Бір шәкіртақы, әртүрлі тұрмыс
Студенттік шақ – адам өміріндегі ең қызық әрі жауапкершілігі мол кезеңдердің бірі. Бұл уақыт тек білім алып, болашаққа бағыт сілтейтін кезең ғана емес, сонымен қатар қаржылық тәуелсіздікке алғаш қадам басатын шақ. Әсіресе, басқа қалаға оқуға кеткен жастар үшін бұл мәселе тіпті өзекті. Себебі олардың күнделікті шығыны тұрған ортасына, қаланың көлеміне және өмір сүру деңгейіне тікелей байланысты. Қазақстанда студенттерге берілетін шәкіртақы көлемі соңғы жылдары өсіп келеді. 2026 жылдан бастап бакалавриатта оқитын студенттердің базалық шәкіртақысы 52 372 теңге болып белгіленді. Бұл – бірнеше жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Алайда өмір сүру құны да қатар өсіп жатыр.Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2026 жылғы мамырда елдегі жылдық инфляция деңгейі 10,4 пайыз болған. Оның ішінде азық-түлік бағасы бір жылда 10,7 пайызға өскен. Бұл күнделікті тұтынатын өнімдердің бағасы студент қалтасына да әсер етіп жатқанын көрсетеді.
Шәкіртақы көлемі бәріне бірдей болғанымен, оның жетуі әр қалада әртүрлі. Мұны Алматы мен Қызылордада оқыған екі студенттің тәжірибесі арқылы байқауға болады.
Алматы қаласындағы SDU университетінің студенті Айдана Асланова мегаполистегі студент өмірінің ең үлкен қиындығы – шығын көлемінің көптігі екенін айтады.
– Биылғы оқу жылынан бастап шәкіртақы 52 372 теңге болды. Бірақ бұл ақша негізгі қажеттіліктердің жартысына да жетпейді. Үлкен қала болған соң шығын да көп. Одан бөлек, университеттің жатақханасы барлық студентке жете бермейді. Сол себепті пәтер жалдауға тура келеді, – дейді ол.
Айдананың сөзінше, Алматыда пәтер жалдау – студент үшін ең үлкен мәселе.
– Мұнда пәтер бағасы орта есеппен 200 мың теңгеден басталады. Оған коммуналдық төлемдерді қосыңыз. Одан кейін азық-түлік, күнделікті керек заттар тағы бар. Кейде шәкіртақыға 2 рет шағын азық-түлік алып үлгересің, – дейді студент.
Оның айтуынша, бір айдағы орташа шығыны 200 мың теңгеден кем болмайды.
– Пәтерақы, азық-түлік, күтімге қажет заттар, жол ақысы, кейде такси, кейде киім алу – бәрін есептегенде солай шығады. Ең көп ақша азық-түлікке кетеді. Алматыда бәрі қымбат, – дейді Айдана.
Шынында да, үлкен қаладағы өмір сүру құны жоғары. Әсіресе Алматы сияқты мегаполистерде баспана жалдау, жол ақысы мен азық-түлікке кететін шығын көлемі студент бюджетінің негізгі бөлігін алады. Сондықтан мұндай қалада шәкіртақы көбіне қосымша көмек ретінде ғана көрінеді.
Бірақ үлкен қаланың мүмкіндігі де көп.
– Алматыда жұмыс табу жеңілірек. Түрлі курс, даму ортасы, тәжірибе жинайтын жер көп. Бірақ бәрі қаржыға байланысты. Ақшаң болмаса, сол мүмкіндіктердің көбін пайдалана алмайсың, – дейді ол.
Ал Қызылорда қаласындағы медициналық жоғары оқу орнын биыл аяқтаған Аяжан Ғалымжанқызы үшін студенттік өмірдің қаржылық жағы жеңілірек болған.
– Алғашқы кезде 27 мың теңге алдым, кейін 53 мың теңге болды. Сол ақша маған жететін. Қосымша жұмыс істеудің қажеті болмады. Өз басым жатақханада тұрдым. Ал шәкіртақы оның ақысын төлеуге де жетіп отырды, – дейді ол.
Аяжанның айтуынша, бір айлық шығыны шамамен 60 мың теңге болған.
– Қызылорда қатты үлкен қала емес. Жатақханадан қала орталығына ойнап жүріп жарты сағатта жетіп аламыз. Такси де арзан. Төртеу болып 270 теңгеге баратынбыз. Адам басына 100 теңгеге жетпейтін ақша, – дейді ол.
Оның сөзінше, Қызылордада студентке ақша үнемдеу оңайырақ.
– Тіпті жазғы шәкіртақыны жинап, құрбыларыммен басқа қалаға қыдырып баратынбыз. Қалада 80-100 мың теңгеге жақсы пәтер табуға болады. Бұл Алматымен салыстырғанда әлдеқайда тиімді, – дейді Аяжан.
Дегенмен аймақтық қалалардың да мәселесі бар.
– Инфрақұрылым жағынан үлкен қалаларға жетпейді. Оқуыма қатты әсер етпесе де, кейбір жаңа құрылғылар бізге кеш келді. Жатақханадағы су мәселесіне байланысты қиындықтар болды. Бірақ жалпы қаржы жағынан студентке жеңілдеу, – дейді ол.
Екі студенттің тәжірибесі көрсеткендей, бірдей көлемдегі шәкіртақы әр қалада әртүрлі әсер береді. Мегаполистегі өмір құнын ескерсек, бұл қаражат көбіне уақытша демеу ғана болады. Ал аймақтық қалаларда негізгі шығынның біраз бөлігін жабуға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары шәкіртақы көлемі кезең-кезеңімен өсіп келеді. Алайда студенттердің күнделікті шығыны да қатар артып отыр. Әсіресе тұрғын үй, азық-түлік және жол ақысы сияқты негізгі қажеттіліктерге кететін қаражаттың көбеюі шәкіртақының нақты мүмкіндігін шектейді. Сондықтан бүгінгі студент үшін мәселе тек қанша ақша алатынында емес, сол қаражаттың қанша уақытқа жететініне тіреледі.
Бір студент үшін 52 мың теңге бірнеше күндік шығынға ғана жетсе, енді бірі үшін бір айлық тіршіліктің белгілі бір бөлігін өтеуге мүмкіндік береді. Бұл айырмашылық студенттің қаржылық жағдайы көбіне оның қай қалада оқып жүргеніне байланысты екенін көрсетеді. Демек, шәкіртақы мәселесін қарастырғанда тек оның көлемін емес, өңірлік өмір сүру құнын да ескеру маңызды.
Жұлдызай Нағашыбаева,
СДУ университетінің 2 курс студенті










