Астана мен Арал
Аралдың аты қай кезден де жаһанға мәлім. Тарихы талайдың жадында жатталған теңізді өлкедегі тіршілік жайлы жалпақ жұрт жақсы біледі. Бір кездері бір елді аштықтан арашалаған мекеннің балықшыларына, халқына деген құрмет таңбалы тарихта алтын әріппен жазылып қалғаны жасырын емес. Оны ұлықтау, бағасын асыру бүкіл дүние жүзінің дүйім бұқарасына таныс.
Міне, осындай теңізінің байлығы елден асқан, шекарадан шалғайдағы жұрттың өзіне жаны қысылғанда жәрдемші болған Аралдың тағдыры қиындап, экологиялық апат аймағына айналғаны мәлім. Бұл әлем халқын елең еткізіп, ерекше назарға ілінді. Бұл ретте тәуелсіз мемлекетіміздің өзі көптеген бағдарламаларды жүзеге асырып, соның нәтижесінде Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қала алды. Бұл жайында басылымда жиі ақпарат таратып, жұртшылықты жағымды жаңалықпен қуантып келеміз. Ал бүгінгі айтпағымыз бөлек дүние.
6 шілде – Астана күні. Ең жас астаналардың бірі саналатын еліміздің бас қаласы қазір қарышты даму үстінде. ЭКСПО халықаралық көрмесін қабылдаған сәулетті қаланың төрінен Аралдың атауына байланысты қос бірдей көшенің орын алуы біз үшін үлкен мақтаныш десек артық болмас. Бұрынғы №5 қысқа көше аталған Астананың оңтүстік-шығыс тұрғын алабына Арал орамы атауы берілсе, елордада Көкарал көшесін де жолықтыруға болады. Абылай хан даңғылынан басталып, М.Төлебаев көшесінен аяқталатын Арал орамының ұзындығы 408,2 метр болса, Көкарал көшесінің ұзындығы бір жарым шақырымнан асады. Ол М.Төлебаев көшесінен басталып, Шарбақты көшесінен түгесіледі. Бәйшешек, Б.Серікбаев, Шалгөде көшелерімен қиылысатын бұл көшенің бұрынғы атауы Геологический көшесі болған.

«Мен Астанада тұрамын»
Қала статусына ие Арал мен еліміздің бас қаласын байланыстыратын тағы бір дерек бар. Сарыарқа төріндегі сәулетті шаһар, еліміздің орталығы, тәуелсіз Қазақстанның астанасы Астананың атауы аудан орталығының дәл ортасында менмұндалап тұр. Оған қатысты ұжымдасымыз С.Ибрашев әзіл-шыны аралас «Мен Астанада тұрамын» дейді. Сөзінің жаны бар. Кейіпкеріміз Арал қаласындағы Астана көшесінің тұрғыны.
Айтулы мереке бұл отбасы үшін тағы бір жаңалықпен ерекшеленеді. Себебі әрбір шаңырақтың шаттығына баланатын бүлдіршін, биыл мектеп табалдырығын аттап, 1 сыныпқа қабылданғалы отырған Айлин Сайн дәл осы күні дүние есігін ашқан.
Бірде үйіне бардық. Айлин Сұлтанқызы әкесінің әзіл аралас ақиқат сөзін айна қатесіз қайталап, «Мен Астанада тұрамын» деп күлкіге қарық қылды. Қызыға әрі қуана айтқан осы бүлдіршіннің бал тіліне сүйсініп, балақайға келешегі күн санап дамып келе жатқан сәулетті қаланың бақытындай бақ, есімі әлемге әйгілі болардай абырой тіледік.
Иә, орталықтағы бұрынғы Школьная көшесіне Астана атауы берілгеніне көп уақыт болмады. Қаланың ең көрікті тұстарының бірі орталық алаңға бастайтын көшеде бүгінде 30-дан аса тұрғын үйлер мен мекеме ғимараттары бар. Қаланың ажарын аша түсіп, күн сайын сәулетіне салтанат қосып келе жатқан қаламыздың да елордадай еңсесі биік болсын дейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ











