән үшін табиғат әзірлейді, ал рух сүтін жан үшін ұстаздар әзірлейді» деген ұлағатты сөзіне орай Гүлсара Абдулакимқызының шәкірттеріне рух сүтін әзірлеудегі оқушыларының жетістіктері жайында да айтар әңгіме таусылмақ емес. Республикалық, облыстық, аудандық деңгейде ауыз толтырып айтарлықтай табысқа жеткен. Олар жайлы айтарымыз бір мақалаға сыймайды.
Айтайын дегенім, Гүлсара Абдулакимқызының өзінің және оқушыларының жетістіктерін осы мақалаға толық көрсете білдім деп айта алмаймын. Себебі, оларды толық жинақтаса шағын бір кітапқа жүк болар еді. Гүлсара жар таңдауда да маңдайлы болды. 1992 жылы тектінің тұяғы атанған Әлібек Зиянсызұлымен бас қосып, отау құрды.
Ұлы Абай «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» деген екен. Хәкім Абай айтқандай, Зиянсыз ағаны адал еңбегін сатқан қолөнер шеберінің әулиесі десе жарасады. Олай дейтінім, Зиянсыз ағаның қолынан шыққан туындылар аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Арал теңізінің оралуын «Балықтар көшімен» суреттеп жасаған бұйымын көруге көз керек. Зиянсыз ағамен әріптес болдық. Екеуміз де екі мектепте «Еңбекке баулу» пәнінен дәріс беріп, көп нәрсе үйрене білдік. Ағалы-інілі сыйластығымыз да жарасатын. Ағаның қолынан жасалған ағаш немесе басқа заттардан жасаған бұйымдарынан басқа аң терілерінен ерлерге, қыз-келіншектерге арнап тіккен бас киімдері де асқан шеберлікпен жасалатын. Ағаның шеберлігімен қоса айтар жөн сөзі бар, шежіренің шерін тарқататын, кісілігі мен кішілігі мол ақсақал болатын. Зиянсыз ағаның құдай қосқан қосағы Тәтей Тілеуқабылқызы 7 перзентін дүниеге әкелген, ошағы оттан түспеген, еліне сыйлы, балабақшада аспазшы болып, жас бүлдіршіндердің сүйікті астарын әзірлеген өнерлі, өнегесі көп аяулы ана болған еді.
«Терең өзен алабұлтай ағады, текті жігіт кішілікпен жағады» демекші, Әлібек Зиянсызұлының адамгершілігі, кісілігі, кеңпейілдігі, үлкенге пейілді, кішіге мейірімді, киелі қара шаңырақтың жарқын жақсы істерін жалғастырушысы екенін білетіндер баршылық. Әлібек ініміз қаладағы Руханият мекемесінде адал қызметімен тұрғындар алғысына бөленуде.
Ана – өмірдің өзегі, шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен құдірет иесінің құзырындағы ең ұлы парыз – ұрпақ өрбіту мен өсіру. Яғни, баланы өмірге әкелу бар да, оны өсіру, адам қатарына қосу бар. Жауапкершілігі зор, жүгі ауыр бұл міндет қай заманда да оңай соқпағаны анық. Ананы қанша қастерлеп, ардақтасақ та артық болмайтынын пайғамбарымыздың хадисінде айтылған «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» дегендей, ата өсиетін бойына сіңірген, ана қасиетін көңіліне тоқып өскен Гүлсара Абдулакимқызы осал болсын ба?!
«Жақсы отбасы – бақыттың отаны. Ерлі-зайыптылар жарастығы бақыт ағашы болса, балалары оның жемісі» демекші, осы екі қайнардан қанып ішіп, мейірге шөлдемей өскен ұл-қыздары жарасымын тапқан жайсаң жандар екенін білеміз.
Тұла бойы тұңғышы Бибісара Әлібекқызы 62 мектеп-лицейін «Алтын белгіге» тәмамдап, Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата университетінің филология факультетін қызыл дипломмен бітіріп, білім саласында еңбек етуде. Арайлым Әлібекқызы Қорқыт Ата университетінің су шаруашылығы мамандығын қызыл дипломмен аяқтап, ата жолын қуып, Қазалы ауданында дизайн саласында еңбек етуде. Ерғұлан Әлібекұлы Болашақ жоғары колледжінің «Бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білім алып, жеке кәсіппен айналысуда. Кенжесі Көркем Әлібекқызы Ж. Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Баланың айқай-шуынан, шат күлкісінен артық сазды әуен жоқ» деген екен. Батыр бабамыз айтқандай, немере-шөберелеріңнің қызығына тоймай, киелі шаңырақтың өнеге-үлгілерін жалғастыра беріңдер деген ағалық тілегімді жеткізгім келеді.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері
30 мамыр 2026 ж. 24 0