Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдігіміз ескерткішпен еңселі

Елдігіміз ескерткішпен еңселі

Ширек ғасырға жуық журналистік жолында бірнеше аудан басшысымен қызметтес болып, ауданның оң имиджін қалыптастыруға қолдан келгенше жұмыс жасағанымды сарғайған газет тігінділері дәлелдейді. Соның ішінде жаңа ғасырдың бесінші асуы мен үшін ерекше ыстық. Өйткені сол жылы уақытпен үндескен, тарихпен тілдескен «Толқын» газетіне қызметке алынғанмын. Онан бері де қаншама өзен ағып, талай тас мүжілгенін жоғардағы сөз басында атап өттім.
Иә, ол кезде ауданның әкімі Нажмадин Мұсабаев ағамыз. Сөзге шешен, іске бекем жан ел басқарудағы тәжрибесі өзгеге ұқсамайтын-ды. Әсіресе, құрлыс пен идеология саласына айрықша басымдық берді. Қаламмен қоғам қалыптастыруға үлес қосқан үркердей ғана жергілікті шығармашылық қауым қатарында көп нәрсені көңілге түйдік, талай жайтқа қанықтық. Қарт қаратаудан басталған әкімдік қызметті айдынды Аралда аяқтаған ғибратты ғұмыр иесі бабаларды ұлықтауға атсалысып, аудан орталығын ескерткіші көп қалаға айналдырды. Сортаң жерлер гүлге бөленіп, адам көргісіз жерлер әбсәтте кісі қызығарлықтай орындардың қатарына енді.
Қош. Нажмадин Түрікпенұлының өлшеусіз еңбегін қайталап айтудың қажеті жоқ та шығар. Себебі, Қызылорда облысындағы аудан әкімі қызметінен зейнетке шыққан жалғыз тұлға жайында көпшілік жақсы біледі. Осы жерден жоғарыда тілге тиек еткеніміздей елдігіміз ескерткіштермен еңселі екенін тағы бір мәрте жадымызда жаңғыртып, осынау жансыз жәдігерлеріміз хақында сөз сабақтауды жөн деп білдік.
Журналистің жүрмейтін жері аз. Барады, көреді. Жазады, ойдың кенін қазады. Сондай бір жиында тарихи-мәдени мұра объектілерінің құжаттары туралы әңгіме өрбіді. Бұл жерде біреуді кінәлаудан аулақпыз. Жауыннан кейін саңырауқұлақтай қаптаған ескерткіштердің көптігі марқайтатыны рас. Кейде, өзімізді ескерткіштердің отаны саналған Римнің бір шағын ауданында жүргендей сезінетінбіз. Мұның барлығында дерлік Нажмадин ағамыздың іскерлік келбеті, жұмыс қабілеті, бір сөзбен айтқанда қолтаңбасы жатыр. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.
Тақырып аясында мәліметтерге сүйенетініміз бар. Онсыз тілші тайғанақтайды. Ал нақты дерекпен дәйек жеткілікті болса көсіледі. Салғаннан атқарушы органға, соның ішінде жауапты бөлімге хабарластық. Ә дегеннен-ақ қажетті мәліметтер қолға тиді. Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бауыржан Махатовтан сыр суыртпақтадық. Мәдениет салмақты құрылым. Идеологияның басты көзірі саналатын бұл жақта шаруа шаш етектен. Дегенмен де қандай да бір іске жанашырлықпен қарайтын бөлім басшысы сауалымды ертеңге қалдырмады.
– Әңгіменің төркінін түсініп тұрмын. Тарихи-мәдени нысандары төңірегінде баяндасаңыз деп, жазбаша сауал тастапсың. Ендеше, қолда бар құжаттарды төмендегіше тарқатайын, – деп өз ойын былайша сабақтады:
– Қазіргі таңда аудан бойынша жалпы саны елу тарихи-мәдени мұра нысандары тіркелген. Оның ішінде республикалық маңызы бар 1-еу . Сондай-ақ, облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекттік тізімге енгізілгені – 48. Бұлардың барлығы дерлік ескерткіштер мәртебесін беру мақсатында анықталған. Нақтысы есепке алынып, тізімге қосылған. 2025 жылы ауданда 14 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесінде қалдыру немесе тізімнен шығарып тастау жайында тарихи-мәдени сараптама жұмыстары жүргізілді. Аталмыш тексеру барысы қортындысының нәтижесінде 12 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері мемлекеттік тізімнен шығарылып, 2 нысан мемлекттік тізімде қалдырылды. Бүгінгі күнде «Араласар қалашығы» XIV ғ, «Кередері кесенесі» XIV-XV ғ, «Арыстанбаб зираты» IX-XI ғ, «Баспақ кесенесі» XX ғ, «Ақтан батыр және Жанқожа батыр» ескерткіші 2010ж, «З.Шүкіров» ескерткіші 2007ж, «Қазбек» құдығы. Мұның барлығы сараптама жұмыстарынан кейін анықталған жайттар. Жер актсі рәсімделіп, техникалық құжаттары әзірленбегендер қатарында әлі де бірқатар ескерткіштер бар екенін жасыра алмаймыз. Ол үшін жан-жақты зерттеу, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесі келер күннің еншісінде. Мүмкіндігінше өткеннен сыр шертетін құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу үшін жүйелі жұмыстар жалғасын таба бермек.
Рас, елдігіміз ескерткіштерімен еңселі. Бұл пайымға ешкім шүбә келтіре алмайды. Өткенді ұмыту арға сын. Содан да болар қандай ел болсын ең бірінші тарихты түгендейді. Біз де қолдан келгенше солай жасадық. Мұсабаевтың он жылға жуық әкім болған тұсында өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Ақыны ардақталды, бабамен билер бағаланды. Қазіргідей аудандық бюджет тайқазаны толып тұрмаса да, сол кездегі шамаға қарай қарекет жасаған Түрікпенұлының артында қалған тағылымды ісі жаңғырып, ескерткіштер құжаты толық рәсімделсе руханияттың екінші тынысы ашылғанын аңғарғандай болар едік.
Біз тек ой салдық. Атқарушы билік тарапынан қозғалыс күтеміз.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
16 маусым 2026 ж. 22 0