Есімі сан шәкірттің жүрегінде
Алғашқы мұғалім… Бұл есім әрбір жанның жүрегінде өшпестей сақталатын ерекше ұғым. Өйткені мектеп табалдырығын алғаш аттаған ойын баласының қолына қалам ұстатып, әріп танытып, білім әлеміне жетелейтін де – алғашқы ұстаз. Баланың бойындағы қабілетті байқап, жүрегіне ізгілік ұялатып, үлкен өмірге алғашқы қадам жасауына бағыт беретін бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбегі қашанда ерен.Осындай ғибратты ғұмырын ұстаздыққа арнаған жанның бірі – қаладағы №13 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Базаркүл Әзбергенқызы Калкимова.
1967 жылы Арал қаласында дүниеге келген Базаркүл Әзбергенқызының бар саналы ғұмыры білім саласымен біте қайнасып келеді. Жоғары білім алған ол еңбек жолын 1986 жылы бастап, содан бері қырық жылға жуық уақыт бойы талай буын шәкіртке білім мен тәрбие беріп келеді.
Ұстаздың өзі еске алғандай, алғашқы шәкірттері 1978 жылы дүниеге келген балалар екен.
– Алғашқы шәкірттерім 1978 жылы туған балалар болды. Ол кезде өзім де жас қыз едім. Мектепке келген әр баланың қолынан жетелеп, сауатын ашуға, білімге деген қызығушылығын оятуға тырыстым. Содан бері қаншама шәкірт алдымнан өтті. Әрқайсысының өз мінезі, өз арманы болды. Баламен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі бастауышта берілген білім мен тәрбие – оның кейінгі өмірінің негізі, – дейді ұстаз.
Шәкіртінің жан дүниесін түсіну, оның бойындағы мүмкіндікті дер кезінде байқау – ұстазға қойылар басты талаптың бірі. Базаркүл Әзбергенқызы да әр баланың болмысына үңіліп, білім берумен қатар, адамдық қасиеттерді бойына сіңіруге айрықша мән береді.
Қырық жылдық еңбек жолында ұстаз талай шәкірттің алғашқы ұстазы атанды. Кеше ғана мектеп табалдырығын именіп аттаған бүлдіршіндердің бүгінде түрлі салада еңбек етіп, ел игілігіне қызмет етіп жүргені – ұстаз еңбегінің жемісі.
Базаркүл Әзбергенқызының шәкірттері арасында білім биігін бағындырғандар да аз емес. Ұстаз еңбегінің нәтижесін кейінгі жылдардағы жетістіктерден де көруге болады. Атап айтқанда, 2022 жылы оның шәкірттері арасынан екі «Алтын белгі» иегері шықса, 2026 жылы төрт шәкірті «Алтын белгіге» ие болған. Соның арқасында білімді шәкірт тәрбиелеген мұғалім еліміздегі шипажайлардың бірінде демалуға мүмкіндік алған. Бұл – ұстаз үшін үлкен мәртебе, көп жылғы еңбектің айқын нәтижесі.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген Хакім Абай сөзі Базаркүл Әзбергенқызының еңбек жолына дәл келетіндей. Өйткені ұстаздық – жай ғана мамандық емес, ол жүрек қалауы, үлкен жауапкершілік пен үздіксіз ізденісті қажет ететін қасиетті жол. Бүгінде еңбек жолын жалғап 4 «А» сыныбына жетекшілік етіп отырған ұстазды әріптестері де ерекше құрметтейді. Себебі мол тәжірибе, көркем мінезі, саналы білім бір адамның бойына қабыса біткен.
Жылдар жылжиды. Ұстаз алдынан өткен шәкірттер есейіп, әр тарапқа қанат қағады. Алайда олардың жүрегінде алғашқы әріпті үйреткен, қолына алғаш қалам ұстатқан, мектептегі алғашқы күндерінде жанынан табылған ұстазының бейнесі мәңгі сақталады.
Базаркүл Әзбергенқызы үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі. Өйткені ұстаз еңбегінің өлшемі атақпен емес, тәрбиелеп шығарған шәкіртінің адамдық болмысымен, елге тигізген пайдасымен бағаланады.
Мектептен тыс өмірде де Базаркүл Әзбергенқызы – отбасына берекесін ұялатып отырған аяулы ана, ардақты әже. Отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген ұстаз бүгінде сегіз немеренің сүйікті әжесі. Ұрпағының қызығын көріп, шәкірттерінің жетістігіне қуанып отырған оның өмір жолы – кейінгі буынға үлгі.
Н.БАҚЫРАН









