Телефонға тәуелділік: мәселе ме, әлде заман талабы ма?
Қазіргі қоғамда смартфонсыз өмірді елестету қиын. Таңертең көз ашқан сәттен бастап, кешкі тынығуға дейін телефон адамның жанында жүреді. Ол – тек байланыс құралы ғана емес, күнделікті тіршіліктің бір бөлігіне айналған технология. Сабақ оқу, жаңалық қарау, банк операцияларын жасау, жұмысқа қатысты ақпарат алмасу – мұның барлығы қазір телефон арқылы жүзеге асады. Бірақ технология дамыған сайын, оның адам өміріне ықпалы да күшейіп келеді. Әсіресе, жастар арасында телефон қолдану қалыпты қажеттіліктен тәуелділікке ұласып бара жатқаны байқалады. Бүгінде бұл мәселе тек жеке адамның әдеті емес, қоғам назарындағы өзекті тақырыпқа айналды. Қазақстанда да цифрлық ортаға тәуелділік деңгейі жоғары. Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы мәліметіне сәйкес, 16-74 жас аралығындағы интернет пайдаланушылар үлесі 95,6 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда сәл төмен болғанымен, халықтың басым бөлігі интернетті күнделікті өмірінің бір бөлігі ретінде пайдаланатынын көрсетеді. Мәселен, 2005 жылы бұл көрсеткіш небәрі 4 пайыз болса, соңғы жиырма жылда айтарлықтай өскен. Мұндай өзгеріс цифрлық технологияның қоғам өміріне терең енгенін аңғартады.Телефонға тәуелділік жайлы өз ойын білдірген жастардың бірі – Айсана Зинехан. Оның пікірінше, бұл – шын мәнінде алаңдататын мәселе. Айсана күніне шамамен жеті сағат уақытын телефонмен өткізеді. Оның негізгі бөлігі әлеуметтік желілерге кетеді. Телефонсыз бір күн өткізу мүмкін бе деген сұраққа ол нақты «жоқ» деп жауап берді. Оның ойынша, телефонсыз уақыт қызықсыз өтетіндей көрінеді. Бұл жауаптың өзінен қазіргі жастардың бос уақытты өткізудегі дағдысы анық көрінеді. Айсана телефонның өзіне әсерін де ашық айтты. Оның сөзінше, түнге дейін экранға үңілу ұйқы сапасын бұзады. Соның салдарынан таңертең сергек ояну қиындап, сабақ уақытында ойы шашырайды. Ол кейде материалды есте сақтаудың өзі бұрынғыдай оңай емес екенін байқаған. «Әр секунд сайын телефонды тексеріп отырамын. Кейде оны өзім байқамай қаламын. Сол кезде бұл әдет емес, тәуелділік екенін түсінесің», – дейді ол. Бұл пікір бүгінгі жастардың күнделікті өмірінен алыс емес. Мамандар да экран алдында ұзақ уақыт өткізудің адам ағзасына әсер ететінін айтып жүр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) зерттеуіне сүйенсек, күніне бес сағаттан артық экран қолданатын адамдардың психологиялық жағдайының төмендеу қаупі жоғары. Әсіресе, ұзақ экран уақыты ұйқының бұзылуына, күйзеліс деңгейінің көтерілуіне және эмоционалдық тұрақсыздыққа әсер етеді. Ғылыми зерттеулерде экранға бөлінген әр қосымша сағат ұйқы ұзақтығын қысқартып, адамның табиғи биологиялық режимін бұзатыны көрсетілген. Бұл мәселенің тағы бір маңызды жағы – зейіннің әлсіреуі. Телефонға жиі алаңдау адамның назарын бір орында ұстап тұруын қиындатады. Атап айтқанда, студенттер үшін бұл өзекті. Сабақ кезінде хабарламалар, видеолар немесе әлеуметтік желідегі жаңалықтар оқу процесін бөліп жібереді. Соның салдарынан ақпаратты қабылдау мен есте сақтау қабілеті төмендеуі мүмкін. Бұл Айсананың өз тәжірибесінде де байқалған. Телефонның физикалық әсері де назардан тыс қалмайды. Ұзақ уақыт экранға қарау көздің шаршауына, құрғауына және бас ауруына әкелуі мүмкін. Ғалымдардың айтуынша, экраннан бөлінетін көк жарық көзге қосымша жүктеме түсіреді. Сонымен қатар, мойын мен арқа бұлшықеттеріне де әсер етеді. Қазіргі жастардың арасында жиі кездесетін мойын ауруларының бір себебі осы смартфонға ұзақ үңілу дағдысымен байланысты екені айтылып жүр.
Бұл мәселеге ата-аналардың көзқарасы да маңызды. Гүлнар Бимағамбетованың пікірінше, бүгінгі күні телефонсыз өмір сүру қиын. Себебі көпшілік жұмысты, төлемді, байланысты осы құрылғы арқылы шешеді. Сондықтан белгілі бір деңгейде бұл қалыпты жағдай. Бірақ ол қазіргі жастардың телефонға шектен тыс байланып бара жатқанына алаңдайды. «Біздің кезімізде телефонсыз-ақ оқыдық, өмір сүрдік. Қазір жастардың бос уақыты түгелдей экранға кетіп бара жатқандай көрінеді», – дейді ол. Гүлнар Бимағамбетованың айтуынша, телефонның адам психологиясына әсері күн сайын байқалып келеді. Нақытырақ, балалар құрылғыдан алыстаса, мазасызданады. Кей жағдайда ашушаңдық байқалады. Бұл әлеуметтік байланысқа да әсер етеді. Бұрын адамдар уақытты бірге өткізіп, әңгімелессе, қазір бір бөлмеде отырып-ақ әрқайсысы өз телефонына үңіледі. Бұл тірі қарым-қатынастың азаюына алып келеді. Дегенмен, телефонды толықтай зиян деп бағалау дұрыс болмас еді. Оның пайдалы жақтары да бар. Қазіргі студенттер сабаққа қажетті ақпаратты телефон арқылы іздейді, тапсырма жібереді, мұғалімдермен байланысады. Сонымен қатар, банк жүйесі, онлайн төлем, карталар, мемлекеттік қызметтердің көбі цифрлық форматқа көшті. Бұл телефонның қазіргі өмірде қажетті құрал екенін көрсетеді. Сондықтан мәселе телефонның бар-жоғында емес, оны қолдану мәдениетінде. Егер адам уақытын бақылай алса, телефон – көмекші құрал. Ал бақылау жоғалған жерде тәуелділік басталады. Гүлнар Бимағамбетованың айтуынша, мұның алдын алу үшін ата-аналар балалардың экран уақытын реттеп, кітап оқу, спортпен айналысу, отбасы мүшелерімен көбірек уақыт өткізу секілді пайдалы әдеттерді қалыптастыруы керек.
Қорыта айтқанда, смартфон – бүгінгі заманның шындығы. Одан толық бас тарту мүмкін емес. Бірақ оны шектен тыс қолдану ұйқыға, денсаулыққа, зейінге және адамдар арасындағы қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін. Әсіресе, жастар арасында бұл мәселе барған сайын айқын көрініп келеді. Сондықтан ең маңыздысы – технологияны өмірді жеңілдететін құрал ретінде пайдалану. Телефон адамға қызмет ететін құрал болуы тиіс, ал адам оған бағынышты болмауы керек.
Жұлдызай Нағашыбаева,
СДУ университетінің 2 курс студенті










