Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастардың еңбек және әлеуметтік құқықтары: оларды жүзеге асырудың кепілдіктері

Жастардың еңбек және әлеуметтік құқықтары: оларды жүзеге асырудың кепілдіктері

Kyzylorda-news.kz Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, елдің болашағы – жастардың қолында. Қазақстан жастары – қоғамның қозғаушы күші, елдің болашағы мен үміті. Елдің дамуы жастардың белсенділігіне, білімділігіне және азаматтық ұстанымына байланысты. Ал болашақтың жарқын болуы үшін жастардың құқықтары бүгін қорғалуы тиіс.
Жастардың еңбек және әлеуметтік құқықтары Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен және арнайы заңдармен қорғалады. Бұл құқықтарға лайықты еңбек ақы, қауіпсіз жұмыс орны, демалыс, білім алу және әлеуметтік көмек кіреді. Мемлекет жастарға жұмысқа орналасуға, кәсіп үйренуге және жеңілдіктер алуға нақты мүмкіндіктер мен кепілдіктер береді. Сондай-ақ, жастардың еңбек етуіне және олардың құқығы бұзылмауына кепілдік береді.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау, олардың еңбегіне ақы төлеу және өзге де ерекшеліктері қарастырылған. Кодекстің 31 бабының 1 тармағына сәйкес он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.
Сонымен қатар, Кодекстің 31 бабының 2 тармағына сәйкес еңбек шарты 15 жасқа толған азаматтармен, олардың орта білім, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымында білім алған жағдайда, 14 жасқа толған оқушылармен оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін жасалуы мүмкін. Мұндай жағдайларда, кәмелетке толмағандармен бірге еңбек шартына оның ата-анасының бірі, қамқоршысы немесе асырап алушысы қол қоюға тиіс.
Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарды ауыр жұмыстарға, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар объектілерге, түнгі уақыттағы жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынған.
Қазақстан Республикасының заңнамасы балалар еңбегіне қатаң шектеулер қояды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандармен еңбек шартын жасамай жұмысқа алғаны немесе оларды еңбектің ең нашар түрлеріне заңсыз тартқаны үшін әкімшілік пен қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. СуреЕлімізде жастардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған түрлі әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары арқылы жеңілдетілген ипотекамен баспана алуға, сондай-ақ «Жастарға микрокредиттер беру» бастамасы арқылы өз ісін ашуға төмен пайызбен несие рәсімдеуге мүмкіндік бар.
Одан бөлек, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанында «Еркіндік рухы» Жастар құқықтары жөніндегі комиссия құрылған. Комиссия мүшелері болып әр өңірлің белсенді жастары енгізілген. Комиссияның негізгі міндетері жастардың адам құқықтары саласындағы мәселелерін зерттеу, олардың құқықтарын қорғауға бағытталған ұсыныстарды бірлесіп әзірлеу, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасау. 
Сондай-ақ, Комиссия мүшелері жастардың құқықтарының сақталуына мониторингтеу мен талдау жүргізеді, заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді, құқықтық ағартушылық және құқықтық актілерді әзірлеуге қатысады. Бұл жастардың өзгерістердің бір бөлігі болуға берілген мүмкіндік. Әрбір қатысушы – жастардың даму мен өз-өзін еркін білдіру құқықтары сақталатын қоғамды құруға үлес қосады.
Берікбол Байхожаев,
Қазақстан Республикасындағы 
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 
Қызылорда облысы бойынша өкілі
Сурет:  freepik.com
12 тамыз 2026 ж. 55 0