Ұлт ұстазы ұлықтаған ұлы тіл
Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани өзегі. Ана тілін ардақтау – елдікті, ұлттық болмысты, атадан балаға жалғасқан асыл мұраны құрметтеу деген сөз. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қадір-қасиетін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында елімізде жыл сайын түрлі тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.Осы игі бастамалардың жалғасы ретінде 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай және қазақтың көрнекті ағартушысы, ақын, ғалым, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 154 жыл толуына арналған «Ұлт ұстазы ұлықтаған ұлы тіл» атты облыстық жыр мүшәйрасы болып өтті. Тағылымды шараны Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды. Мүшәйраның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қазақ тілінің көркемдігі мен құдіретін кеңінен насихаттау, ұлттық әдебиетке деген қызығушылықты арттыру, жас таланттарға қолдау көрсету және Ахмет Байтұрсынұлының ұлт үшін атқарған өлшеусіз еңбегін кейінгі ұрпаққа дәріптеу.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының рухани тарихында айрықша орны бар ұлы тұлға. Ол бар ғұмырын халқына қызмет етуге арнап, қазақтың сауатын ашуға, ана тілін зерттеуге, ұлттық жазу мен білім беру ісін дамытуға зор еңбек сіңірді. Ғалымның қазақ тілінің ғылыми жүйесін қалыптастырудағы еңбегі бүгінгі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Оның тіл, әдебиет, ұлт тағдыры жөніндегі ойлары жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани мұра болып қала береді.
Ұлт ұстазының өнегелі өмір жолын дәріптеу мен ана тіліміздің абыройын асқақтатуды мақсат еткен жыр мүшәйрасы да мазмұны мен тәрбиелік мәні жағынан ерекше болды. Жыр додасына қатысушылар өз шығармаларында қазақ тілінің қасиетін, туған жердің қадірін, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті, Отанға деген адалдықты, ұлттық құндылықтарды арқау етті.
Көркем сөздің қуатын сезінген қатысушылар өз жырларын мәнерлеп оқып, тыңдарманға ой саларлық өлеңдерін ұсынды. Әрбір шығармада ана тілін құрметтеу, туған елге деген мақтаныш, ұлттық рухты биік ұстау секілді маңызды тақырыптар көрініс тапты. Ақындық өнер арқылы қазақ тілінің байлығы мен бейнелілігін танытуға талпынған қатысушылардың өнері көрерменнің көңілінен шықты.
Мүшәйраның мазмұнын байыта түскен ерекше сәттердің бірі – Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген 5547 әскери бөлімінің 1 взвод 2 бөлімше сарбазы, атқыш Балтабаев Біржан мен 3 взвод 3 бөлімше аға сарбазы Керімбектің Абайдың жыр додасына қатысуы болды.
Ел тыныштығын күзетіп, әскери міндетін абыроймен атқарып жүрген сарбаздардың ана тіліне арналған шығармашылық сайысқа қатысуы көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Әскери киімдегі жас жігіттердің сахна төріне шығып, қазақтың қасиетті тілін жырға қосуы – Отанға деген сүйіспеншіліктің, ұлттық рухтың жарқын көрінісіндей әсер қалдырды.
Сайыс барысында Балтабаев Біржан мен Керімбек Абай өз өнерлерін ортаға салып, жыр сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Сарбаздардың орындауындағы өлеңдер мазмұндылығымен, отансүйгіштік рухымен ерекшеленді. Туған жерге, елге, ана тілге деген сүйіспеншілікті жырлаған олардың өнері әділ қазы алқалары мен көрермен тарапынан жоғары бағаланып, зор қошеметке ие болды.
Жас сарбаздардың әскери міндетін атқарып қана қоймай, ұлттық өнер мен әдебиетке деген қызығушылығын танытып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған шараға белсенді қатысуы – көпке үлгі боларлық іс. Себебі Отанға қызмет ету тек ел шекарасын қорғаумен ғана шектелмейді. Елдің тарихын, мәдениетін, тілін, дәстүрін құрметтеу де – азаматтық парыздың маңызды бөлігі.
Мәдениет пен руханият тоғысқан шара барысында көрермендер де қатысушылардың өнеріне қолдау білдіріп, әрбір сәтін ықыласпен тамашалады. Әсіресе, сарбаздардың өнер көрсетуі көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың бойындағы өнерге деген құштарлықты айқын аңғартты.
Мүшәйра соңында белсенділік танытып, өнерлерімен көпшіліктің көңілінен шыққан 5547 әскери бөлімінің сарбаздары Балтабаев Біржан мен Керімбек Абайға Алғыс хат табысталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Бұл марапат – олардың жыр мүшәйрасына белсенді қатысқанына, ана тілін дәріптеуге қосқан үлесіне берілген лайықты баға.
Тәрбие және әлеуметтік-құқықтар жөніндегі бөлімше бастығының аға көмекшісі
(мемлекеттік тілді енгізу бойынша)
қатардағы Маратова Фатима









