Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Статистика – ел дамуының айнасы

Статистика – ел дамуының айнасы

Арал ауданындағы статистика саласының қалыптасуы мен даму тарихына биыл 78 жыл болып отыр. Кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын саралап, алдағы міндеттерін айқындауда статистиканың орны ерекше  екені бесенеден белгілі. Статистикалық мәліметтер – елдің тыныс-тіршілігін, қоғамдағы өзгерістерді, экономикалық ахуалды нақты көрсететін маңызды ақпарат көзі. Сондықтан бұл саланы халық шаруашылығының айнасы деуге толық негіз бар.
Жалпы Қазақстандағы мемлекеттік статистика жүйесінің негізі 1920 жылғы 8 қарашада қаланды. Биыл еліміздің мемлекеттік статистикасына 106 жыл толып отыр. Осы бір ғасырдан астам уақыт ішінде статистика саласы заман талабына сай жетіліп, жаңа технологиялармен толықты. Бүгінде статистикалық деректерді жинау, өңдеу және талдау жұмыстары заманауи ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылуда.
Тарихтан тамыр
Арал ауданындағы статистика саласының тарихы да өткен ғасырдан бастау алады. Архивтік деректерге сүйенсек, 1942 жылы ауданда халық шаруашылығы есеп инспектурасы жұмыс істей бастаған. Бұл жөнінде Арал аудандық атқару комитетінің қаулысы бар. Кейіннен статистика қызметінің құрылымы бірнеше рет өзгеріп, заман талабына сәйкес қайта ұйымдастырылып отырған.
1968 жылғы 9 тамызда Қазақ КСР Орталық статистика басқармасының бұйрығымен Арал аудандық машинамен есептеу станциясы болып аталды. Кейін Қазақ КСР Орталық статистика басқармасы алқасының шешімімен аудандық ақпараттық-есептеу станциясы болып қайта құрылды. Оның құрамында өнеркәсіп, еңбек, көлік және байланыс, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, күрделі құрылыс, тауар айналымы және денсаулық сақтау бағыттары бойынша бөлімдер мен секторлар жұмыс істеген.
Уақыт өте келе мекеме Қызылорда облысының Статистика басқармасының Арал аудандық статистика бөлімі ретінде қызмет атқарды. Ал 2009 жылдың 1 қарашасынан бастап Қызылорда облысының Статистика департаментінің Арал ауданының статистика басқармасы болып қайта құрылды.
Осы жылдар ішінде аудандық статистика саласына білікті мамандар басшылық жасап, мекеменің қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлестерін қосты. 1958-1963 жылдары Қуанышбай Мәндібаев, 1964-1986 жылдары Алшынбай Мырзалиев, 1987-1997 жылдары Амангелді Әбдібаев, 1997-1999 жылдары Құрышбек Ізмағанбетов, 2000-2026 жылдары Еламан Қапанов басқарған уақыттардың әрқайсысы өзіндік ерекшелігімен есте қалды. Ал 2026 жылдың мамыр айынан бастап Арал ауданының статистика бөлімі Рахметжан Бисембаевтың басшылығымен солардан қалған жол әрі қарай жүйелі жалғасып келеді.
Статистика саласында еңбек еткен азаматтардың еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Аудандық статистика қызметінің алғашқы басшыларының бірі Қуанышбай Мәндібаев 1960 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталса, Алшынбай Мырзалиев «Құрмет белгісі» орденіне ие болды. Ал статистика саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Еламан Сәдібекұлы Қапанов ауданның, облыстың және Статистика агенттігінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, 2012 жылы «Қазақстан Республикасы статистикасының үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Алайда осы жетістік пен марапаттың барлығы бүтіндей бір ұжымның бірлігі мен еңбегі, саланың қыр-сырын жетік білетін тәжірибелі мамандардың тынымсыз еңбегінің арқасында келетінін естен шығармау да керек. Аудандық статистика саласында да мұндай азаматтар жетерлік. Солардың қатарында бүгінде құрметті зейнеттегі Озира Орекешова, Патима Жүргенова, Өмірзақ Игіліков, Рысқал Мәндібаева сындығы бергісі жиырма жылдан астам, арғысы 40 жылға жуық еңбек еткен жандардың есімін ерекшелеп айтуға болады.
Заманауи жүйе – сапалы статистика
Бүгінде статистика саласы бұрынғыдай тек қағаз жүзіндегі есеп-қисынмен шектелмейді. Заманауи ақпараттық технологиялардың енгізілуі статистикалық мәліметтерді жинау мен өңдеуді едәуір жеңілдетті. Қазіргі уақытта ауданның статистика бөлімінің мамандары облыстық статистика департаментінің жұмыс жоспарына сәйкес аудан аумағындағы мекемелер мен шаруашылықтардан мемлекеттік статистикалық есептіліктерді жинақтап, қабылдап, олардың белгіленген мерзімде тапсырылуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс атқаруда.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын зерделейтін статистикалық есептіліктердің аясы кең. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда, инвестиция, тұрғын үй құрылысы, көлік, демография және басқа да маңызды салалар бар. Бүгінде статистикалық есептілікті электронды түрде ұсынуға мүмкіндік беретін «Online режимінде деректерді жинау» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Респонденттер статистикалық нысандарды интернет арқылы толтырып, электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен тапсыра алады.
Сонымен қатар пайдаланушыларға статистикалық ақпаратты ыңғайлы форматта, ақысыз және екі тілде алуға мүмкіндік беретін «Талдау» ақпараттық жүйесі де тиімді қолданылуда. Бұл жүйе үлкен көлемдегі деректерді қысқа уақыт ішінде саралап, қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік береді.
Аудандық статистика бөлімінде «е-Статистика» бағдарламасы арқылы алғашқы статистикалық есептіліктерді қабылдау жұмыстары да жүргізілуде. Осы жүйеге тұрғын үй қорының тіркелімі енгізіліп, елді мекендердегі әр шаруашылық бойынша кітаптарды электронды түрде жүргізу мүмкіндігі қамтамасыз етілген.
Санның артында – үлкен еңбек
Статистикалық көрсеткіштердің әрқайсысының артында үлкен еңбек, мұқият есеп және жауапкершілік тұр. Бір қарағанда қарапайым көрінетін санның өзі белгілі бір саланың даму деңгейін, халықтың тұрмыс-тіршілігін немесе экономикалық өзгерістерді сипаттайды. Аудандық статистика басқармасында бүгінде басшыдан бөлек бас маман, үш жетекші маман, үш техникалық қызметкер және төрт сұқбатшы еңбек етеді. Ұжым мүшелері өздеріне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып, кәсіби біліктіліктерін үнемі арттырып, заман талабына сай ізденіп келеді.
Еңбегімен ерекшеленген бірқатар қызметкерлер облыстық статистика департаментінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарына ие болды. Сонымен бірге ұжым аудан көлемінде ұйымдастырылатын қоғамдық және мерекелік іс-шараларға белсене қатысуда.
Қазірде ауданның әлеуметтік-экономикалық тынысын айқындайтын қаншама мәлімет пен көрсеткіш осы сала мамандарының еңбегі арқылы жинақталып, сараланып, тиісті орындар мен қалың жұртшылыққа жедел жеткізілуде.
Статистика сандар жиынтығы емес. Ол – өткенді саралап, бүгінді бағамдап, болашақты жоспарлауға мүмкіндік беретін маңызды құрал. Арал ауданының статистика саласында еңбек еткен аға буынның өнегелі жолы мен бүгінгі мамандардың заманауи бағыттағы еңбегі – осы жауапты саланың сабақтастығын көрсетеді. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының шынайы көрінісін қалыптастырып, нақты дерекпен қамтамасыз етуде аудандық статистика қызметкерлерінің еңбегі қашанда маңызды. Өйткені дұрыс есеп – нақты көрсеткіш, нақты көрсеткіш – тиімді шешімнің негізі.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
22 қыркүйек 2026 ж. 58 0