Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елге қызмет – ердің ісі

Елге қызмет – ердің ісі

Адамның ғұмыр жолы – оның елге сіңірген еңбегімен, атқарған қызметімен, кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесімен өлшенеді. Өмірін туған жерінің өркендеуіне арнап, мемлекеттік қызметтің түрлі саласында абыроймен еңбек еткен сондай азаматтардың бірі – Махамбетжан Балманов. Ол саналы ғұмырында ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, ел мүддесін бәрінен биік қойған азамат ретінде танылды.
Махамбетжан Балманов 1949 жылы 3 маусымда Арал ауданының Аманөткел ауылдық округінде дүниеге келген. Туған жердің тыныс-тіршілігінен нәр алып өскен ол жастайынан білімге ұмтылып, болашақ мамандығын игеру жолында талмай ізденді. Алматы архитектура-құрылыс институтында жоғары білім алып, еңбек жолын 1970 жылы Арал теңізі портындағы кеме жөндеу зауытында бастады. Осылайша, оның еңбекке араласқан алғашқы қадамы өндіріс ордасынан басталып, кейінгі жылдары мемлекеттік басқару саласындағы жауапты қызметтермен жалғасты.
– Еңбек жолымның әр кезеңінде өзіме жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаруғатырыстым.1984-1994 жылдары аудандық атқару комитетінде азаматтық қорғаныс штабының бастығы, ұйымдастыру бөлімінің инспекторы және меңгерушісі қызметтерін атқардым. Бұл жылдар менің ұйымдастырушылық қабілетім мен кәсіби тәжірибем шыңдалған маңызды кезең болды. Азаматтық қорғаныс саласындағы жауапты міндеттерден бастап, ұйымдастыру жұмыстарына дейінгі қызметтер маған мемлекеттік басқару жүйесіндегі тәжірибемді молайтты, – дейді кейіпкеріміз.
Махамбетжан Балманов 1994 жылы аудандық мәслихат жүйесіне ауысып, 1999 жылға дейін сектор меңгерушісі, іс басқарушысы, яғни аппарат басшысы қызметтерін атқарды. Ал 1999-2009 жылдары аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы болды. Бұл қызметтерде заңдылықтың сақталуына, қаржы тәртібінің нығаюына және мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуына қатысты жұмыстарға атсалысты.
Мәслихат қызметі – халықтың талап-тілегін билікке жеткізіп, жергілікті мәселелердің шешілуіне ықпал ететін маңызды сала. Махамбетжан Балманов 1990 жылдары аудандық мәслихаттың II, III және IV шақырылымдарының депутаты ретінде де ел сенімін арқалады. Депутаттық қызмет барысында жергілікті халықтың мүддесін қорғауға, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді талқылауға үлес қосты. Оның бұл кезеңдегі қызметі азаматтық белсенділіктің, қоғамдық жауапкершіліктің үлгісі болды.
2009 жылдан кейін де еңбекке деген құлшынысын бәсеңдетпеген ол 2011-2012 жылдары аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінде инспектор болып жұмыс істеді. 2012 жылғы маусым айында зейнеткерлікке шықты. Алайда зейнет демалысына шығу оның қоғам өмірінен қол үзгенін білдірмеді. 2014-2024 жылдары аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары қызметін қоғамдық негізде қоса атқарып, елдік іске араласуын жалғастырды. Бұл – туған жерге қызмет етуді тек лауазымдық міндетпен шектемеген азаматтың азаматтық ұстанымын аңғартатын жайт.
Махамбетжан Балмановтың ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алғыс хатымен», 2024 жылы Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды. 2019-2023 жылдары Арал ауданының Құрмет грамоталарына ие болды. Сонымен қатар облыстық және аудандық деңгейдегі түрлі Алғыс хаттармен марапатталып, «Қызылорда облысына – 70 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Ақтан батыр» және «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына – 30 жыл» мерекелік медальдарын иеленді. Шын мәнінде бұл марапаттар – оның ел алдындағы еңбегіне берілген баға.
Ғұмырын еңбекпен өрнектеп, түрлі салада жинаған тәжірибесін туған жерінің игілігіне жұмсаған азаматтың өмір жолы – кейінгі буынға үлгі. Өйткені елге қызмет ету тек биік лауазыммен өлшенбейді. Ол – өз міндетіңді адал атқару, халық сенімін ақтау, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну.
Махамбетжан Балмановтың еңбек жолына көз жүгірткенде, өндірістен басталған қызметтің мемлекеттік басқару, мәслихат жұмысы және қоғамдық міндеттермен сабақтасып жатқанын көреміз. Оның өмір белестері туған жерге адал қызмет етудің, азаматтық ұстанымды сақтаудың және ел мүддесіне бейжай қарамаудың жарқын көрінісі.
Туған жердің дамуына үлес қосып, ұзақ жылдар бойы қоғамдық іске араласқан азаматтың өнегелі жолы – уақытпен өлшенетін еңбек тарихы ғана емес, елге деген құрметтің де айғағы. Осы тұста кейіпкеріміз Махамбетжан Балмановтың бір кездегі іскерлігі мен өзі ісін адал атқаратын адамдық қасиетін әріптестері мен замандастары әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Бұл –  қазіргі күні бейнетінің зейнетін көріп, ұл, қызының ортасында қазыналы қария болып отырған Махамбетжан ағаның еңбегінің қашанда құрмет төрінде болатындығының айқын дәлеліндей.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
13 қазан 2026 ж. 45 0