Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теміржол – тағдырымның бір бөлшегі

Теміржол – тағдырымның бір бөлшегі

Арал теңізі стансасының жаңа ғимаратының ашылып, теміржол вокзалының заман талабына сай жаңарғанын көріп 42 жыл теміржол саласында еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан ардагер ретінде ерекше қуандым. Бұрыннан таныс стансаның бүгінде еңселі, заманауи ғимаратқа айналып, айналасының абаттандырылып жатқаны – Аралдың көркіне көрік қосқан үлкен жаңалық. Бұл – теміржолшыларға ғана емес, жолаушыларға да көрсетілген құрмет деп білемін.
Пойыз құрастырушы болып еңбек етіп, зейнет демалысына шықсам да, теміржол мен үшін әлі де жүрегіме жақын, қадірлі сала болып қала береді. Олай болатыны– теміржолдағы еңбек жолымды бүгін ұрпағым жалғастырып отырғандығы. Ұлым Дәурен ПЧ-59 мекемесінде жол монтері болып еңбек етуде. Қызым Гүлбақыт Арал теңізі стансасында тауар кассирі қызметін атқарады. Ал келінім Лаура осы стансада техникалық кеңсе операторы болып жұмыс істейді. Бір әулеттің бірнеше мүшесінің теміржол саласында еңбек етуі – мен үшін үлкен мақтаныш.
Теміржолдың өз тәртібі, өз жауапкершілігі бар. Бұл салада әр жұмыстың артында адам өмірінің қауіпсіздігі, елдің тыныштығы мен сапардың сәттілігі тұр. Сондықтан кейінгі буынның осы жауапты саланы таңдап, адал еңбек етіп жүргеніне ризамын.
Жаңа станса – жаңарған Аралдың тағы бір айқын көрінісі. Теміржол вокзалының сәулеті келісті, айналасының абаттандырылуы Арал теңізі стансасына ерекше ажар беріп тұр. Осындай игі бастамалар ел еңсесін көтеріп, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыра түседі.
Қырық екі жыл өмірімді теміржолға арнаған адам ретінде айтарым – теміржолдың әр жаңалығы мен үшін қуаныш. Бүгінгі жаңа ғимаратты көріп, «еңбек еткен жылдарым зая кетпепті, артымнан ізімді жалғастырар ұрпағым бар» деп көңілім марқаяды.
Жаңа станса талай жолаушыға ақ жол тілеп, талай сапардың бастауына айналсын. Теміржолымыздың берекесі артып, ел игілігі жолындағы еңбегі жемісті болғай!

Әлімбай БИСЕМБАЕВ
Теміржол саласының ардагері
22 қыркүйек 2026 ж. 59 0