Жеңісті еңбектің жемісі
Ұстаз – шәкірт жүрегіне білім нәрін сеуіп қана қоймай, оның бойына адамгершілік пен ізгіліктің дәнін егетін, өмір жолына бағыт-бағдар беретін аяулы маман. Ұстаз еңбегі – көзге көрінбегенімен, ел болашағына өлшеусіз ықпал ететін ұлы еңбек.Осындай абыройлы жолды жүрек қалауымен таңдап, саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнап келе жатқан білікті мамандардың бірі – Арал қаласындағы №220 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Күлмашқызы Қобланова.
Айгүл Күлмашқызы ұстаздықты жай ғана мамандық емес, үлкен жауапкершілік пен жүрек жылуын талап ететін қасиетті жол деп біледі. Әсіресе бастауыш сынып – баланың білім әлеміне алғаш қадам басып, мектепке, ұстазға деген алғашқы көзқарасы қалыптасатын маңызды кезең. Осы тұста әр баланың жүрегіне жол тауып, қабілетін танып, білімге деген қызығушылығын ояту – үлкен шеберлікті қажет етеді.
Бұл қасиеттер Айгүл апайдың ұстаздық болмысынан анық байқалады. Ол – шеберлігі шыңдалған, ізденісі мол, талабы таудай ұстаз. Әр сабағына тыңғылықты дайындалып, заманауи білім беру әдістерін тиімді пайдалана отырып, оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыруға ерекше мән береді. Сабақ барысында баланың еркін ойлауына, өз пікірін ашық білдіруіне, ізденуіне мүмкіндік беріп, әрбір жетістігін бағалап, алға ұмтылуына жігер береді.
Нағыз ұстаздың ерекшелігі – әр шәкіртінің бойындағы қабілетті көре білуінде. Бір бала білімге бейім болса, енді бірі өнерге, шығармашылыққа немесе ұйымдастырушылыққа икемді болуы мүмкін. Айгүл Күлмашқызы осындай ерекшеліктерді дер кезінде байқап, шәкірттерінің қабілетін дамытуға үнемі қолдау көрсетеді. Сондықтан оның сыныбында әр бала өзін еркін сезініп, білім алуға деген ынтасы арта түседі.
Ұстаз еңбегінің ең үлкен жемісі – шәкірт жетістігі. Айгүл апайдың шәкірттері аудандық және облыстық деңгейдегі ғылыми жобаларға белсене қатысып, жүлделі орындардан көрініп, жеңістерге жетіп жүр. Бұл – ұстаздың тынымсыз ізденісі мен табанды еңбегінің, шәкірттеріне дұрыс бағыт-бағдар бере білгенінің айқын нәтижесі.
Талант пен талапты, еңбекқорлық пен ізденісті бір бойына тоғыстырған Айгүл Күлмашқызы өз кәсібіне адалдығымен, педагогикалық мәдениетімен және балаға деген шынайы жанашырлығымен ерекшеленеді. Ол үшін шәкіртінің әрбір жетістігі – үлкен қуаныш, әрбір жеңісі – еңбегінің жемісі.
Ұстаздық жол – үздіксіз ізденісті, төзімділікті, мейірімділікті әрі үлкен жүректі қажет ететін қасиетті жол. Осы жолда Айгүл Күлмашқызы кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп, білім мен тәрбиені қатар алып келеді. Оның еңбегі шәкірттерінің жетістігінен, ата-аналардың алғысынан, әріптестерінің құрметінен көрініс табуда.
Бастауыш сынып оқушысының жүрегінде мектепке, білімге, ұстазға деген алғашқы сүйіспеншілікті қалыптастыру – үлкен мәртебе. Ал сол мәртебені абыроймен арқалап келе жатқан Айгүл апайдай ұстаздың еңбегі қашанда құрметке лайық.
Әсел АҚҚАСИНОВА










