Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл шаруашылығын дамыту – уақыт талабы

Ауыл шаруашылығын дамыту – уақыт талабы

Мемлекет басшысының Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, өнімді терең өңдеу және заманауи технологияларды өндіріске енгізу мәселелеріне басымдық берілуі өте маңызды деп есептеймін. Өйткені ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Бұл саланы дамыту арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік туады.

Президенттің Қызылорда облысында шаруалардың қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысып жатқанын атап өтуі біз үшін ерекше қуанышты. Бұл – Сыр өңірінің табиғи қиындықтарға қарамастан, ауыл шаруашылығын жаңа бағытта дамытуға әлеуеті бар екенін көрсетеді. Ендігі міндет – осындай тәжірибелерді кеңейтіп, жергілікті өнімді дайын тауарға дейін өңдеуге баса назар аудару. Себебі шикізатты сол күйінде сатудан гөрі, оны өңдеп, қосымша құн қалыптастырудың экономикалық тиімділігі жоғары.

Арал өңірі үшін де бұл бағыттың маңызы зор. Біздің аймақта су тапшылығы мен климаттық жағдайлар ауыл шаруашылығына өзіндік қиындықтар туғызады. Сондықтан суды үнемдейтін технологияларды енгізу, жергілікті табиғатқа бейімделген дақылдарды өсіру және мал шаруашылығын заманауи талаптарға сай дамыту – уақыт талабы. Әсіресе ауылдағы шағын шаруашылықтарға қолжетімді несие, мемлекеттік қолдау және жаңа технологияларды пайдалануға мүмкіндік беру қажет.

Мемлекет басшысының сүт-тауар фермалары мен ет кластерлерін дамыту жөніндегі тапсырмасы да орынды. Мұндай жобалар мал шаруашылығының өнімділігін арттырып, ет пен сүтті терең өңдеуге жол ашады. Сонымен бірге ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына серпін береді.

Менің ойымша, Жолдауда айтылған міндеттердің нәтижелі орындалуы үшін озық тәжірибелерді ірі шаруашылықтармен ғана шектемей, шағын және орта шаруашылықтарға да кеңінен енгізу қажет. Сондай-ақ әр өңірдің табиғи ерекшелігі мен мүмкіндігі ескерілгені жөн. Сонда ғана ауыл шаруашылығы ел экономикасының қуатты саласына айналып, ауылдың әлеуеті арта түседі. Ең бастысы, өндірілген өнімнің көлемін арттырумен қатар, оның сапасына, өңдеу ісіне және дайын өнімді нарыққа шығаруға басымдық беруіміз керек.
О. ЖОЛДАСОВ

Фото: Н. Нұржаубай
28 қазан 2026 ж. 63 0