Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Толқынның» 90 жылдығы табыспен түйінделді

«Толқынның» 90 жылдығы табыспен түйінделді

Әне-міне дегенше бір жылды артқа тастадық. Жылдар жігінде ақ тілектің тиегін ағытып, тышқан жылы табысты болғай деген ниетпен келер күнге сеніммен қарадық. Міне, содан бері де бір күнтізбе түгесіліпті.
Өткен жылға өкпе жоқ. Жылдар жігінде қолдан келгенше көптің көкейіндегі ойларды ойлы қауымның назарына салдық. Рас, әлемді әбігерге салған пандемия талайларға тырнағын батырды. Оны да айттық, жаздық, көрсеттік. Күллі дүниені абдыратқан індет Қазақстанды да айналып өтпеді. Оның ішінде облысымыз бен ауданымызға да өз салқынын тигізді. Қалай дегенмен, бір есік жабылса, екінші есік ашылады емес пе?! Аудан басшысының іскер болмысы осы ретте де тағы бір мәрте айқын аңғарылды. Кәсіпкерлік саласынан ірең қашқан кезде тығырықтан шығудың жаңа жолдарын іздеп, қай саланың да жұмысын ақсатпауға барын салды. Соның нәтижесінде басқа да игі істер қолға алынып, баянды бастамаларға ұйытқы болды.
Иә, мұның бәрі республикалық, облыстық телеарналар мен осы деңгейдегі мерзімді басылымдарда халық назарына ұсынылғанын патша көңілді оқырман, сіз де жақсы білесіз. Жалпы, биылғы жыл ұлы Абайдың 175 жылдығымен тұспа-тұс келді. Оған қоса Президент Жарлығымен еріктілер жылы салтанат құрды. Сондай-ақ сіз қолыңызға алып отырған Арал аудандық «Толқын» газетінің 90 жылдық мерейтойы өз дәрежесінде аталып өтілді. Жалпы, уақытпен үндескен, тарихпен тілдескен аудан айнасының көптен күткен қуанышы кең көлемде аталып өту керек еді. Алайда, ел басына түскен ауыртпалық бұл ойымыздың іске асуына үлкен тұсау салды. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тәмсіл бар. «Толқын» газетінің 90 жылдығы түйінделген тұста аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың бұқаралық ақпарат құралына деген оң көзқарасын тілге тиек еткенім жөн деп санаймын.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, газет мерейтойына байланысты сол кезде әкімдік қабылдауына кірген сәттегі бір сөз жадымда қалды. Яғни, Мұхтар Әуесұлының: –«Толқынның» тойы – ауданның тойы. Талай қаламгерлердің қолтаңбасы қалған басылымның айтулы жылын кең көлемде атап өтіп, республикадағы, облыстағы газетте қолтаңбасы қалған жайсаң жандардың басын қосқымыз-ақ келген. Бірақ өзің білесің, жағдай осындай, – деп өз пайымын білдірген-ді. Бәрі түсінікті нәрсе. Кеуіл түзу. Қолдау бар. Соның нәтижесінде қазақтың классик жазушысы, әлем мойындаған тұлға Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы әдебиет үйінде шымылдық түрген шарамыз кешегі және бүгінгі буынның мерейін тасытты. Ардагерлер бұрынғы әріптестерімен жүздесіп, бір-біріне жақсылық тілесті. Сый-сияпаттарын алып, балаша шаттанды. Естелік суретке түсіп, біз «толқындықпыз» деп мақтанды.
Сөз ретінде айта кетейік, сол бір естен кетпес басқосуда әсерлі естеліктер шертіліп, жанға жылы лебіздер жеткізілді. Жүректерден шыққан әрбір ақ пейілге қабыл етсін дестік. Газеттің мерейтойына арналған әнұран іспеттес жаңа әннің тұсауы кесіліп, үлкен сахнаға жол тартты. Осынау құнды дүниенің сөзін ақын Ерғали Абдуллаев жазса, әнін белгілі сазгер Октябрь Ізбанов шығарды. Сол шуақты шарада «Сыр медиа» ЖШС Бас директоры Аманжол Оңғарбаев құрметті қонағымыз болып, бірқатар қызметкерге Алғыс хатын табыс етті.
Хош. «Толқынның» 90 жылдық мерейтойы табыспен түйінделді. Облыстық, аудандық мәслихат депутаттары және зиялы қауым өкілдері мен жанашыр жандар басылым тойына айрықша қолдау көрсетті.
Құрметті оқырман бізді таңдағандарыңыз үшін, рухани әрі ақылшы сырласымыз деп білгендеріңіз үшін сіздерге ризашылығымыз шексіз. «Толқынның» үні – барлық аралдықтың да үні. Міне, айқара есік ашқалы тұрған 2021 – сиыр жылы аудан үшін жағымды жаңалығымен ерекшеленсін. Лайым, аудан имиджін көтеретін серпінді істер тоқтаусыз жүзеге асып, жүйелі бастамалар ел игілігіне жарай берсін!
Абай Елешов,
Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы
31 желтоқсан 2020 ж. 402 0