Несиеге батқандар: әлеуметтік мәселе ме, әлде қаржылық сауаттың кемшілігі ме?
Қазір бәрі несиеге беріледі. Бүгінде несие алу – қазақстандықтардың өмір салтының бір бөлігіне айналды. Тұрғындар үй, көлік, тұрмыстық техника, тіпті күнделікті қажеттіліктерін өтеу үшін де банк несиесіне жүгінеді. Алайда, соңғы жылдары қарыз жүктемесінің артуы қоғамды алаңдатпай қоймайды. Ендеше, мінсіз өмірін несиемен өрнектеп, тапқан табысы несие төлеуден артылмай келе жатқан қоғам мүшелеріне назар аудармақпыз.Қазақстанда 21 жастан ассаңыз несие рәсімдей аласыз. Психолог маманның айтуынша, қарызға тәуелділік адам санасында аяқ астынан қалыптасқан жоқ, ол ертеден бар құбылыс. Несиеге, қарызға тәуелділік адамның түрлі психологиялық күйіне тән. Көп жағдайда бұл симптомға шалдыққандар қаржылық жағдайын түзетуді емес, белгілі бір эмоцияны сезінгісі келеді. Жеке бюджетін сауатты жоспарлауды білмейтін, қызыққан нәрсенің бәрін алғысы кеп тұрудан да туындайды. Бұл қатардағы адамдар «Бүгін жолым болмаса, ертең сәті түсер, қарыздан құтылармын» деген жеңіл оймен өмір сүреді. Бірақ қаржылық жағдайы жақсармаса, уақыт өте келе қарызды қарызбен жамайды.
Қазіргі күні миллиондап несие алып қарызға батқандардың бірі –Мейрамкүл Жолтаева. Ол түрлі сайттар мен интернет магазиндерден қызықтырған затын алу үшін несие карталарын пайдаланған. Ақырында тапқан табысы қарызын жабуға жетпеген соң ірілі-ұсақты несиесін жабу үшін қомақты кредит алуға мәжбүр болған.
– Өзімнің тұрақты жұмысым бар. Айлығым орта топқа жатады. Әлі тұрмысқа шыққан жоқпын. Ата-анам ауылда тұрады. Мен жұмыстың ыңғайына қарай қалада пәтер жалдап тұрып жатырмын.Тұрақты жұмысым болған соң маған кез келген банк несиені оңай рәсімдейді. Олардың көбі айлық табысқа жіті назар сала бермейтін болған соң, бірнеше банктің бөліп төлеуге қолайлы карталарын аштырып алдым. Түрлі сайттар мен интернет магазиндерден өзіме ұнаған киімдер, косметика, әшекей бұйымдар мен басқа да тұрмысқа қажетті заттарды сатып алып отырдым. Ол жерде едәуір арзан бағада ұсынылғандықтан ойланбастан карта арқылы төлем жасап, тапсырыс бердім. Бірақ өкінішке орай, алған кейбір заттарым сапасыз, сайттағы суретінен басқа болып келді. Оны кері қайтара алмадым. Осылай бірін пайдалансам бірі іске алғысыз болып қалды. Ал қарыздарым шаш етектен асты. Айлығым тек несие мен пәтер ақысын төлеуге ғана жететін болған соң әр жердегі майта-шүйде берешектерімді біріктіріп қомақты несие алуыма тура келді, – деген бойжеткен өзінің көрсеқызарлығына өкінеді.
Ұлттық банк мәліметіне сүйенсек, еліміздегі жеке тұлғалардың жалпы несие көлемі 2025 жылы 38,7 триллионнан асып түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,6 пайызға өсім алып отыр. Оның ішінде бизнес несиесі 14,7 трлн құраса, халықтың несиесі 24 трлн теңгеге жеткен. Ал проблемалық несиелер 1,5 трлн теңге. Бұл – соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Әсіресе, микронесиелік ұйымдар мен онлайн-қарыз беру қызметтері қарқынды дамуда. Мұндай несиелердің пайыздық мөлшерлемесі жоғары болғандықтан, қарыз алушылардың төлем қабілеті төмендейді.
Ұялы телефон, тұрмысқа қажетті техникалар, автокөлік, қомақты қаражаттан бөлек қазір тіпті киім мен азық-түлікті несиеге алу қиын емес. Қазір қазақтардың үйленгеннен бастап үй болғанға дейінгі әрекеті несиеге байланған. Мамандар мұны қаржылық сауаттың жоқтығынан деген уәж айтады. Себебі елдегі халықтың тең жартысы депозиттік салымдарға ақша жинап емес, алған қаржысының жартысындай өсімді қоса төлейтін банктердің бірнешеуіне несие төлеп әлек болуда.
Бірнеше жыл екінші деңгейлі банктің Арал аудандық бөлімшесінде жұмыс істеген Жеңісбек Аралбекұлы несие алуға ниетті аралдықтардың көп екендігін айтады.
– Банк тарапынан несие ұсыну бізге қолайлы. Өйткені, қосымша сыйақы төленеді. 5 жылда байқағаным тұрғындар кез келген қажеттілікті несиенің көмегімен шешкісі келеді. Біз алдымызға келген тұтынушыдан несиені не мақсатта алып жатқандығын сұраймыз. Сонда олардың көбі баласын үйлендіру, үй салу, көлік алудан бастап майда-шүйде дүниелер үшін де несиеге бас қояды. Келісімшартқа да мұқият назар аударатындар некен-саяқ. Сұраған қаржысы мақұлдағанда ол адамнан бақытты жан жоқтай көрінеді, – дейді ол.
Қазір нарық пен маркетингтің дәуірі. Бірақ дей тұрғанмен халық әлі де айлықтан айлыққа әзер жетіп өмір сүруге үйреніп қалған. Айдың соңы айлыққа жетпей тұралаған халық жаппай банктің түрлі карталары арқылы қажетін өтеуге асығады. Сарапшылардың зерттеуіне мән берсек, адамдар материалдық, қаржылық жетіспеушілікті қарызбен жабуға мәжбүр дейді.
Әрине, несие төңірегінде айтылар әңгіме аз емес. Кірісін жүйелі есептей білмей, банкердің бірнешеуіне қарыз болып, соттың алдын тоздырғандар да бар. Соңғы жылдары халықты осындай қаржылық қиындыққа тап болғанын ескерген президент банкроттық туралы да заңды бекіткен еді. Бұл белгілі бір себеппен банк алдында берешегін өтей алмай жүргендерге рақымшылық жасауға бағытталған. Арал ауданында заң күшіне енгелі бері өтініш берген 12 тұлға банкорт деп танылған көрінеді.
Несие – экономиканың дамуына серпін беретін қаржы құралы. Бірақ ол тек саналы және жауапты пайдалану кезінде ғана тиімді. Қарыз жүктемесінің көбеюі тек жеке азаматтардың емес, жалпы қоғамның әл-ауқатына да әсер ететіні анық. Бізге көрсеқызарлықтан арылып, көрпеге қарай көсілуді үйрену керек сияқты. Қаржыны мақсатты пайдаланып, үнемді жұмсауды үйренбесек, несиеден бас көтермей өтуіміз бек мүмкін. Бұрындары несие болмаған кезде де адамдар жаман өмір сүрген жоқ. Қазіргі жаппай қарызға батумыздың жалғыз себебі өзіміздің қаржылық сауатымыздың төмендігі мен қажетті де қажетсіз дүниені несиеге алуды дағдыға айналдырып алғандығымыз. Айына шаққанда болмашы сумманы көрсеткенге мәз болып «қайда қалмай жатыр. Одан да алып қойсам бір дүние болып қалады» деп өзімізді жұбатамыз. Ал сол ай сайынғы төлейтін болмашы теңгеңіз жылдармен есептелгенде қалтаңызды опырып түсер қомақты қаражатты құрамай ма?! Сондықтан несие мәселесін шешу үшін халықтың қаржылық мәдениетін көтеру, әлеуметтік қолдау жүйесін күшейту және банктік саясатты жетілдіру – уақыт талабы.
Н. БАҚЫРАН










