Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жүрегі жұмсақ, жаны жайсаң жан аға

Жүрегі жұмсақ, жаны жайсаң жан аға

Шығармашылық адамының бәрі дерлік таза еңбекпен, қабылет-қарымымен осы күнге жеткен. Олар бәзбіреулердей қулық-сұмдықты білмейді. Құлқынның қамын күйттемейді. Оңай олжа іздемейді. Саналы ғұмырын тек руханият саласының көкжиегін кеңейтуге арнаған азамат-азаматшалар әлгі бір ауыздан-ауызға тараған "Жақсы адамдарым" атты әніндегідей өмірін өнегелі істерімен өрнектейді. Адалдықты ту еткен осындай жайсаңдармен аралдықтар мақтанады. Солардың бірі де бірегейі – Жұмабай Жақып-тұғын.
Үстіміздегі жылы сексеннің көжесін ішкен ағамыз туралы мақала жазар алдында тақырыпты не деп қойсам екен деп мың ойланып, мың толғандым. Өйткені, оның бойында тек қаламгерлік қасиет қана емес ақындық, күйшілік өнерде бар. Қазақ "сегіз қырлы бір сырлы" деп дәл осындай кісілерге арнап айтса керек. Бас тақырыпта көрсеткенімдей жүрегі жұмсақ, жаны жайсаң ағамен таныстығым жаңа ғасырдың алғашқы бес жылдығында орын алды. Есіміне мерзімді басылымдар мен журналдардан құлағдар болғаныммен жақынырақ таныстығым жоқ еді.
Жастық шақтың қызығына елтіп жүрген кезім. Ел аудан айнасына балайтын "Толқын" газетіне сол басылымның белді қызметкері, айтулы ақын Толыбай Абылаев шақырды. Жүрегім өзімде жоқ. Көңілім алабұртып, асыға жеттім. Ауылдың баласымын. Бәрі таңсық. Үш ұйықтасам түсіме кірмеген редакцияны айналшықтап біраз жүрдім. Тәуекел деп өзімді қайрап қоямын. Бір тылсым күш "Толқыннан" бақыт табарсың" дейтін сияқты...
Редакция басшысы қандай адам екен деген ой санамды сан-саққа жүкіртіп, ақырында табалдырықтан аттадым. Тілшілер қосыны, яңни «Толқын» редакциясы №220 мектептің маңында екен. Ұзын зал. Газет шығару процесі жүріп жатқаны анық байқалады. Бас редактордың бөлмесінің алдында отырған егде жастағы хатшы Болған Жұбатханова апай "кіре бер" деп ишарат білдірді.
Көзілдірігін түсіре киген Жұмабай аға газет ақтарып тұр. Өзімді таныстырып жатырмын.
– Әлгі, Толыбай ақын айтқан баласың ба? – деді.
– Иә, сол кісі жолығып кет деген соң, келіп отыр едім, – дедім қипақтап.
"Адам сөйлескеше, жылқы кісінескенше" емес пе? Сүт пісірім уақыт әңгіме-дүкен құрдық. Биязы мінезді басшы бірден баурап әкетті. Қуанышым қойныма сыймай сыртқа шаттанып шықтым.
Міне, сонан бері Жұмабай көкемнің ізіне ерген інісімін. Журналистикадағы жетістіктерінің барлығында да тілеулес болдым. Жұмыссыз жүрген кезде қолдау көрсеткен ағаның қамқорлығын көп көргенімді қай кезде де айтып жүремін. Жақсының жақсылығын айтқан елміз ғой Жақсылықұлының көркем мінезі, шешен сөзі мен сияқты бозбалаға бағдаршамға айналды. Аспайтын-саспайтын ағаның ешкімге ұқсамайтын болмысы, қарапайымдылығы мені ғана емес, көпті өзіне тартты.
"Толқын" газетінің бас редакторы болып тұрған кезде "барғаның бізге жақсы, жазғаның өзіңе жақсы" деп отқа да, суға да салатын. Газет қазанында қайнатып, сан-саладағы мәселелерді қамтуыма тапсырма беретін. Онан жаман болған жоқпын. Ел көрдім, жер көрдім. Нәтижесінде қалам ұшымен қоғам қалыптастырған аудандағы үркердей шығармашылық құрамның бір мүшесіне айналдым. Сөзі дуалы Жұмабай Жақып "шыққан номер, өткен өмір" деп әрбір газеттен кейін ақыл-кеңесін айтып, көп нәрсені көңілге жаттатты.
Өзі зейнетке шықса да қаламы зейнетке шықпаған ағаның асқан асуы, бағындырған белесі кісі қызығарлықтай. Үнемі ізденісте жүреді. Жортып жүреді. Түйткілдерді көңілге тоқып жүреді. Руханият саласының жалауын желбіретіп, көптің қадірлісіне айналған ғибратты ғұмыр иесі үстіміздегі жылы облыста "Мерейлі отбасының" иегері атанды. Бұдан бөлек осы жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүше боп, бірнеше кітапты жарыққа шығарды. Қасиетті қара домбыраны қолға алып, күй күмбірлеткенде бұл кісіге тамсанбайтын жан кемде кем. Ал, өлең оқығанда ше, қандай аудиторияны да сілтідей тындырады. Бұл ойлы оқырманның, патша көңілді көрерменнің мерейтой иесіне деген құрметінің бір парасы еді.
Иә, Жұмабай ағам салған сара жолмен мен де жүрдім. Ауданның сүйікті басылымы «Толқын» газетінде тілшілік қызметтен бас редакторлық лауазымға дейін көтерілдім. Әлі де 95 жылдық тарихы бар, уақытпен үндескен басылымда бас редактордың орынбасары болып еңбек етіп келемін. Өткенді зерделеп, кешегімді екшесем журналистика саласындағы Жұмабай ағаның маған деген еңбегі өлшеусіз. Бірінші Алла, сонан соң осы кісі менің шығармашылығымды шыңдап, қабілетімді алыстан таныды.
Аудан әкімі жыл басында шығармашылықтың шыңына шыққан жандарды кеңінен насихаттауға басымдық бергені көпке мәлім. Соның ішінде өзіміздің ақылшы ағамыз Жұмабай Жақыптың да мерейтойы тізімде бар екені ізбасарлары мен кейінгі буынды шаттандырды.
Өлең өлкесінде де, өнер өлкесінде де еркін жүзіп, қалам мен домбыраны қатар ұстаған ағамызға зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр тілейміз. Шәкірат ақсақалдай сіз де Аралдың абызы атанып, Мариям апамыз екеуіңіз бақыттың базарында, өздеріңіздің ізашарларыңыз, сүйікті ұрпақтың көз алдында аман жүре бері­ңіздер!
Қамқорлығың жаңғырып тұр санада,
Елің қанық өнеріңе, бағаңа.
Күйші, ақын, қаламгерім өзіңіз,
Жамбыл жасын еңсеріңіз, Жұм-аға!
А. ЖАЙШЫЛЫҚҰЛЫ
01 қараша 2025 ж. 198 0