Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалыққа сапар

Балалыққа сапар

Биыл ұстаздық жолымның бастауында тұрған, мені шынайы ұстаз ретінде қалыптастырған алғашқы сыныбымның мектеп бітіргеніне тура 20 жыл толып отыр. Бұл – мен үшін ғана емес, мектеп тарихы үшін де айрықша мәні бар сәт. Себебі сол бір сынып – әрқайсысы дара, ізденімпаз, білімді, белсенді, ұйымшыл оқушылардан құралған ерекше ұжым еді.
Бүгінде сол шәкірттерім еліміздің әр түкпірінде абыройлы қызмет атқарып жүр. Бірі – басшы, бірі – маман, бірақ барлығы да өз орнын тапқан, қоғамға пайдасын тигізіп отырған азаматтар. Шет қалғаны жоқ, әрқайсысы өмірден өз жолын тауып, биік белестерді бағындыруда.
Осынау мерейлі 20 жылдыққа орай шәкірттерім бас қосуға шешім қабылдап, бірнеше ай бұрын тыңғылықты дайындық жұмыстарын бастады. Жоспарлы түрде ұйымдастырылған бұл ауқымды шараға сыныптың барлық оқушылары белсене атсалысты. Мұндай үлкен істің басында әрдайым мықты ұйымдастырушы болатыны белгілі. Бұл жолы да сол жауапкершілікті аудандық мәслихат депутаты, шәкіртім Еркебұлан Аяғанов өз мойнына алды. Ол ауыл мен қаланың басын біріктіріп, нақты мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында жүйелі жұмыстар жүргізді. Ал қаржы мәселесін білікті финансист Азамат Жұмағалиев кәсіби деңгейде ұйымдастырып, үлкен істің іргесін бекемдеді.
Бес күнге жоспарланған бұл кездесудің әр күні өзіндік мазмұнымен, ерекше әсерімен есте қалды. Алғашқы күн Еркебұланның шаңырағындағы басқосудан бастау алды. Бір-бірін 20 жыл көрмеген сыныптастардың қауышуы сөзбен жеткізгісіз қуанышқа толы сәт болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен асыға жеткен шәкірттерімнің жүзінен сағыныш пен шаттықтың қатар өрілгенін көру мен үшін ерекше бақыт еді. Сол күні мен де шәкірттеріммен бірге қайтадан балалық шаққа оралғандай күй кештім.
Келесі күні ауылдың орталық алаңында өткен би кеші сол дәуірдің әуендерін жаңғыртып, жастық шақтың шынайы сезімдерін қайта тірілткендей әсер қалдырды. Ал одан кейінгі күндері Жарасбек Төлегенов, Нұрбол Ахметов, Айбек Нұрманов, Данияр Дәрібаев сынды азаматтардың ұйымдастыруымен жалғасқан игі шаралар достық пен сыйластықтың айқын көрінісіне айналды.
Сыныптастардың тағы бір әсерлі кездесуі 20 жыл бойы жүздеспеген Гүлзира Жанғазиеваның шаңырағында өтті. Бұл басқосу ерекше сағыныш пен шынайы қуанышқа толы болды.
Ал 25 мамыр күні өткен салтанатты кездесу – осы шараның шарықтау шегі десек қателеспейміз. Ақ көйлек киіп, құшақтары гүлге толы шәкірттерім өздері білім алған мектеп ауласына қайта оралып, бала күнгі парталарына отырды. Сол сәтте уақыт кері айналғандай әсер қалдырды. Алғашқы махаббат, соңғы парта, балалықтың бейқам күлкісі – бәрі-бәрі қайта жаңғырды. Бұл тек кездесу емес, тұтас бір дәуірдің қайта тірілген сәті еді.
Келесі күні табиғат аясында өткен еркін форматтағы басқосу шарасы өзгеше көңіл-күй сыйлады. Әр сәтінен жылылық сезілген бұл күндер менің жан дүниеме ерекше әсер қалдырды. Ал қорытынды сәттер – қимастық пен қоштасуға толы болды. Бұл тек шәкірттерім үшін ғана емес, мен үшін де толқынысқа толы кезең еді.
Осы кездесуден кейін жүрегімде бір ғана сезім қалды – шексіз алғыс пен мақтаныш. Ұстаз үшін ең үлкен бақыт – шәкіртінің жетістігін көру. Мен сол бақытты сезіндім.
Осындай азаматтарды тәрбиелеп, өмір жолына қанат қақтырғаныма шүкіршілік етемін. Ұстаздық жолымды мақтан тұтамын. Себебі менің байлығым – менің шәкірттерім.
Ақбота ТӘҢІРБЕРГЕНОВА,
№177 орта мектебінің мұғалімі
06 маусым 2026 ж. 41 0