Күз айларында тағамнан уланудың алдын алу
Күз айларында тағамнан улану — сапасыз, дұрыс сақталмаған немесе өңделмеген азық-түлікті тұтынудан туындайтын жедел ауру. Күз мезгілінде уланудың жиілеуі егін жинау науқанымен, үй жағдайында консервілер дайындаумен, саңырауқұлақ терумен және температураның құбылуына байланысты азық-түлікті сақтау ережелерінің бұзылуымен тығыз байланысты.
Күзгі маусымда келесі өнімдер мен факторлар ерекше қауіп төндіреді:
- Үй консервілері мен ботулизм. Күзде көкөністер мен саңырауқұлақтарды жабу кезінде зарарсыздандыру технологиясы бұзылса, герметикалық жабылған банкілерде өте қауіпті ботулотоксин түзілуі мүмкін.
- Саңырауқұлақтар мен жабайы өсімдіктер. Таныс емес немесе жол жиегінде, өнеркәсіп аймақтарында өскен саңырауқұлақтарды жинау және оларды жеткілікті термиялық өңдеуден өткізбеу ауыр улануға әкеледі.
- Жеміс-жидектер мен бақша дақылдары. Күзгі көкөністер мен жемістерді дұрыс жумау салдарынан олардың бетіндегі топырақ қалдықтары мен нитраттар ағзаға түседі.
- Сақтау режимінің бұзылуы. Күн салқындады деген оймен дайын тағамдарды (әсіресе ет, сүт өнімдері, майонез қосылған салаттар) тоңазытқыштан тыс жерде қалдыру патогенді микроағзалардың көбеюіне жол ашады.
- Алдын алу шаралары. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандарының ұсынысы бойынша уланудан сақтану үшін қарапайым гигиеналық ережелерді ұстану жеткілікті:
- Жеке гигиена. Тамақ әзірлер алдында, көшеден келгенде және дәретханадан кейін қолды сабынмен мұқият жуу керек.
- Өнімдерді тазалау және бөлек сақтау. Көкөністер мен жемістерді ағынды сумен жақсылап жуып, шикі ет пен дайын тағамдарды тоңазытқышта бөлек сөрелерде сақтау және оларға бөлек пышақ пен тақтайша пайдалану қажет.
- Термиялық өңдеу. Ет, балық, жұмыртқа және саңырауқұлақ өнімдерін толық пісіру және қайнатылған немесе бөтелкедегі таза суды ғана ішу маңызды.
- Консервілерді тексеру. Қақпағы ісінген, тот басқан немесе күмәнді жағдайда дайындалған үй консервілерін мүлдем тұтынбау керек.
Ас – адамның арқауы. Өмір сүру үшін тамақ жейміз, ас ішу арқылы өзімізге керекті дәрумен, ақуыз секілді органикалық заттарды тұтынамыз. Бірақ тағамдарымызды пайдаланбас бұрын оның сапасына, құрамына, пайдалану мерзіміне қарап, сақтанған жағдайда ғана көптеген аурулардан қашық боламыз. Тағамнан уланудың алдын алу шараларын қатаң сақтап, ауырмаудың жолын іздеу өз қолдарыңызда екенін ұмытпаңыздар!
Арал аудандық санитарияылқ-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы А. Сатекеева










