Мәслихаттар сайлауы
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан дамуының бейнесі

Аудан дамуының бейнесі

Статистика – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын маңызды сала. Әрбір санның артында халықтың тұрмыс-тіршілігі, өндірістің қарқыны, кәсіпкерліктің тынысы мен өңірдің даму мүмкіндіктері көрініс табады. Ал осы деректерді жинақтап, саралап, нақты ақпарат ұсыну – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. 8 қараша – Статистика күні қарсаңында Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, статистика саласының қалыптасу тарихы мен бүгінгі міндеттері жөнінде аудандық статистика бөлімінің басшысы Рахметжан Бисембаевпен әңгімелескен едік.
– Рахметжан Темірұлы, әңгімемізді кәсіби мерекенің тарихынан бастасақ. Қазақстандағы мемлекеттік статистика жүйесінің қалыптасуы мен Арал ауданындағы статистика қызметінің тарихына тоқталып өтсеңіз.
– Қазақстанның мемлекеттік статистика органдарының құрылған күні – 1920 жылғы 8 қараша. Биыл ұлттық статистика жүйесінің қалыптасқанына 106 жыл толып отыр. Бұл – ел өміріндегі маңызды өзгерістерді деректер арқылы саралап, экономикалық және әлеуметтік үдерістерді бағалауға мүмкіндік беретін сала үшін айтулы кезең.
Арал ауданындағы статистика қызметінің де өзіндік қалыптасу тарихы бар. Қолда бар архивтік деректерге сүйенсек, 1942 жылы аудандық халық шаруашылығы есеп инспектурасының жұмыс істей бастағаны туралы аудандық атқару комитетінің қаулысы болған. Кейін статистика қызметі бірнеше рет қайта құрылып, атауы мен жұмыс жүйесі өзгерді.
1968 жылы Қазақ КСР Орталық статистика басқармасының бұйрығымен аудандық машинамен есептеу станциясы болып аталды. Кейін аудандық ақпараттық-есептеу станциясы ретінде жұмысын жалғастырды. Оның құрамында өнеркәсіп, еңбек, көлік және байланыс, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, күрделі құрылыс, тауар айналымы мен денсаулық сақтау бағыттары бойынша есеп жүргізілді.
Уақыт өте келе бөлімнің құрылымы мен қызмет аясы жаңарып, статистикалық мәліметтерді жинау және өңдеу жүйесі жетілдірілді. Бүгінде біз облыстық статистика департаментінің жұмыс жоспарына сәйкес ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты деректерді жинақтап, өңдеп, белгіленген мерзімде ұсынып келеміз.
– Аудандық статистика бөлімінің тарихы жайлы өзіңіз айтып өттіңіз. Ұжымды ұйыстырып, ауқымды жұмысты атқаруда жол сілтей алған, біліктілігі мен ұйымдастырушылығының нәтижесінде көпке үлгі болған әр жылдары басқарған азаматтар туралы да айтып өтсеңіз.
– Статистика саласының қалыптасуы мен дамуына әр кезеңде еңбек еткен мамандардың қосқан үлесі зор. Аудандық статистика бөлімін 1958-1963 жылдары Қуанышбай Мәндібаев, 1964-1986 жылдары Алшынбай Мырзалиев, 1987-1997 жылдары Амангелді Әбдібаев, 1997-1999 жылдары Құрышбек Ізмағанбетов, ал 2000-2026 жылдар аралығында Еламан Қапанов басқарды. 2026 жылдың мамыр айынан бастап осы жауапты міндет маған жүктелді.
Олардың әрқайсысы өз кезеңінде статистика саласының жұмысын ұйымдастырып, ауданның есеп жүйесін дамытуға еңбек сіңірді. Мәселен, Қуанышбай Мәндібаев 1960 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Алшынбай Мырзалиев «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Ал Еламан Сәдібекұлы Қапанов ұзақ жылғы еңбегі үшін бірқатар марапатқа ие болып, 2012 жылы «Қазақстан Республикасы статистикасының үздігі» төсбелгісімен наградталды.
Сондай-ақ статистика саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, бүгінде құрметті демалыста жүрген ардагерлерімізді де ерекше атап өткім келеді. Олардың қатарында 28 жыл еңбек еткен Өзира Орекешова, 25 жыл қызмет атқарған Патима Жүргенова, 36 жылын осы салаға арнаған Өмірзақ Игіліков және 21 жыл еңбек еткен Рысқал Мәндібаева бар. Бұл азаматтардың тәжірибесі мен еңбегі – кейінгі буын үшін үлгі.
– Статистика саласының басты міндеті қандай? Ауданның тыныс-тіршілігін танытуда оның маңызы неде?
– Статистиканың негізгі міндеті – қоғам өміріндегі экономикалық және әлеуметтік үдерістер туралы нақты, объективті әрі сенімді ақпарат қалыптастыру. Біз ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда, инвестиция, құрылыс, демография, шағын кәсіпкерлік және басқа да бағыттар бойынша есептіліктерді жинақтаймыз.
Бұл деректер ауданның даму деңгейін бағалауға, өткен кезеңмен салыстыруға және әртүрлі салалардағы өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, өндіріс көлемінің артуы кәсіпорындардың жұмыс қарқынын көрсетсе, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрсеткіштері шаруалардың еңбегі мен саладағы ахуалды сипаттайды. Ал инвестиция мен құрылыс көлемі өңірдің экономикалық белсенділігін бағалауға негіз болады.
Сондықтан статистика – жай ғана сандар жиынтығы емес. Ол ауданның бүгінгі жағдайын танытып қана қоймай, алдағы даму бағыттарын айқындауға көмектесетін маңызды ақпарат көзі.
– Ендеше, биылғы жылдың тоғыз айындағы Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталсақ. Қандай өзгерістер байқалады?
– 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы деректерге сәйкес, ауданның бірқатар негізгі экономикалық көрсеткішінде өсім бар.
Есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағамен 28 млрд 812,6 млн теңгені құрады. Нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106,2 пайыз болды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 20 млрд 668,6 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103,9 пайызды құрады.
Аудан өнеркәсібінің негізгі үлесі «Аралтұз» акционерлік қоғамы мен «Қамқор локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Сонымен қатар өңірде балық өнімдерін өңдеу, нан және нан өнімдерін өндіру, құрылыс материалдарын шығару сияқты бағыттар да бар.
Атап айтқанда, тоғыз айда 246 мың 284 тонна йодталған ас тұзы, 4 954 тонна балық өнімі, 884 тонна нан және нан өнімдері өндірілді. Сондай-ақ 72 тонна сүт және 290 тонна ет өнімі өңделді.
Бұл көрсеткіштер ауданның өндірістік әлеуетін танытып, жергілікті кәсіпорындардың экономикадағы орнын айқындайды.
– Арал өңірі үшін ауыл шаруашылығының орны ерекше. Бұл саладағы көрсеткіштер қандай?
– Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының маңызды бағыттарының бірі. Қазіргі таңда салада бір акционерлік қоғам, 26 кооператив, 14 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, бір мемлекеттік мекеме жұмыс істейді. Сонымен бірге 905 шаруа қожалығы тіркелген.
2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 8 млрд 267,3 млн теңгені құрады. Нақты көлем индексі 101 пайыз болды.
Есепті кезеңде 3 188,7 тонна ет, 2 986,5 тонна сүт, 116 мың дана жұмыртқа және 111 тонна қой жүні өндірілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ет өндірісі 2 пайызға, сүт 3 пайызға, жұмыртқа 5 пайызға, қой жүні 4,7 пайызға артқан.
Мал басы бойынша да өсім байқалады. 1 қазандағы жағдай бойынша ауданда 62 179 бас ірі қара, 61 723 бас қой, 34 661 бас ешкі, 62 490 бас жылқы және 38 223 бас түйе тіркелген.
Бұл сандар мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың еңбегін және ауылдық жерлердегі экономикалық белсенділікті көрсетеді.
– Инвестиция мен құрылыс саласы да ауданның даму деңгейін айқындайды. Бұл бағыттағы нәтижелер қандай?
– Инвестиция тарту мен құрылыс жұмыстары өңірдің экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бағыттар саналады. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 40 млрд 147,4 млн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108 пайызды құрайды.
Осы кезеңде 28 389 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңінен 2,6 пайызға жоғары. Ал орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 32 млрд 633,5 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,5 еседен астам деңгейге жетті.
Инвестиция мен құрылыс көрсеткіштері ауданның экономикалық белсенділігін бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл деректер тұрғын үй құрылысының, инфрақұрылымның және кәсіпкерлік бастамалардың даму қарқынын саралауға негіз болады.
– Шағын кәсіпкерлік пен сауда саласында қандай көрсеткіштер бар?
– Шағын кәсіпкерлік – аудан экономикасының маңызды тіректерінің бірі. 2026 жылғы есепті кезеңде ауданда 4 332 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 320 заңды тұлға, 3 107 жеке кәсіпкер және 905 шаруа қожалығы бар. Жұмыс істеп тұрған субъектілер саны – 4 219.
Сауда саласында да белгілі бір өсім байқалады. Қаңтар-қыркүйек айларында бөлшек сауда көлемі 11 млрд 87,3 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға артты.
Бұл көрсеткіштер аудан тұрғындарының кәсіпкерлікке деген белсенділігін, сауда айналымының қарқынын және жергілікті экономиканың қозғалысын сипаттайды.
– Қазіргі уақытта статистика саласында цифрландыру үдерісі кеңінен енгізіліп жатыр. Бұл жұмысқа қандай өзгерістер әкелді?
– Бүгінде статистика саласы заманауи ақпараттық технологияларға негізделген жаңа жүйеде жұмыс істейді. Бұрынғыдай қағаз жүзінде есеп жинаумен шектелмей, электрондық платформалар арқылы деректерді қабылдау, өңдеу және талдау мүмкіндігі кеңейді.
Мәселен, «Online режимінде деректерді жинау» ақпараттық жүйесі арқылы респонденттер статистикалық есептіліктерді интернет желісі арқылы www.stat.gov.kz сайтына электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып тапсыра алады.
Сонымен бірге «Талдау» ақпараттық жүйесі пайдаланушыларға статистикалық мәліметтерді ақысыз, екі тілде және өздеріне ыңғайлы форматта алуға мүмкіндік береді. «е-Статистика» бағдарламасы арқылы алғашқы статистикалық есептіліктер қабылданып, тұрғын үй қорының тіркелімі мен елді мекендердегі шаруашылық кітаптарын электрондық форматта жүргізу жұмыстары жүзеге асырылады.
Цифрландыру деректерді жинау мен өңдеу үдерісін жеңілдетіп, ақпарат алмасудың тиімділігін арттырды. Дегенмен технология қаншалықты дамыса да, ақпараттың дұрыстығы мен сапасына деген талап өзгермейді.
– Статистикалық мәліметтердің сапалы болуы тек бөлім мамандарына байланысты ма?
– Жоқ, бұл – ортақ жауапкершілік. Статистикалық деректердің сапасы есептілік ұсынатын кәсіпорындар мен ұйымдарға, жеке кәсіпкерлерге және басқа да респонденттерге тікелей байланысты.
Әрбір субъектінің мәліметтерді белгіленген мерзімде, толық әрі шынайы ұсынуы маңызды. Өйткені бір сала бойынша жиналған ақпарат жалпы аудандық көрсеткіштерді қалыптастыруға ықпал етеді.
Сондықтан біз респонденттермен тұрақты байланыс орнатып, есептіліктерді тапсыру тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Деректердің нақтылығы мен толықтығын қамтамасыз етуге баса мән береміз. Шынайы ақпарат қана ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын дұрыс бағалауға мүмкіндік береді.
– Аудандық статистика бөлімінің қазіргі құрамы мен мамандардың еңбегі туралы айтып өтсеңіз.
– Статистика саласында ұқыптылық, жауапкершілік және кәсіби біліктілік аса маңызды. Біздің бөлімнің әр қызметкері өзіне жүктелген міндеттерді орындап, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін сапалы қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Бөлімнің бас маманы Айнаш Хайділдақызы Доскабылова мен жетекші маман Райкүл Хангелдіқызы Әбілдаева 2003 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Олар көпжылдық тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, білімдерін үнемі жетілдіріп отырады. Еңбектері үшін облыс, аудан әкімдерінің және статистика департаментінің алғыс хаттары мен грамоталарына ие болған.
Жалпы, статистика саласының жұмысы көзге бірден көріне бермеуі мүмкін. Алайда әрбір есептің артында мамандардың мұқият еңбегі, тексеруі мен талдауы тұрады. Сондықтан осы салада қызмет етіп жүрген әріптестерімнің еңбегін жоғары бағалаймын.
Сұхбаттасқан Оңталап ЖОЛДАСОВ
17 қараша 2026 ж. 38 0