Жаңа заң аясындағы ауқымды міндеттер талқыланды
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтіп, бірақатар мәселелер пысықталды.Жиында алдымен Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған жаңа Конституцияның заңды күшіне енуіне байланысты атқарылатын жұмыстар кеңінен талқыланды.

Аудан әкімі жаңа Конституцияның ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын стратегиялық құжат екенін атап өтіп, оның негізгі қағидаттары мен енгізілген өзгерістерді тұрғындарға жан-жақты түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жаңа Ата Заңның маңызы мен мазмұнын кеңінен насихаттаудың қажеттілігіне тоқталды.
– Бүгіннен бастап ел өмірінде айтулы өзгерістер бастау алады. Конституциядағы түзетулер саяси жүйеге, мемлекеттік басқаруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, экономикаға және мемлекеттік құрылымның негізгі қағидаттарына оң әсерін берері сөзсіз. Жаңа конституция Преамбуладан, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Жалпы алғанда, Конституцияның 77 бабына түзетулер енгізіліп, негізгі мәтіннің 84 пайызы жаңартылған. Бұл – Ата Заңды түбегейлі жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформа екенін көрсетеді, – аудан әкімі.
Мәжілісте «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру, құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында аудан көлемінде кең ауқымды жұмыстар ұйымдастыру мәселелері де қаралды. Жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
– «Заң мен тәртіп» қағидаты – жаңа Конституция мен саяси реформалардың басты іргетасы. Ол мемлекет пен қоғам дамуының қауіпсіздігін, әділеттілікті және адам құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз қорғалуын қамтамасыз ететін негізгі құндылық ретінде бекітілді. Әрбір өркениетті мемлекеттің негізінде құқық үстемдігі жатыр. Бұл – мемлекеттің тұрақты дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына, қоғамда әділдік пен тәртіптің орнауына кепіл болатын басты қағидат, – деді Аманжол Сақыпұлы.
Сонымен қатар облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте қаралған 2026–2027 жылғы жылу беру маусымына дайындық мәселесі де пысықталды.
Аудан әкімі жауапты сала басшыларына келесі аптада осы бағыттағы жұмыстарды тағы бір мәрте пысықтап, барлық дайындық жұмыстарын жан-жақты саралап, тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Жиын соңында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы берілген тапсырмалардың сапалы әрі мерзімінде орындалуы тұрақты бақылауда болатынын айтып, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларына жұмысты жандандыруды тапсырды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі











