Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әріптеске арналған кеш

Әріптеске арналған кеш

Ақынға арналған кеш
Інім-ау, сенбе өсекке,
Досымын әлі мен жастың.
Боламын ұзақ есепте,
Көбіңмен әлі сырласпын.
Қуаныш маған әрқашан,
Сәтімен шыққан өлеңің.
Өзіме сеніп жазбасам,
Жазар деп саған сенемін.
Белгілі қазақ ақыны, драматург Әбділда Тәжібаевтың дәл осы өлеңі барша жас ақындардың жүрегіне жақын, жігеріне от, көңіліне шабыт, жырына жарық беретін туынды. Бүгінде осы жырды жаттап өскен ақындардың бір буыны жастықты артқа тастап, жалпыға арнап өлең жазар, жырмен ой салар жасқа келді.
Міне солардың бірі Жазушылар одағының мүшесі, аудандық "Толқын" газетінің бас редакторы, ақын, жыр жинағының авторы Абай Елешовтың шығармашылық жолы баршаға таныс. Жыр жүйрігінің өнері мен шығармашылық жолына құрмет ретінде аудандық З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік ақынның шығармашылық кешін ұйымдастырды.
Иә, белді қаламгер, белгілі поэзияның өкіліне арналған шараға түрлі өнердің тиегін ұстаған өнерпаздар мен алдыңғы буын шығармашылық өкілдері, тіл жанашырлары және шығармашылық бірлестіктің жас өкілдері түгелдей қатысты.
Қазақстанның енбегі сіңген қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, ҚР мәдинет қайраткері, күйші-композитор, ақын-жырау Мұрат Сыдықовтың Абай Жайшылықұлына арнаған арнау өлеңінен басталған шарада кеш кейіпкерінің өнердегі, өмірдегі, қызметтегі жолы кеңінен насихатталып, қаламдастары, алғаш өлең өлкесіне келген сәтте ұстаздық, ағалық еткен ілгері буын өкілдері естелік әңгімелер айтты. Аралдықтар үшйін мәдениеттің анасы атанған Базар Қостаева да жүрекжарды лебізін білдіріп, аналық батасын берді.
Иә, шарада жыр да айтылды, өлең де оқылды, күй де шертілді. Жиналған жандардың көңілін толқытқан шараның ең бір қызған сәті А.Елешовтің көпшілік алдында өлең оқып, алғысын айтқан сәті болды. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев "Поэзия махаббаттан басталып, парасаттылықпен аяқталуы керек" дегеніндей түрлі тақырыпта өрілген шығармалар баршаның шаттығын еселеп, өнер қонған кеуделерді шабытқа толтырды.
О. ЖОЛДАСОВ


13 шілде 2024 ж. 277 0