Медиация тараптарды мәмілеге келтірді
Бүгінде тараптардың өзара ымыраға келуі арқылы азаматтық істерді медиация тәртібімен тоқтату тәжірибесі кеңінен қолданылады. Мұндай рәсім процеске қатысушылар арасындағы дауды реттеп қана қоймай, соттарда қаралатын істердің санын азайтуға да ықпал етеді. Жалпы, дауды тараптардың өзара келісімге келуі арқылы шешу – дауды реттеудің тиімді жолдарының бірі. Себебі мұндай жағдайда жеңілген тарап болмайды, ал тараптар өзара қол жеткізген нәтижеге қанағаттанады.Мәселен, Арал аудандық сотында талап қоюшы К-ның жауапкер А-дан жол-көлік оқиғасы салдарынан келтірілген мүліктік зиянды өндіру туралы талабы медиация тәртібімен реттелді.
Іс құжаттарына сәйкес, сот үкімінде азаматтық талапкер К-ның материалдық залалды өтеу туралы азаматтық талап қоюын қанағаттандыру құқығы танылып, оның мөлшері туралы мәселені азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға беру көрсетілген.
Алайда алдын ала сот отырысы барысында тараптар дауды медиация тәртібімен реттеуге ниет білдірген.
Медиациялық келісімге сәйкес, жауапкер талапты мойындап, жол-көлік оқиғасы салдарынан келтірілген 3 500 000 теңге мүліктік зиянды бөліп төлеуге міндеттенген, ал талап қоюшы жауапкердің материалдық жағдайын ескере отырып, мүліктік зиянды бөліп төлеуіне келісім берген.
Сот ұйғарымымен дауды реттеу туралы медиативтік келісім бекітіліп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.
Арал аудандық соты










