Тарихтың алғашқы авторлары
Қазіргі таңда ақпарат қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Күн сайын әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан жаңалықтар мен оқиғалар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жетіп отырады. Сондықтан журналист мамандығының қоғамдағы орны ерекше. Журналист тек ақпарат таратушы ғана емес, ол – халық пен билік арасындағы алтын көпір, қоғамның үнін жеткізуші, шындықтың жаршысы.Ақпарат ғасырында журналистке артылар жүк жеңіл емес. Әсіресе, әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы ақпарат тарату жылдамдығын арттырғанымен, жалған мәліметтердің де көбеюіне себеп болды. Осындай кезеңде журналистің басты міндеті – ақпараттың шынайылығын тексеріп, оны халыққа дұрыс жеткізу. Өйткені бір ғана қате ақпарат мыңдаған адамның пікіріне әсер етуі мүмкін.
Мәселен төмендегідей оқиғалар расында қоғамды дүрбелеңге салғанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Жалған ақпарат соқтырған жар
Қате ақпараттың қоғамға әсерін көрсететін ең танымал мысалдардың бірі – 1938 жылы АҚШ-та болған оқиға. 30 қазан күні режиссер әрі актер Орсон Уэллс радиодан ағылшын жазушысы Герберт Уэллстің «Әлемдер соғысы» шығармасын радиоқойылым ретінде ұсынды. Бағдарлама жаңалықтар шығарылымы стилінде жүргізілгендіктен, көптеген тыңдарман оны шынайы хабар деп қабылдады. Радиодан «Марс тұрғындары Жерге шабуыл жасап жатыр» деген ақпарат тараған соң, мыңдаған адам үйлерін тастап кетуге тырысып, полиция бөлімшелері мен редакцияларға қоңырау шалған. Кейін бұл хабардың көркем қойылым екені анықталғанымен, оқиға ақпараттың адамдар санасына қаншалықты ықпал ететінін көрсетті.
Бұл әрідегі жағдай. Ал бәріміздің көзіміз көрген мына жағдай да жаһан жұртының жайпалуына себеп болды емес пе?! Нақтырақ 2020 жылы әлемді жайлаған COVID-19 пандемиясы кезінде де жалған ақпараттың салдарынан әлеуметтік желілерде вирустың қолдан жасалғаны, белгілі бір тағамдардың немесе дәрілердің ауруды толық емдейтіні туралы негізсіз ақпараттар кеңінен тарады. Кейбір адамдар медициналық мамандардың кеңесін елемей, дәлелденбеген ем-дом тәсілдеріне жүгінді. Сарапшылар мұндай ақпараттардың вакцинаға деген сенімсіздікті күшейтіп, қоғамдық денсаулық сақтау шараларына кедергі келтіргенін атап өтті.
Ал соңғы жылдары әлемнің көптеген елдерінде әлеуметтік желілер арқылы тараған жалған хабарлар қоғамдық тәртіпке де әсер етті. Кейбір мемлекеттерде банктердің жабылатыны, белгілі бір өнімдердің тапшы болатыны немесе төтенше жағдай жарияланатыны туралы қауесеттер халық арасында дүрбелең туғызған. Нәтижесінде адамдар жаппай сауда орындарына ағылып, банкоматтардан ақша шешуге тырысқан жағдайлар кездескен.
Басылымнан бітімге
Мұнымен қатар тарих соғысты тоқтатқан журналистер жайлы да деректерге бай. Расында соғыс кезінде ең бірінші зардап шегетін нәрсенің бірі – ақиқат. Әр тарап өз ұстанымын дұрыс көрсетуге тырысады. Осындай сәтте журналистер оқиға орнынан нақты мәлімет жеткізіп, шынайы жағдайды көрсетуге ұмтылады.
ХХ ғасырдағы Вьетнам соғысы журналистиканың қоғамға ықпалын айқын көрсетті. Майдан даласынан жарияланған репортаждар мен фотосуреттер бейбіт тұрғындардың ауыр жағдайын әлемге паш етті. Соның нәтижесінде соғысқа қарсы қоғамдық қозғалыстар күшейіп, билікке қысым артты. Тарихшылар мұны АҚШ-тың соғысқа қатысты саясатын қайта қарауына әсер еткен факторлардың бірі ретінде бағалайды.
Қазіргі әлемде «бейбітшілік журналистикасы» ұғымы кеңінен таралған. Бұл бағыттағы журналистер қақтығыстың өзін ғана емес, оның себептерін, салдарын және шешу жолдарын көрсетуге тырысады. Мұндай материалдар халық арасында өшпенділік емес, түсіністік қалыптастыруға ықпал етеді.
Бейбітшілік журналистикасының басты мақсаты – қарсы тараптарды жау ретінде емес, мәселені шешуге мүдделі адамдар ретінде көрсету. Өйткені ақпарат құралдары қоғамдық сананың қалыптасуына тікелей әсер етеді. Мәселен қазақ журналистикасының тарихына көз жүгіртсек, XX ғасырдың басында қазақ баспасөзінің негізін қалаушылардың бірі болған Ахмет Байтұрсынұлы халықты білімге, бірлікке шақырды. Ол шығарған «Қазақ» газеті ұлттың саяси санасының оянуына үлкен ықпал етті.
Ал біздің миссия бұрынғыдан әлдеқайда жылдам ақпарат арнасын саралау. Әлеуметтік желілер арқылы тараған жалған ақпарат қоғамда дүрбелең туғызуы мүмкін екенін ескере отырып, оның шынайылығын тексеретін маман болуы тиіс. Әсіресе халықаралық қақтығыстар, қоғамдық пікірталастар мен әлеуметтік мәселелер кезінде журналистің әрбір сөзі маңызды.
Иә, 1970 жылдары норвегиялық ғалым әрі бейбітшілік зерттеушісі Йохан Галтунг «бейбітшілік журналистикасы» ұғымын ұсынды. Оның мақсаты – тек қақтығыстың өзін ғана емес, оның себептерін, шешу жолдарын және келісімге бастайтын мүмкіндіктерді көрсету еді. Журналистерді «тарихтың алғашқы авторлары» деуі де осында.
Рас, журналистің басты қаруы – қалам, басты мақсаты – ақиқат. Ал ақиқат салтанат құрған жерде бейбітшілік пен тұрақтылықтың да орны берік болады.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










