Келешек иелерінің ой-танымын кеңейтті
Мемлекеттің басым бағыттарының бірі білім саласын жан-жақты қолдап, елдің ертеңіне баланған шәкірттердің болашағына айрықша жағдай жасау екені баршаға мәлім. Бұл жөнінде әр жылдардағы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы толыққанды баяндап келеді. Оң саясат нәтижесіз емес. Қазіргі таңда шалғай ауылдарда да сапалы білім, саналы тәрбие беруге барлық тетіктер қарастырылған. Соның бір айғағы ретінде көпшілік құмдағы білім бұлағы деп білетін Қарақұм ауылдық округі, Ерімбетжаға елді мекеніндегі толымды тірлікті тілге тиек етуді жөн деп таптық. Иә, алақандай ауылдағы №18 негізгі мектебіндегі оқушыларға қолдау ерекше. Әсіресе, білім ұясының басшысы Гүлжайна Әділханқызы Дәрмағанбетова тыңнан түрен соғып, оқушылардың ой-өрісін кеңейтуге таптырмас жолдар іздестіріп келеді. Атап айтсақ, ол 2025-2026 оқу жылының қорытындысымен «Үздік сынып – 2026» байқауын ұйымдастырған болатын. Соның нәтижесінде біліктілігімен дараланған сыныптағы шәкірттер жазғы демалыс кезінде ой танымын кеңейтіп, тарихи орындармен танысуға мүмкіндік алды. Берері мол бастамаға ауылдағы аға буын қолдау танытып, шаңырақтың ажарына айналған ұл-қыздарының оқуға деген құлшыныстары артқанын жақсылықтың нышанына балады. «Жақсының жақсылығын айт» деген тәмсіл осындайда қолданылса керек. Нақтырақ тоқталсақ, Жаңабай Игілікұлы, Сахитжан Шалабаев, Оралхан Махамбетов, Бақыт Көбегеновтей азаматтар сауапты іске демеушілік жасап, болашағымыз деп білген балалардың шаттанғанына да, мақтанғанына себепші болды.
Киелі Түркістан шаһарына саяхаттаған келешек иелері өткеннен сыр шертетін ескерткіштерге қанығып, тарих тереңінен құнды мағлұматтар жинады. Жеткіншектер қиялындағы жәдігерлерді көзбен көріп, көңілге түйді. Сондай-ақ, тамылжыған табиғатымен ерекшеленетін сұлу қаланың әсем жерлерін аралады.
А Жайшылық










