Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Дені - оралмандар": Адвокат қазақ тілінде жауап ала алмағанда не істеу керегін айтты

"Дені - оралмандар": Адвокат қазақ тілінде жауап ала алмағанда не істеу керегін айтты

Адвокат Жандос Тұяқовтың айтуынша, ана тілінде жауап ала алмаушылардың дені – шетелдік қандастар. Ал олар көбінесе қарапайым тіл туралы заңнан бейхабар. Сол себепті іс құжаттарын толтыру кезінде қиындықтар туындайды. Осы орайда, адвокат тіл туралы заңдағы мына қағидаттарды ұмытпауды ескертті

Яғни өтініш, арыз, сұрау қай тілде түссе, сол тілде жауап беріледі. Демек азамат қазақ тілінде жауап алуы үшін, ең алдымен, сұрақты қазақ тілінде қоюы тиіс. 
«Мен орыс тілін білмеймін деген сияқты мәселелер туындап жатса, ол азамат сол мекеменің басшысына міндетті түрде баруы керек. Сондай-ақ, ол мекеме басшысына арыз тастап кетуіне болады. Яғни наразылығы жазылған арыз. Егер де мәселе бұдан кейін де реттелмей жатса, міндетті түрде шағымдануға құқығы бар», - дейді Жандос Тұяқов. 
Әрі қарай ол шағымданушының қолында дәлелі болуы керектігін ескертті. Мысалы, шағымданушының қолында дәлелі болуы керек. Мысалы, ол жазған өтінішіне басқа тілде жауап алса, өзі жазған арызбен бірге басқа тілдегі жауаптың көшірмелерін тіркеп, құқық қорғау органдарына тапсыруы тиіс. Ал көрініс ауызша болса, оқиға кезіндегі куәгерлер туралы да ақпаратты қосу қажет. 
Қазақ тілінде жауап ала алмаған жағдайда оны дәлелдеу қиынға түседі. Мұндайда телефон арқылы видеоға түсіріп, оны құзырлы органдарға жіберуге болады. Бірақ, алдымен, ескерту қажет. Бұл видео мәліметтер дискіге немесе флешкіге көшірілуі міндетті. Бұдан кейінгі жұмыстар полиция құзыретінде болады. 
«Көп мекеме сіз бейнетаспаға түсіргенде заңсыз деп айыптап жатады. Бірақ сіз бейнетаспаға түсіремін деп ескертсеңіз, сотта немесе басқа құзіретті органдарда өздеріңіздің уәждеріңізді дәлелдеу үшін септігін тигізеді», - дейді адвокат. 
Алайда арыз берушінің аты-жөні, тұрғылықты мекен-жайы, ЖСН нөмірі көрсетілмесе, ол аноним болып есептеледі. Мұндайда өтініш ескерілсе де, қарастырылмайды. Өйткені кімге жауап жазу керектігі белгісіз болып қалады.
27 мамыр 2019 ж. 678 0