Бала жүректен басталған өнер жолы
Кейде адам бойындағы өнер ешкім үйретпей-ақ, табиғаттың өзі сыйлаған қасиет ретінде ерте байқалады. Әсіресе, бүлдіршіннің ән естісе елең етіп, әуенге елтіп, сөзін толық айта алмаса да ыңылдап қосылуы – оның бойындағы дарынның алғашқы нышаны. Осындай ерекше қабілетімен айналасын таңғалдырған бүлдіршіндердің бірі – Кәусар Ертайқызы.2021 жылдың 28 тамызында дүниеге келген Кәусардың өнерге қызығушылығы өте ерте оянған. Бір жарым жасынан бастап құлағына сіңген әндерді өз бетінше айтып, сөздерін анық айта алмаса да, әуенін дәл келтіріп орындауға талпынған. Оның бұл қылығы алғашында ата-анасын таңғалдырса, уақыт өте келе табиғи қабілетінің айқын белгісі екеніне көздері жетті.
Тіпті Қазақстанның Көк Туын көрген сайын ол орнынан тұрып, оң қолын жүрегіне қойып, Мемлекеттік Әнұранды айтуға ұмтылады. Бұл оның музыкаға да, ұлттық құндылықтарға да ерекше ықыласын танытты.
Кәусар бір жыл балабақшаға барған, қазір үй тәрбиесінде. Соған қарамастан шығармашылыққа деген қызығушылығы күн сайын артып келеді. Оның сүйіп тыңдайтын әншілері – Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова мен әнші Наркенже Серікбаева. Тыңдап қана қоймай, олардың бірнеше әнін жатқа орындап жүр. Кішкентай өнерпаздың үлкен арманы –Алматыға барып, сүйікті әншісі Мақпал Жүнісовамен жүздесу.
Өнерге деген ықыласы түрлі шығармашылық жарыста нәтижесін көрсетіп келеді. Кәусар балаларға арналған онлайн байқауларға тұрақты қатысып, жүлделі орындар иеленді. «Шабыт.kz» орталығы ұйымдастырған «Шабыт жұлдызы – 2025» республикалық байқауында «Эстрадалық вокал» жанры бойынша І дәрежелі дипломға ие болып, Түркияның Анталья қаласында өтетін «Шабыт» балалар өнер байқауының финалына жолдама алды. Бұл – оның шығармашылық жолындағы маңызды жетістіктердің бірі. Оның талпынысы мен еңбегі жаңа белестерге жол ашып келеді.
Кәусар балалар әндерімен ғана шектелмейді. Ол Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай» әнін және Сыр сүлейі Нұртуған Кенжеғұлұлының «Қанекей, тілім, сөйлеші» термесін жатқа орындайды. Сонымен қатар мәнерлеп тақпақ оқуды, сурет салуды ерекше ұнатады. Осындай шығармашылық ізденістер оның есте сақтау қабілетін, қиялын және эстетикалық талғамын дамытуға ықпал етеді. Әкесі Ертай мен анасы Гүлия қызының өнерін қолдап, оның қызығушылығын еркін дамытуға ерекше мән береді. Жасы төртке толатын Кәусардың бүгінгі жетістігі оның болашағынан зор үміт күттіріп, ұлттық өнердің жаңа буыны өсіп келе жатқанын аңғартады.
Г.ӘЛНИЯЗИНА









