Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралас жекпе-жекте Арал абыройын асырған

Аралас жекпе-жекте Арал абыройын асырған

Қалам ұшымен қоғам қалыптастырамыз деп жүріп, нендей тақырыпты қаузамадық десеңші? Сан-саладағы қым – қуыт тірлікті қаузадық. Соның ішінде бейбітшіліктің кепіліне баланған спортқа да етене еніп, жеңіс жалауын желбіреткен мақтаныштарымыздың елеулі еңбегін көпке паш еттік. Өйтпегенде ше? Мемлекет туы екі жағдайда ғана биікте желбірейді емес пе? Біріншісі – ел Президенті қандай да бір елге ресми сапармен барғанда, екіншісі – спорт саңлақтарымыз жүлдегер атанғанда. Бұл – сиқырлы спорттың қаншалықты маңызды сала екенін аңғартса керек...
Бас тақырыпта арқау еткеніміздей аралас жекпе-жекте Арал абыройын асырған Фараби Сауытбаев жайында кәсіби мереке тұсында айтуды жөн деп таптық. Иә, ол әлемнің үш дүркін чемпионы. Қағылез жігіттің бағыты айқын, мақсаты биік нағыз спортшыға тән қайсарлық пен күш-жігерді бойына сіңірген азамат қашанда жаттығуда төгілген тер жеңіске бастайтынын айтады. Шәкірттерінің санасына да сол қағиданы сіңіреді.
Тәуелсіздік алған елең – алаң шақта қарапайым отбасында өмірге келген болашақ чемпион №262 мектеп-гимназиясында тәлім алды. Қиялға қанат байлап, үлкен өмірге құлшына қадам басқан бозбала еліміздегі іргелі оқу орындарында білімін одан әрі шыңдады. Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетін, кәсіптік оқыту мамандығы бойынша, ал «Болашақ» университетін денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітірген Фараби бала кезіндегі арманына бет бұрды. Яғни, спортқа шындап ден қойып, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына, мықты болып, өзін – өзі қорғайтын дәрежеге жетуіне жағдай жасады.
Еңбек ескерусіз қалған жоқ. Аудан орталығындағы №19 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде жаттықтырушы ретінде жемісті жұмыс жасап, жанарында оты бар жастардың аралас жекпе-жекпен шұғылдануына бар мүмкіншілік жасады.
Тепсе темір үзетін азамат әр жылдарда туған жерге мол олжамен келді. Атап айтсақ әмбебап жекпе-жектен Қазақстан Республикасының жеңімпазы атанып, Грэпплинг спорт түрінен ҚР кубогын иегері болған мақтанышымыз Сербия, Грузия, Ресей сияқты мемлекеттерде Алаш жұртының намысын қорғады. Жұдырықтасу қажет болса жұдырықтасатын, күресу қажет болса күресетін бес аспап жігіттен қарсыластардың мысы қайтып, ерен күшіне бас иді.
Қазіргі таңда ұстаз еңбегінің нәтижесі шығар, отыздан астам оқушы Қазақстан чемпионаттарында топ жарып жүр. Сондай-ақ, 2 оқушы спорт шебері атанса 10-ға тарта оқушы спорт шеберлігіне үміткер.
Тынымсыз жаттығу жеңіске бастайтынын жадынан шығармаған Фараби Сауытбаев өзі баулыған спортшыларға тактикалық ойлауды, қоян-қолтық алысу барысында өзін салқынқанды ұстауды үйретуде. Тағы бір айта кетерлігі, әмбебап жекпе-жектің тәсілдерін үйреткен жаттықтырушы ізбасарларына татами немемсе рингтен тыс жерде меңгерген тәсілдерді қолдануға болмайтынын үнемі айтып отырады.
А ҚАРЫМСАҚ
19 тамыз 2026 ж. 86 0