Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Құрышқол құрылысшы

Құрышқол құрылысшы

17 жылдан бері құрылыс саласында табанды еңбек етіп аудандық маңызы бар және қалаішілік жолдарды салумен айналысып келе жатқан құрышқол құрылысшы Мейрамбек Құлмырзаев аудан көлемінде елеулі ісімен танылып келеді. Әке жолын жалғаған құрылысшының бүгінгі жеткен жетістіктері мен салада қалдырған қолтаңбасы туралы ел жақсы біледі.
Кейіпкеріміз 1983 жылы Арал қаласында өмірге келген. Әкесі Оразғали ауданға белгілі құрылысшы. Ал анасы Балзира медицина саласында абыройлы еңбек еткен абзал жан. Отбасындағы 4 баланың ішінде әке жолын жалғанан тек Мейрамбек ғана. Жоғары оқу орнын «инженер экономис» және «заңгер» мамандықтар бойынша тәмамдаған ол бар білім, білігін өзі басшылық жасайтын «Арал құрылысы» ЖШС-нің жұмысын ілгерілетуге арнап келеді.
– 2007 жылдан бері құрылыс саласына бетбұрыс жасап, ауданда бірқатар жобаларды жүзеге асырып келемін. Әсіресе, жол жөндеу, асфальт салу жұмыстарын жүйелі атқардық. «Арал құрылысы» мекемесінде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тендерлік жобаларға байланысты кейде 100 адамды маусымдық жұмысқа алып отырамыз. «Ер ел үшін туады» деген қазақта жақсы сөз бар. Менің де басты мақсатым елдің дамуына өз үлесімді қосу. Құрылысшы болу қажырлы еңбекті талап етеді. Сондай-ақ халықтың қажетін өтеу үшін басталған жобаларды қолға алғанда асқан жауапкершілік қажет. Қарапайым еңбек адамына тындырымды тірліктен соң елдің батасын алғаннан артық бақыт жоқ, – дейді Мейрамбек Оразғалиұлы.
Экономикның негізгі күретамыры құрылыс саласы. Сол үшін атаулы саланың дамуы мемлекеттің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік жағдайының дамуына тікелей байланысты. Бүгінде заман талабына сай етіп салынған құрылыс кешендері аймақтың айбынын арттырып, өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосуда. Саланың серпінді дамуына септігін тигізіп жүрген ол «Құрметті жолшы» төсбелгісінің иегері. Аудандық мәслихат депутаты ретінде де ел мәселесіне мән беріп жүрген азамат.
– Осы өңірде туып, өсіп, болашағымды қалыптастырған соң мені есейткен еліме қызмет ету міндетім деп білемін. Депутаттық мандатқа халық арасындағы көкейкесті мәселені оң шешуге ықпал жасап, тұрғындар талабын мінбелерде көтеру мақсатында келдім. Өзіме артылған сенімді абыроймен атқару үшін бар күш жігерімді салудамын. Әрине, кейде көп қаржыны талап ететін үлкен мәселелер болады. Оның бәрі уақыт талабына сай шешімін тауып жатады, – дейді кейіпкеріміз.
Жастық жалыны мен күш-қайратын ауданның маңызды саласы құрылыс саласының қарқынды дамуына арнаған М. Құлмырзаев бүгінде өзінің айшықты келбетін қалыптастырып халықтың ұлына айналып отыр. Еңбекте табысты болумен қатар отбасылық бақытқа бөленіп, 5 баланың қамқоршы әкесіне айналған жанның табанды тірлігі мен тындырымды ісі көпке үлгі.
Назерке БАҚЫРАН
13 тамыз 2024 ж. 333 0