Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің соңғы қоңырау мерекесімен құттықтауы

Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің соңғы қоңырау мерекесімен құттықтауы

Ардақты ұстаздар!
Қымбатты жас түлектер!
Сіздерді соңғы қоңырау салтанатты шарасымен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін барлық оқушылар үшін ерекше күн. Себебі оқу жылының аяқталуымен бірге мектеп қабырғасына тарыдай болып келген оқушылар ойлары толысып, есейіп, тағы бір сыныпқа жоғарылайды.
Ал он бір жыл бойы білім шаңырағында тәлім алған жас түлектер қайталанбас балалықтың бал дәуренін артқа тастап, алтын ұя мектебінен болашаққа мол біліммен қанат қаққалы тұр.
Биыл ауданымызда 929 оқушы мектеп бітіреді. Олардың 726-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіруде. 56 түлек «Алтын белгіге» үміткер болса, 57 оқушы – «Үздік аттестатқа» ұсынылып отыр.
Өзінің уақытын аямай, өзгелердің бақытын аялап, оқушылардың үлкен арманын бір арнаға тоғыстырып, өмірлік бағыт-бағдарын танытып жүрген ұлағатты ұстаздарға алғысым шексіз.
Қымбатты жас түлектер!
Бүгінгі білікті ұстаздардың алдынан өткен сіздер – ертеңгі күні өз ісінің кәсіби маманы, ғылымды еңсерген ғалым, елге қызмет ететін белгілі басшы да бола аласыздар. Өмірдің сан тарау жолдарынан іркілмей өту жолында қанаттарыңыз талмасын.
Сіздердің тәуелсіз еліміздің өсіп өркендеуіне үлес қосар, Арал өңірінің даңқын асқақтатар азамат болуларыңызға тілектестігімді білдіремін!
Жаңа өмірге басқан қадамдарыңызға ақ жол, сәт сапар тілеймін!
Ізгі ниетпен, аудан әкімі Серік Сермағамбетов
01 маусым 2023 ж. 197 0