Отбасының тірегі
Қазақ халқы қашанда отбасы құндылығын жоғары бағалаған. «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген даналық сөздің өзінде отбасы мүшелерінің қоғамдағы және өмірдегі орны айқын көрсетілген. Әсіресе, әкенің отбасындағы рөлі ерекше. Ол тек шаңырақтың асыраушысы ғана емес, бала тәрбиесіндегі бағыт беруші, тәртіптің сақшысы, өнегенің үлгісі.Бірде жолдасы өмірден ерте қайтқан жалғызбасты ана туралы әсерлі әңгіме естіген едім. Ол әйел балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп өсіреді. Әкелері өмірден өткен кезде балалары тым кішкентай болғандықтан, олардың әке бейнесі де саналарында толық қалыптасып үлгермеген екен. Сонда анасы балаларының жүрегінде әкеге деген құрмет жоғалмасын деп ерекше тәсіл ойлап тауыпты.
Марқұм күйеуінің күртешесін үйдің төріне іліп қояды екен. Оның қалтасына үнемі ақша салып қоятын көрінеді. Балаларына ақша қажет болып қалса:
– Балам, барыңдар да әкелеріңнің қалтасынан ала қойыңдар, – дейді екен.
Балалар әкесінің өмірде жоқ екенін түсінсе де, оның қамқорлығы мен мейірімін сезініп өседі. Ең бастысы, олардың санасында әке әрдайым биік тұлға болып қалыптасады. Бұл оқиға ананың даналығын ғана емес, әкенің отбасындағы орнының қаншалықты маңызды екенін де көрсетеді. Тіпті өмірден өткен адамның өзі баласының жүрегінде тірі қалуы үшін ана оның қадірін сақтап қалған.
Шынында да, әке – отбасының тірегі. Ол баланың өмірге деген көзқарасының қалыптасуына тікелей әсер етеді. Бала әкесіне қарап ер жетеді, оның мінезін, сөйлеген сөзін, іс-әрекетін үлгі тұтады. Ұл бала әкесінен жауапкершілік пен батылдықты үйренсе, қыз бала әкесінен сыйластық пен құрметтің қандай болатынын сезінеді. Сондықтан әкенің әрбір әрекеті бала тәрбиесінде үлкен рөл атқарады.
Қазіргі қоғамда әкенің міндеті тек отбасының материалдық жағдайын қамтамасыз етумен шектелмеуі тиіс. Баламен сөйлесу, оның ішкі жан дүниесін түсіну, қуанышы мен уайымына ортақтасу да әкелік міндеттің маңызды бөлігі. Кейде балаларға қымбат сыйлықтан гөрі әкенің жылы сөзі, бірге өткізген уақыты әлдеқайда қымбат болуы мүмкін.
Зерттеулер де әке тәрбиесін көріп өскен балалардың өзіне деген сенімі жоғары болатынын көрсетеді. Олар өмірлік қиындықтарды еңсеруде табандылық танытып, қоғамдық ортада белсенді болады. Өйткені әкенің қолдауы балаға күш береді, болашаққа сеніммен қарауға үйретеді.
Қазақ қоғамында әкенің беделі әрдайым жоғары болған. Бұрынғы ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Әке баласына тек кәсіп үйретіп қана қоймай, адамгершілік қасиеттерді де бойына сіңірген. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген мақалдың мәні де осында. Отбасындағы әкенің өнегесі келешек ұрпақтың тәрбиесіне әсер етеді.
Бүгінгі таңда қоғамда отбасы институтын нығайту мәселесі жиі қозғалады. Осы тұрғыдан алғанда, әкенің рөлін арттыру аса маңызды. Баласының өміріне белсенді араласатын, оның тәрбиесіне көңіл бөлетін әкелер көбейсе, қоғам да берік болмақ. Себебі мықты отбасы – мықты мемлекеттің негізі.
Әке – қорған, әке – қамқоршы, әке – бағыт беруші. Кейде оның еңбегі күнделікті тіршілікте байқалмай қалуы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе әрбір адам әкенің ақылы мен тәрбиесінің қаншалықты құнды болғанын түсінеді. Әкенің бір ауыз сөзі, бір әрекеті баланың бүкіл өміріне әсер етуі мүмкін.
Сондықтан әрбір отбасында әкенің қадірін білу, оның еңбегін бағалау маңызды. Әкені құрметтеу – ұлттық құндылықтарды құрметтеу деген сөз. Ал бала жүрегінде әке бейнесінің биік болуы – оның болашақта саналы, жауапты азамат болып қалыптасуының кепілі.
Иә, әке – отбасының ғана емес, тұтас қоғамның тірегі. Оның тәрбиесі мен өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, елдің ертеңін қалыптастырады. Сондықтан әкенің отбасындағы рөлін бағалау, оның беделін арттыру және әке тәрбиесінің маңызын ұғындыру – бәрімізге ортақ міндет.
Онталап ЖОЛДАСОВ









