Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі түлектерге сәттілік тіледі

Аудан әкімі түлектерге сәттілік тіледі

Бүгін айдынды өлкеде бір мезгілде соңғы қоңырау соғылды.
Өткен жаңа оқу жылы қарсаңында пайдаланылуға берілген №71 мектеп-интернатының мерекелік салтанатты шарасына аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге ақжолтай тілегін арнап, ұстаздарды мерекемен құттықтады.
«Сіздерді соңғы қоңырау салтанатты шарасымен шын жүректен құттықтаймын! Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, бүгінде білім алу жеткіліксіз. Өмір кемесімен білім теңізінде әрдайым ізденіс пен талпыныс қажет. Бүгінгі қоғамда өркениетке қажетті мамандықтар әр он жыл сайын жаңарып отырады. Сондықтан да сіздердің алдарыңызда ертеңгі күні бәсекеге қабілетті, жан-жақты сауатты маман болу міндеті тұр. Өздеріңізге артылар сенім мен үміт жоғары. Сіздердің тәуелсіз еліміздің өсіп өркендеуіне үлес қосар, Арал өңірінің даңқын асқақтатар азамат болуларыңызға тілектестігімді білдіремін! Жаңа өмірге басқан қадамдарыңызға ақ жол, сәт сапар тілеймін!,» - деді, аудан басшысы.
Салтанатты жиында ардагер ұстаз, мектеп ардагерлер кеңесінің төрағасы Келмырза Баймырзаев білім ұясынан қанат қаққан жастарға ақ жол тілеп, шәкірттерді білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына риясыз алғысын білдірді. Сондай-ақ, жас түлектер атынан «Үздік аттестатқа» үміткер Малкаждарова Алима құрдастарына ізгі тілегін арнады.
Мұнан соң, қалыптасқан дәстүр бойынша түлектер ұстаз, мектеп жайлы әндерді шырқап, жүрекжарды ыстық ықыластарын білдірді. Шара соңында түлектер вальс ырғағында ілесіп, соңғы мектеп биін биледі.
Айта кетейік, биыл аудан бойынша 929 оқушы мектеп бітіреді. Олардың 726-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіруде. 56 түлек «Алтын белгіге» үміткер болса, 57 оқушы – «Үздік аттестатқа» ұсынылып отыр.
"Толқын" ақпарат
01 маусым 2023 ж. 555 0