Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерен еңбегі ел есінде

Ерен еңбегі ел есінде

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді қазақ даналығы. Ел игілігі жолында адал еңбек етіп, өз ісінің өркендеуіне бар ғұмырын арнаған азаматтардың есімі уақыт өткен сайын биіктей түседі. Олар тек бір саланың маманы ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресін жасаған тұлғалар ретінде халық жадында сақталады.
Арал өңірінің балық шаруашылығы тарихы – елдің экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан еңбек адамдарының тағылымды ғұмырынан құралған шежіре. Сол шежіренің жарқын беттерінде есімі құрметпен аталатын азаматтардың бірі – Шамау Ибрашев.
Ол саналы ғұмырын балық шаруашылығы саласын дамытуға арнап, кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ел игілігіне қызмет етті. Қай кезеңде болмасын саланың дамуына тың серпін беріп, балықшылар қауымының абыройын арттыруға өлшеусіз үлес қосты.
Елдің ерен азаматы, балық шаруашылығы саласының ардагері, Қуаңдария балық аулау базасының директоры, «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Елдің ерен тұлғасы» Шамау Ибрашевтың өмір жолы мен еңбек мұрасы дәріптеуге лайық. Оның өнегелі ғұмыры, елге деген адалдығы мен еңбекқорлығы кейінгі ұрпаққа үлгі болып, туған өлкенің тарихымен бірге жасай бермек.
ХХ ғасырдың екінші жартысында Арал өңіріндегі балық шаруашылығы өндірісінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Шамау Ибрашев өз заманының білікті маманы, іскер ұйымдастырушысы әрі жауапкершілігі жоғары басшысы ретінде танылды. Ол қай қызметте жүрсе де өндірістің дамуын, еңбек өнімділігін арттыруды және мамандардың кәсіби деңгейін көтеруді басты мақсаттарының бірі санады.
Шамау Ибрашев 1928 жылдың 3 қаңтарында Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты Қасқақұлан ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Балалық және жастық шағы ел өміріндегі күрделі кезеңдермен тұспа-тұс келсе де, ол жастайынан еңбекке араласып, жауапкершілік пен табандылық қасиеттерін бойына сіңіріп өсті.1946 жылы Қасқақұлан орта мектебін аяқтағаннан кейін еңбек жолын Қуандария машина-жөндеу станциясында бастап, хатшы және балық аулау ісі жөніндегі нұсқаушы қызметтерін атқарды. Кейін Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеп, азаматтық өмірге үлкен тәжірибе жинақтап оралды.Білім мен біліктілікті әрдайым жоғары қойған Шамау Ибрашев Краснодар өлкесіндегі балық шаруашылығы өндірісі саласына мамандар даярлайтын оқу орнында білім алып, балық шаруашылығының техник-ұйымдастырушысы мамандығын игерді. Бұл білім оның кейінгі еңбек жолында үлкен рөл атқарды.
Өзінің қажырлы еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ол әр жылдары «Қарашалаң» ұжымшары төрағасының орынбасары, Қуандария балық аулау базасының инженері, Арал балық өнеркәсібі өндірістік бірлестігінде инженер және директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Ал 1963 жылдан бастап Қазалы балық зауытының бас инженері ретінде өндірістің дамуына елеулі үлес қосып,1977 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Қызылорда балық» өндірістік бірлестігінің бөлім бастығы қызметін атқарып, өңірдегі балық шаруашылығы өндірісін жетілдіруге бағытталған маңызды жұмыстардың басы-қасында болып, бүкіл саналы ғұмырының отыз төрт жылын Арал балық шаруашылығы өндірісін дамытуға арнады. Оның ұйымдастырушылық қабілеті, кәсіби біліктілігі және іске деген адалдығы әріптестері арасында үлкен құрметке ие болды.
Еңбек жолындағы жетістіктері жоғары бағаланып, 1975 жылы КСРО Балық шаруашылығы министрлігі мен Балық өнеркәсібі кәсіподағы Орталық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар Қызылорда облыстық атқару комитетінің және кәсіподақ ұйымдарының Құрмет грамоталарына ие болып, бірнеше мәрте социалистік жарыстардың жеңімпазы атанды.
Шамау Ибрашев тек өндіріс басшысы ғана емес, өнегелі әке, ардақты отбасы иесі болды. Жұбайы Айғанша Өтеуішовамен бірге жеті перзент тәрбиелеп өсіріп, ұрпағына еңбекқорлық пен адамгершіліктің үлгісін көрсетті.
Шамау Ибрашев еңбек жолын қарапайым қызметтен бастап, өндірістің барлық сатыларынан өтті. Сондықтан да ол балық шаруашылығы саласының тыныс-тіршілігін терең білді, еңбек адамының мұң-мұқтажын түсінді және кез келген мәселені тәжірибеге сүйене отырып шешуге ұмтылды. Оның бойындағы талапшылдық пен әділдік, қарапайымдылық пен адамгершілік қасиеттер әріптестері арасында ерекше құрметке ие болуына негіз болды.
Өңірдің балық өнеркәсібін дамыту жолында аянбай еңбек еткен азаматтың қызметі ел игілігіне бағытталды. Ол өндірістік көрсеткіштердің артуына ғана емес, сала мамандарының қалыптасуына, жас кадрлардың тәжірибе жинақтауына да ерекше көңіл бөлді. Сондықтан да оның өнегелі өмір жолы кәсіби шеберлік пен адал еңбектің жарқын үлгісі ретінде бағаланады.
Балықшылар қауымы ежелден төзімділікті, табандылықты және жауапкершілікті қажет ететін кәсіп иелері саналады. Шамау Ибрашев осы қасиеттердің барлығын бойына сіңіріп, туған өлкенің өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсаған азамат болды. Оның есімі Арал өңіріндегі балық шаруашылығы саласының қалыптасуы мен дамуы тарихынан ерекше орын алады.
Бүгінде өткенді зерделеп, тарихи тұлғалардың еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттау – маңызды міндеттердің бірі. Шамау Ибрашевтің өмір жолы мен еңбек қызметі тек бір адамның тағдыры ғана емес, тұтас бір дәуірдің, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының көрінісі болып табылады.
Ел үшін еткен еңбек ешқашан ұмытылмайды. Адалдық пен табандылықты ту еткен Шамау Ибрашевтің жарқын бейнесі мен өнегелі ғұмыры ұрпақ жадында сақталып, туған өлкенің тарихымен бірге жасай береді.
Бүгінде Шамау Ибрашевтің есімі Арал өңірінің балық шаруашылығы тарихымен бірге аталады. Оның мағыналы ғұмыры, адал еңбегі мен елге сіңірген қызметі кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Өткенді ұлықтау – өнегелі тұлғаларды ұмытпау. Ал Шамау Ибрашев сынды еңбек адамдарының жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады.
Тұмар ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,
Арал аудандық Балықшылар музейінің ғылыми қызметкері
30 маусым 2026 ж. 46 0