Араларға ветеринариялық паспорт енгізіледі
Қазақстанда ара шаруашылығымен айналысатын субъектілер үшін ветеринариялық паспорт енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Брифинг барысында журналистер жаңа құжаттың қажеттілігіне күмән келтіріп, ара өнімдерін тұтынудан жаппай ауру тіркелмеген жағдайда мұндай талаптың не үшін енгізіліп отырғанын сұрады.
Вице-министрдің айтуынша, ветеринариялық паспорттың басты мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Ара шаруашылығымен айналысатын барлық субъектілер бойынша ветеринариялық іс-шаралар, профилактикалық жұмыстар мен емдеу шаралары осы құжатта тіркеліп отырады,-деді ол.
Оның сөзінше, егер шаруашылық сырттан жаңа ара отбасыларын әкелетін болса, олар міндетті түрде карантиндік бақылаудан өтуі тиіс.
Сырттан әкелінген аралар 21 күндік карантиннен өтеді. Барлық мәлімет ветеринариялық паспортқа енгізіледі. Яғни бұл құжат аралардың қозғалысын, ветеринариялық жағдайын және жүргізілген профилактикалық жұмыстарды бақылауға мүмкіндік береді,- деді ол.
Министрлік жаңа жүйе омарташылар үшін қосымша қиындық туғызбайтынын атап өтті.
Ветеринариялық паспортты жергілікті жердегі ветеринариялық мамандар береді. Сондықтан кәсіпкерлер үшін айтарлықтай әкімшілік кедергілер туындамайды,- деді ведомство өкілі.
Сондай-ақ ветеринариялық паспорттың енгізілуі ара шаруашылығы саласындағы есепке алу мен ветеринариялық бақылауды жүйелеуге мүмкіндік беретінін айтты.
Фото: baq.kz











