Шәкірттер жетістігі – ұстаз мерейі
Адамзат баласы өркениеттің биігіне қарай басқан қадамының негізгі күш берушісі, жетелеушісі - мектеп. Білім ұяларынан әр жылы қаншама мың шәкірттер түлеп ұшып, үлкен өмірге жол тартады. Мектептен алған білім мықты іргетас болып, болашақ мамандық таңдауға негіз салады.Жақсы мектеп - жас ұрпақты биіктерге самғатады. Ал сол самғаудың бабын да, бағын да келтіретіндер - ұлағатты ұстаздар. Мен осындай үлкен миссияны атқарушылардың қатарында ұзақ жылдар ұстаз болғанымды мақтаныш тұтамын. Қырық жылдай білім ұясында өткен өмірім мыңдаған шәкірттердің тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққандығының куәсі болдым. Сол мектептен шыққан түлектер ондаған жылдардан кейін білім ұясына келіп, өмірлік есеп бергендей мерейтойларын салтанатты өткізіп жатады.
Міне, жақында 2006 жылы №71 қазақ орта мектебінің 11 «А» сыныбын бітіріп шыққан түлектер жиырма жылдық мерейтойларына туған жеріне келіпті. Бұл сынып әлі есімде: іріктелген арнайы сынып аталған олардың қатарында 30 оқушы болатын. Бастауыш сыныпта Зинегүл апай әріп танытса, 5-сыныптан бастап өңірімізге белгілі ұстаз Бақтыгүл Сермағамбетова жетекшілік етті. Ал 10-11-сыныптарда сүйікті апайлары Айнаш Нысанқұлова бағыт-бағдар берді. Осы сыныпта «Балбұлақ» атты шығармашылық топ болды. Оны қазақ тәлі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Ақбергенова жүргізген болатын. Және де физика пәнінен Төлеген Көптілеуов ағай, химиядан Жадыра, биологиядан Ханбибі апайлар сабақ берген.
Міне, енді «Түлектер кездесуі» атты мерейтойлық шараға зейнет демалысында отырған ұстаздардың қатарында мені де құрметтеп шақырды. Кешегі кіп-кішкентай шәкірттерімнің бүгінде елдің еңселі азаматтары болғанына қатты қуандым. Мерейтойлық шараны жүргізген Ержан Нақылов пен Нартай Жайназардың ұстаздар тарапына айтқан жылы сөздері, ыстық тілектері көңілімізді шарықтатып жіберді. Олардың әрбір айтқан сөзінен, іс-әрекеттерінен ұстаздарға деген зор құрметті көргендей болып марқайып қалдым.
Шәкірттеріміздің көбі бүгінде еліміздің әртүрлі салаларында белді-белді қызметтер атқарып жүр екен. Нартай - «Түгел», «Берекет» шаруақожалықтарын жүргізіп отырған кәсіпкер. Ержан болса аудандық МЖК бөлімі басшысының орынбасары. Салтанат Смағұлова - «Мұздалифа» туристік компаниясының негізін қалаушы, Ақмарал Жанесенова - аудандық прокуратураның аға прокуроры, Нұрбол Тоғысов - №3 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, Айболат Ерекешов - ҚТЖ-да поезд бастығы, ал Ақбота Бердімұратова, Мөлдір Жұқабаева, Мөлдір Бұғыбаевалар біздердің ізімізді қуған ұстаздар. Олар да бүгінде шәкірттер тәрбиелеп, сапалы білім беріп келеді.
Шәкірттер жетістігі - ұстаздардың мерейін тасытады. Әрбір шәкірттің өмірлік табыстарында, жемісті еңбектерінде мектеп мұғалімдерінің елеулі үлесі жатыр.
Салтанатты мерейтойдан шәкірттер туралы жақсы ойлар түйіп қайттық.
Сағатай Құдайбергенова,
ардагер ұстаз.









