Ел алғысы ерекше
Аудандық мәдениет бөлімі (басшысы Б.Махатов) қызметкерлерінің жоғары деңгейде ұйымдастыруымен өткізілген Сағынайдың атындағы жүлде үшін облыстық ақындар мүшәйрасына Қызылорда қаласы мен облыстың барлық аудандарынан ақындар қатысты. Аудандық мәдениет үйінің залында аудандық кітапхана мен мұражай қызметкерлері алдымен Сағынайдың өмірі мен шығармашылығына арналған көрме келушілерді таныстырды.
Сағынайды еске алу кешін аудан әкімінің орынбасары Н. Боқаев ашып, өңірден шыққан белгілі тұлғаларды насихаттау бағытында атқарылып жатқан келелі істермен таныстырып, мұндай шаралар алдағы уақыттары жалғасын табатынын атап өтті. Кеште Сәкең туралы арнайы түсірілген видеоестелік көрсетіліп, Сағынайдың өмір жолы жайында профессор А.Әбілов, журналист, ауданның Құрметті азаматы Е. Әбілов, елдің сүйікті әншісі Базар апамыз сияқты облыс пен ауданның белгілі азаматтары құрмет пен сағынышқа толы ойларымен бөлісті. Сағынайдың өлеңдеріне жазылған әндерді танымал әншілермен бірге немерелері орындап мәдениет үйін лық толтыра отырған қауымның ризашылығына бөленді.
Аудандық "Толқын" газетінде бірнеше рет Сағынай туралы мақалалар жарық көрді. Жергілікті "Арал әлемі" газеті де қызықты естеліктер жазды. Арал қаласына кіре беріс үлкен жолдың бойына Сағынайдың суреті салынған үлкен бильборд тақта орнатылды. Сондай-ақ 7 мамыр күні Шижағадағы мәдениет үйінде ауыл тұрғындарының қатысуымен Сағынайды еске алу шарасы өткізілді.
"Өлі риза болмай, тірі байымайды және байыз таппайды" дегендей, әкеміз Дәріқұл мен шешеміз Балиғаға, олардан тараған марқұм бауырларымыз Сағынайға, Жақсатқа, жездеміз Садуллаға арнап ас беріліп, Хатым жасалып, Құран бағышталды.
Осындай тұрғындардың еңсесін бір көтеріп тастайтын игі шараларды өте жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізген аудан әкімі мен әкімдіктің барлық қызметкерлеріне, қатысып тілектестік білдірген барша қауымға Сағынайдың бауырларының, жұбайының, балаларының атынан шынайы алғысымызды айтамыз. Сонымен бірге Сағынайды еске алу шараларына қатысып, тілектерін білдірген «AMANAT» партиясы Арал аудандық филиалының атқарушы хатшысы Т.Қанатовқа, аудандық "Толқын газетінің" Бас редакторы А.Сайлауовқа ризашылығымыз білдіреміз.
Жеріміз бүтін, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Аудан экономикасының барлық салалары өркендей берсін демекпіз.
Құрметпен, Ерсайын Ешекенов,
Алматы қаласы.










