Елдігіміздің айбары
25 қазан – Республика күніне орай аудан орталығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеруге арналған салтанатты рәсім ұйымдастырылды. Елдік пен бірліктің, тәуелсіздік пен тұтастықтың нышанына айналған көк байрағымыз көкке көтеріліп, салтанатты жиынға қатысушылар Қазақстан Республикасының Әнұранын орындады. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетілген тағылымды сәт мерекенің маңызын айқындап, жиналғандарға ерекше әсер сыйлады.
Іс-шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, аудан ардагерлері мен жастар, төтенше жағдайлар қызметі, құқық қорғау органдары және әскери сала өкілдері, спортшылар, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінің мамандары қатысты. Әртүрлі сала өкілдерінің бір алаңға жиналуы елдік құндылықтардың ортақ мұратқа ұйыстыратын күшін көрсетті.Мерекелік шараның маңызды бөлігі мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған азаматтардың салтанатты түрде ант беруімен жалғасты. Жауапты міндетті мойнына алған жас мемлекеттік қызметшілер халыққа адал қызмет етуге, ел мүддесін бәрінен биік қоюға дайын екендіктерін білдірді.
Республика күні – Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу жолындағы тарихи маңызын айшықтайтын, ұлттық рух пен азаматтық жауапкершілікті нығайтатын айрықша мереке. Бұл күн әрбір азаматқа Отан алдындағы міндетін сезініп, ел дамуына үлес қосудың маңызын тағы бір мәрте еске салады.Көк байрағымыздың биікте желбіреуі – азаттықтың айғағы, бейбіт өміріміздің белгісі әрі жарқын болашаққа деген сенімнің көрінісі. Оны қастерлеу – Тәуелсіз Қазақстанның тарихына, жетістіктеріне және келешегіне құрмет көрсету.Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласып, Республика күніне арналған шара көтеріңкі көңіл күймен қорытындыланды.
Оңталап ЖОЛДАСОВ











