Құрмет төріндегі құрылысшы
Елдің еңсесін тіктеп, туған жердің көркін келтіретін, халық игілігіне қызмет ететін нысандарды тұрғызу – жауапкершілігі мол, қажыр-қайратты талап ететін абыройлы мамандық. Құрылысшы еңбегінің ерекшелігі де осында. Оның қолынан шыққан ғимараттар жылдар өтсе де ел игілігіне жарап, маңдай терінің белгісіндей болып қала береді. Осындай жауапты саланы өміріне серік етіп, жарты ғасырға жуық уақыт бойы құрылыс саласында еңбек етіп келе жатқан азаматтың бірі – Мағжанбай Абдуллаұлы Тұрсынбаев. Бүгінде оның есімі Арал өңірінің құрылыс саласымен қатар аталады. Қарапайым шеберліктен бастап, инженерлік қызметке дейін көтеріліп, туған жердің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосқан азаматтың кәсіби жолы кейінгі буынға үлгі.Құрылысшылар күні қарсаңында Астана қаласында Мағжанбай Тұрсынбаев Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиевтың қолынан «Еңбек сіңірген құрылысшы» төсбелгісімен марапатталды. Бұл – бір күндік еңбектің емес, сан жылдық маңдай тер мен кәсіби біліктіліктің, құрылыс саласына деген адалдықтың бағасы. Аудандағы құрылыс саласында жүрген азаматтардың арасында мұндай атақты алып отырған алғашқы жан екендігін ескерсек бұл үлкен мәртебе.
Мағжанбай Абдуллаұлының құрылыс саласына келуі өткен ғасырдың жетпісінші жылдарымен тұспа-тұс келеді. Арал қаласындағы №177 мектепті он жыл оқып бітіргеннен кейін Алматыдағы құрылыс институтында білім алып, еңбек жолын Қызылорда строй трессіне қарасты Арал Ж.М.К-де бастайды. 1977 жылы шебер болып бастаған еңбек жолы жылдар өте келе тәжірибемен, ізденіспен және кәсіби жауапкершілікпен шыңдалып, инженерлік қызметке дейін жалғасты. Құрылыс алаңындағы әр күн жас маман үшін үлкен мектеп болды. Теориялық білімді тәжірибемен ұштастыра жүріп, ол құрылыс жұмысының қыр-сырын меңгеріп, І санатты техникалық қадағалаушы дәрежесіне жетті.
Құрылысшы үшін ең бастысы – салынған нысанның беріктігі мен сапасы. Бұл қағиданы Мағжанбай Абдуллаұлы өзінің еңбек жолында берік ұстанды. Сондықтан да ол қай жерде еңбек етсе де, тапсырылған жұмыстың сапалы әрі уақытында орындалуына ерекше мән берді.
Аралға оралып, туған жердің құрылыс саласына араласуы оның кәсіби жолындағы маңызды кезеңдердің бірі болды.
– Аралдағы еңбек жолым «Аралтұз» кәсіпорнындағы тұз қаптау цехының құрылысынан бастау алды. Өңірдің өндірістік әлеуетін қалыптастыратын маңызды кәсіпорындардың біріндегі құрылыс жұмыстарына атсалысу онда кездескен қиындықтар мені одан әрі шыңдай түсті.Одан кейін Аралдағы бірнеше мектептер, тұрғын үйлердің, балабақшалардың бой көтеруіне үлес қостым. Жіңішкеқұм мен Қосамандағы мектеп, Сексеуіл кентіндегі әкімшілік ғимарат, аурухана мен емхана құрылыстарында техникалық қадағалушы болдым. Жол құрылыстарына да атсалысып, елді мекеннің инфрақұрылымын дамытуға өзіндік үлесін қостым. Арал қонақүйінің құрылысында да еңбек еттім. Сексеуілдің ауызсу желісін тарту жұмыстарының құрылысына үлес қостым, – дейді құрылысшы.
«Еңбек түбі – береке» дейді халқымыз. Адал еңбек еткен адамның еңбегі ескерусіз қалмайды. Мағжанбай Тұрсынбаевтың құрылыс саласындағы ұзақ жылғы еңбегі 2014 жылы Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшысы» атағымен бағаланды. Бұл марапат – оның кәсіби білімі мен тәжірибесіне, салаға сіңірген еңбегіне берілген лайықты баға. Ал бүгінгі «Еңбек сіңірген құрылысшы» төсбелгісі – сол ұзақ жолдың тағы бір биік белесі.
Мағжанбай Абдуллаұлы 2019 жылдан бері «А.Д.С. Сапа» ЖШС-нің Арал, Қазалы, Шалқар аймақтарындағы филиалында еңбек жолын жалғастырып келеді. Бұл да оның сүйікті кәсібіне деген адалдығының айғағы. Жылдар алмасып, заман өзгергенімен, құрылыс саласына деген ықыласы мен еңбекке деген жауапкершілігі өзгерген жоқ.
Әкенің балаға қалдыратын ең үлкен мұрасы – дүние емес, өнеге. Мағжанбай Абдуллаұлының кәсіби жолын жалғастырып келе жатқан ұлы Әлижан Мағжанбайұлының есімі де аралдықтарға жақсы таныс.
Аралдық үздік құрылысшылардың бірі атанған Әлижан қаланың көркеюіне бағытталған бірқатар маңызды жобаларға атсалысты. Соның ішінде Балықшылар аллеясы мен Жалаңтөс Баһадүр аллеясының құрылысына үлес қосты. Бұдан бөлек, өткен жылы Жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысын жүзеге асыруға атсалысты. Әлижанның еңбегі мұнымен шектелмейді. Ол ипотекалық тұрғын үйлер салуға қатысып, баспаналы болуды армандаған отбасылардың қуанышына себеп болатын жобалардың жүзеге асуына үлес қосып келеді. Осылайша әке бастаған кәсіби жолды ұлы жалғастырып, Аралдың құрылыс саласының дамуына өзіндік үлесін қосуда.
Туған жердің төрінде бой көтерген әрбір ғимаратта құрылысшының қолтаңбасы қалады. Ал елге адал еңбек еткен азаматтың есімі халық жадында сақталады. Мағжанбай Тұрсынбаев пен оның ұлы Әлижанның кәсіби жолы – осының айқын дәлелі.
Н. МАРАТҚЫЗЫ










