Тоқсан бесінші тұғыр
Құрметті аралдықтар, қадірлі «толқындықтар» және де барша зиялы қауым өкілдері! Сіздерді жағалау жұртының рухани сырласына айналған төл басылымның 95 жылдық мерейлі төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.Өзі бір күндік болғанымен сөзі мың күндік екенін дәлелдеген, яғни уақытпен үндесіп, тарихпен тілдескен газеттің аудан айнасы екені баршаға мәлім. «Жердің киесі бар екенін,сөздің жүйесі бар екенін» ғасырға жуық уақыт бойы дәлелдей алған басылымның сарғайған беттерін парақтағанда кеше мен бүгінді таразылай аласың. Ықылым заманнан бүгінгі ұрпаққа жеткен «Толқынның» жүріп өткен жолы патша көңілді оқырмандардың көз алдында.
Өткен ғасырдың 1930 жылы нақтырақ, тоқталсақ қараша айында ақпарат айдынына желкен керген газет, ақжал толқынмен алысқан балықшылардың төрт түлікті өріске өргізген малшылардың өлшеусіз еңбегін дәріптеп, қоғамға танытты.
Халықтың үні мен құлағы болған үнжария алғашында «Екпінді балықшы» аталып, алғашқы санына филология ғылымының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев қол қойғаны көпке мәлім. Газет әр жылдарда өз бағытынан айнымай жергілікті жұртшылықтың тәрбие құралына айналды. Атағы жаһанға таныс Аралдың әр перзентін отан сүйгіштікке баулып, әр саланың мақтаныштарын көпке паш етті. Араға жылдар салып, «Социалистік Арал», артынша «Толқын» болып тулаған басылым талай таланттың екінші тынысын ашып, жас буынды тәрбиелеудің нағыз үлгісін көрсетті.
«Толқыннан толқын туады». Осы бір қанатты қағиданы шындыққа айналдырған Аралдың айнымас серігі «қазақтың Корчагині» атанған Зейнолла Шүкіровтың ,Қазақстан Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың есімдерін қастер тұтып, үнемі шығармашылықтың шыңынан табылды. Газетті Молдахмет Қаназ,Шөмішбай Сареев, Жақау Дәуренбеков сынды өзге де қаламгерлері өздерінің сүйікті басылымдарына балап, қай кезде де мақтан тұтты. Талай шаңырақ иелерінің жаңалық жаршысы деп асыға күтетін төл газет айдынды өлкенің қашанда жақсылығын жарыса жазып, жетістіктерін мақтанышпен жеткізді. Ауылшаруашылық, кәсіпкерлік, денсаулық, білім, мәдениет салаларындағы серпінді істерді, баянды бастамаларды, жарқын жобаларды аудан халқына дер кезінде жеткізе білген газет қай кезде де Аралдың жоқтаушысына айналып, теңіз деп күрсінді, теңіз деп толғанды.
Жаңа ғасыр, жаңа леп. Тоқсанның бесінші тұғырына табан тіреген «Толқын» заман ағысынан қалыс қалған жоқ. Қазіргі таңдағы интернет дәуіріне ілескен, «Толқын» әлеуметтік желідегі мыңдаған оқырманымен де мақтанатын дәрежеге жетті.
Иә, газеттің әр санынан қажырлы еңбекті көресің. Бүгінде, ақсақалдық жастың асуына иек артқан аудан шежіресі ұрпақтан – ұрпаққа жасап, үлкен – кішінің рухани қолдаушысы бола беретіні анық. Әрдайым осы биіктен көрініп, бейнелі сөзбен әдебиет көгінде жарқырай түсіңдер «толқындықтар»!
Ізгі ниетпен Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,
Арал ауданының әкімі










