Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз болу әркімге бұйыра бермес бақ

Ұстаз болу әркімге бұйыра бермес бақ

Шындығында бұл салаға көңілінің қалауы, өмірлік ұстанымы бар жандар келеді. Өйткені баламен жұмыс ең үлкен әрі жауапты жұмыс. Тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған балдырғандарды үлкен өмірдің сатысына аяқ бастыруда талай жылғы еңбек пен қызықты әрі қиын кезең жатыр. Сондықтан өз басым осы бір таңдаулы саланың өкілі болғанымды мақтан тұтамын. Бүгінде өзім қызмет атқаратын Сексеуіл кентіндегі №231 орта мектепте 600-ден аса шәкірт білім алады. Ал осы келешек иелерімен жұмыс істеуде бізге, яғни ұстаздар қауымына артылып отырған сенімнің зор екенін де білеміз. Осы салада еңбек етіп келе жатқан әріптестерімнің еңбегін ерекше бағалаймын. Осы орайда өзіммен бірге еңбек етіп, шәкірттерді білім нәрімен сусындатуда қолтаңбасы айрықша әріптесім Нұргүл Исматуллаева жайлы айтпақшымын.
1983 жылы осы Сексеуілде туылып, осы елде қызмет етіп келе жатқан Нұргүлдің әкесі теміржолшы, анасы ауылдық ауруханада медбике болып қызмет атқарған. Сонау жас күнінен ұстаз алдында тәлім алып өскен бала Нұргүл сол кезден ұстаз болуды армандаған. Бүгінде сол арманы ақиқатқа айналып, Сексеуіл кентіндегі №231 орта мектепте орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қазіргі таңда ұстаздық саладағы еңбек өтілі 11 жылды қамтиды. Енді осы әріптесім жайлы аз-кем ақпар.
Жаңа ғасырдың басында жаңа өмірге қадам басқан кейіпкеріміз Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы университетіне оқуға қабылданып, аталған білім ордасын 2005 жылы философия мамандығы бойынша бітіріп шығады. Кейін жоғарғы білім алу мақсатымен Қызылорда қаласындағы "Болашақ" университетінде білімін жалғастырып, орыс тілі мен әдебиетін меңгереді. Осы уақыттар арасында өзі білім алған білім ордасында оқытушы, Қытай-Қазақстан бұрғылау компаниясында кадр бөлімі бойынша бас маман қызметтерін атқарған Нұргүл Сексеуіл кентінің жігітіне тұрмысқа шығуына байланысты отбасылық өмірмен жұмыстан қол үзіп қалады. Алайда келіндік қызметі мен аналық асқақ жолда отбасының ұйытқысына айнала білген ол 2012 жылы осы №231 мектепке орыс тілі пәнінің мұғалімі ретінде қызметке қабылданды. Міне, содан бері үздіксіз ізденіс пен жан-жақты жетістіктердің желкенін керіп келе жатқан әріптесімнің бұл салада мерейі үстем, ұстаз ретінде өзіндік орны салмақты.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бар ғой халқымызда. Нұргүлдің өз қызметіне деген құштарлығының арқасында біршама жетістіктер шоғырын қалыптастырды. Білім жетілдіру мен түрлі сайыстарда дараланып, ұстаз бола жүріп те жетістіктерге жетуге болатындығын дәлелдеуде. Қазір Нұргүл Исматуллаеваға тиесілі салалық жетістіктер баршылық. Қатарында Құрмет грамотасы, Алғыс хаттар, салмақты сыйлықтар мен дәрежелі дипломдар бар. Олардан бөлек «Үздік авторлық бағдарлама» конкурсына қатысып, арнайы сертификатқа ие болған. Яғни, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Үздік авторлық бағдарлама – 2021» облыстық байқауда «Развитие навыков культуры устной и письменной речи учащихся» тақырыбындағы авторлық бағдарламасы жүлделі ІІІ орын иеленді. Бұл да әріптес мерейі.
Қазір білікті ұстаздың тәлімін игерген шәкірттері түрлі сайыстарда жетістіктерге жетіп жүр. Өзі жетекшілік ететін 7 сынып оқушыларының қатарында үздіктер баршылық. Дені түрлі байқаулар мен пәндік олимпиадаларда жетістіктерге жетіп, мектеп мерейін асырып келеді. Сонымен қатар 2020 жылы мектеп қабырғасынан қияға қанат қаққан шәкірттерінің арасынан 3 "Алтын белгі" иегерлері шыққан. Және де 2021-2022 оку жылының қорытындысымен өткен жылы Жеңіс Әділет есімді шәкірті грант иегері атанды. Мұндай жетістік әдетте шәкірттердің өзі таңдауы түскен пәнге деген қызығушылығын оятары сөзсіз. Сондай-ақ мектепте «Шұғыла» қыздар ұйымының жетекшісі. Ал өзі шәкірт санасын білім нәрімен сусындатуда абыройлы еңбек етіп келе жатқан әріптесім Нұргүл мамандық таңдауда қателеспегенін алға тартады.
– Әрине қатардағы қызметкер болу басқа да, өз ісіне шынайы беріліп, жұмысын асқан сүйіспеншілікпен істеу бір басқа. Мұндай жолда ізденіс те, еңбек те болады. Ал сол ізденіс пен еңбек қатар жүрген жерде жетістіктер жеткілікті болады деп ойлаймын. Ұстаздың жақсы әрі білікті болуы шәкірттері арқылы білінеді десек, өзім білім берген шәкірттеріммен кез келген уақытта мақтана аламын. Олар бүгінде мектебіміздің, қала берді ауылдың мақтаныштары. Әрқайсысында өмірлік мақсат, айрықша жетістік жолы қалыптасты. Біршама оқушылар білім бәсекесінде шыңдалып, грант иегерлері атанды. Отбасымда балаларымның да жеткен жетістіктері бір шоғыр. Мирас және Кәусар есімді перзенттерім бізді көптеген жетістіктерімен қуантып жүр. Қазіргі таңда ұлым Мирас Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 8 сынып оқиды. Ал қызым Кәусар биыл Назарбаев зияткерлік мектептерінің іріктеу конкурсының нәтижесі бойынша алғашқы 20 үздік оқушының қатарына еніп, «Өркен» білім беру грантының иегері атанды. Бастысы сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында жүрген біздің жетістігіміз шәкірттердің жақсы нәтижелермен даралануы. Бұл тұрғыда өзім еліміздің ендігі болашағына үлкен сенім артамын, – дейді әріптесім Н.Исматуллаева.
Иә, ұстаз болу әркімге бұйыра бермейтін бақ. Бұл мамандыққа жолай қосылғандарда жақсы жетістік, баянды болашақ бар деу қиын. Өйткені ұстаз болуға да жүректің қалауы, өмірлік ұстаным керек. «45 жыл ұстаз болсаң да 45 минуттық сабағыңа дайындықпен кел» деген үлкендер сөзі содан қалған шығар. Сол үлкендердің ендігі ізін жалғаушы Нұргүлдей ұстаздар бүгінде әр сабағын дайындықпен ерекше етіп өткізетін ұстаздар қатарынан. Білім саласында өзіндік қолтаңбасы бар осындай ұстаздардың қатары жыл сайын арта беретін болса, еліміз өркениеттің алдыңғы көшіне шығарына кәміл сенімдімін.
Айгерім Сәрсенбаева,
№231 орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
13 мамыр 2023 ж. 291 0