Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі мектеп бітіруші түлектерді құттықтады

Аудан әкімі мектеп бітіруші түлектерді құттықтады

Қадірменд іұстаздар мен ата-аналар!
Құрметті мектеп бітіруші түлектер мен оқушылар!
Баршаңызды биылғы оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын!
Бүгін барлық оқушылар үшін ерекше күн. Оқушыларымыз ойлары толысып, есейіп, тағы бір сыныпқа жоғарылады.
Бұл күн жарқын болашаққа жол тартқалы отырған барша мектеп бітіруші шәкірттеріміздің өмірінде ерекше ұмытылмас, қимас сезімге толы қайталанбас кез болып сақталып қала береді.
Дана халқымызда «Қатарыңның алды бол» деген баталы сөз бар. Үлкен өмірге қадам басқан сәттеріңізде баршаңызға осы сөзді арнағым келеді.
Ұстаз алдында бүкіл адамзат бас иіп, тағзым етеді. Шәкірт жүрегіне білім нәрін құйып, адамгершілік рухта тәрбие беруде ұстаздардың еңбегі орасан. Бойларыңызға тәлім-тәрбие дәнін сеуіп, білімді де алғыр азамат болып өсу жолында ұстаздар қауымының орны ерекше. Сіздерге де мың алғыс, ұстаздар!
Қымбатты жас түлектер!
Адамзат баласы өмір бойы білім жинайды. Өйткені,білім – жалықтырмайтын жол, таусылмайтын қазына.Алда үлкен сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеу тұр. Биылғы жылы мектеп қабырғасын ауданымыз бойынша 942 түлек бітіреді. Түлектердің 35-і «Алтын белгіге» үміткер, 63 оқушы «Үздік аттестатқа» ұсынылып отыр. Елімізде жоғары және арнаулы орта білім ошақтарында сапалы білім алып, білікті маман болып шығуларыңызға барлық жағдай жасалған. Сол себепті, Сіздер бұл сынақтан сүрінбей өтіп, бойдағы білімдеріңізді дәлелдейтіндеріңізге зор үміт артамыз.
Ұл-қыздарымыздың қай жерде, қандай оқу орнында болмасын жоғары нәтижеге жетіп, биік белестерден көрінуі – біз үшін үлкен қуаныш, әрі жоғары мәртебе. Кәсіби білім алғаннан кейін де ауданымызға келіп, туған жерлеріңіздің көркеюіне өзіндік үлестеріңізді қосатындарыңызға кәміл сенімдімін.
Биылғы жылдан бастап Арал қаласынан Қызылорда ашық университетінің орталығы ашылып, 23 мамандық бойынша білім алу мүмкіндігі жасалып отыр. Бұл қадам да біздің жерлестеріміздің қажетіне жарайды деген үміттеміз.
Қадірлі жас дос, қымбатты түлектер!
Үлкен өмір жолына басқан қадамдарың сәтті болғай! Баршаңызға сәт-сапар, ақжол тілеймін!
Ізгі ниетпен, аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев
25 мамыр 2024 ж. 184 0