Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Полицейлерге тұрғын үй мәселесі бойынша әскери қызметшілермен бірдей мүмкіндік беру ұсынылды

Полицейлерге тұрғын үй мәселесі бойынша әскери қызметшілермен бірдей мүмкіндік беру ұсынылды

«Ішкі істер органдарының зейнеткерлері мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік-құқықтық қорғау: тәжірибе, проблемалар, шешімдері» тақырыбында өткен қоғамдық тыңдауда тұрғын үй мәселесі бойынша полицейлерге әскери қызметшілермен бірдей мүмкіндік беру ұсынылды,.

Ведомствоның мәліметінше, жиынға ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Қоғамов, қоғамдық кеңес мүшелері, ІІМ қызметінің басшылары, ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
«Аталған іс-шара барысында тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерге 50% төлемді қалпына келтіру, ІІО ардагерлері отбасы мүшелерінің ведомстволық медициналық мекемелерде тегін медициналық көмек алу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, әскери қызметшілер сияқты ІІО қызметкерлерінің барлық санаттарына тұрғын үй төлемақысын беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды»,-делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ІІО мүгедектерін және қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің жұбайларын ведомстволық медициналық ұйымдарда қызмет көрсетілетіндер тізіміне енгізу ұсынылды.
Шараны қорытындылай келе, қатысушылар полиция қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін іске асыру қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша негізгі міндеттерді тиімді атқару үшін тәжірибелі кадрларды сақтаудың және жас мамандарды ішкі істер органдарына тартудың маңызды шарты болып табылатынын атап өтті.
«Қоғамдық тыңдауға қатысушылардың ұсыныстары ішкі істер органдарының қызметін дамыту мен жетілдіруге үлес қосатыны анық», – деп атап өтті Марат Қоғамов.
11 шілде 2019 ж. 799 0