Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мөлдіреген тіршілік бар Мойнақта...

Мөлдіреген тіршілік бар Мойнақта...

  Басылым бетінде «Біздің ауыл» айдарын тұрақты жүргізуді қолға алдық. Әсіресе, шалғай орналасқан ауылдардың тыныс-тіршілігін айтып, атакәсіпті ардақтай білген еңбеккерлердің болмысын баяндайтын дүниелер тізбегі енді оқырманға жол тартып отыратын болады. Бүгінгі санда Арал  өңірінде орналасқан ең кіші ауылдың бірі – Мойнақ жайлы тілшіміз тарқатады.

  ... Осы жұрт Мойнақты біле ме екен?! Әй, қайдам?! Білсе, Аралға жақын кейбір жұрт білер, қалғаны шала-шарпы естіген, тіпті, кейбіреуі бұдан бейхабар. Облысты қайдам, аудан орталығына қарасты үлкен ауыл тұрғындары «Мойнақ қайда?» десең, әжептәуір ойланатыны анық. Бірақ, анау ұзын жолдың бойындағы Аралқұм атты ауылдық округке телінген он үйлі Мойнақ деп аталатын шағын жұрттың «бізді кім біледі?» деген ойда шаруасы да шамалы. Алдындағы малы мен көзге көрінген көз қуаныш – ұрпағының амандығына шүкір­шілік етуден таймайды.
  Жер атауына келгенде біздің ата-баба әуелден шебер-ақ. Мойнақ атауы жайлы да әркім әртүрлі айтады. Көнекөздердің сөйлеуінше, бұл маң қарақалпақтың әйгілі батыры Мойнақпен байланысты болса керек. Кезекті жортуылдың бірінде қатты жараланған батырың тәніне жау салған жара батқан соң, осы ауыл сыртындағы құмтөбеге найзасын шаншып, сәл аялдаған көрінеді. Әбден әлсіреген қарақалпақты қаруластары түйеге артып, туған жеріне осы тұстан тартып кеткен. Мойнақ деп аталуының бір себебі де осы. Ал кейбір ауыл адамдары басқаша дәйек айтады. Ауыл сыртын түйе мойнына ұқсап, иіріле жатқан бұйра құмның көрінісі ауылдың «Мойнақ» деп атануына бірден-бір себеп дейді. Анығын анықтаған ешкім жоқ.
  Қош. Мойнақта жеті түтін бар. Оған әкеп ара қашықтығы 4-5 шақырымнан орналасқан малшы ағайындардың үйін қосыңыз. Оннан астам шаңы­рақ осы құм арасында қарекет етіп келеді.
  Ауылдың дені ата кәсіпте. Мойнақтық ағайын, әсіресе, жылқы мен түйені көбірек ұстайды. Ұсақ жандық пен мүйізді қараң және бар. Бір кездері Мойнақтың өзінде 27 отар қой болыпты. Кеңес одағы тараған тұста талан-таражға түскен ен байлықтың жұқанасы әлі де ауылдан білініп қалады. Айтпақшы, осыдан 4-5 жыл бұрын мемлекет қолдауымен скважина қазылып, бұл ел аяқ судың әлегінен құтылған. Кермек су әзірше мал суғаруға жетіп тұр. Бұдан бөлек, Мойнақта тұщы құдық бар. Жалғыз құдық. Осыдан бір мезгілде 100 қаралы сиырды қауғамен суарғанда суы ортаймаған дейді ауыл адамдары. Демек, жалғыз құдық шағын ауылды әзірге жарылқап тұр.
  Мойнақта бір кездері жарық болмаған. Болған, бірақ 1995 жылдары түсті металл торуылдайтындардың құр­ба­нына айналған. Үйін­дегі алюминий ыдыс пен жез самаурынның түр-түрі­нен айырылғандар сол кездері көп болды. Сонау Жақсықылыштан Мойнаққа қарай тартылған осындай ток желісін суық қолдылар үптеп, ауыл жарықсыз қалғанда да, Жаратқанға шүкір айтып отыра беріпті-ау бұлар... Ұрылар да әккі ғой.  «Электр тогын үнемдейміз» деген сол кезгі желеумен түнгі он екіде өшкен жарық келесі күні кешкі бестерде қосылатын. Мұндайда бойында электр болмаған сымды қысқышпен қиып, жай­ба­рақат орап, сүйреп кету кім-кімге де оңай шаруа шығар.
  Содан бері 15 жыл майшаммен күнелтті бұл ел. 2010 жылы жергілікті билік көмектесуге бел байлап, Қазалының кәсіпкері Марат Ниетулдаев тендер ұтып, әр үйге бір-бір күн сәулесінен қуат алатын батарейка орната қойыпты. Ниетулдаевтың ниетінің түзулігі шығар, жарықсыз ауылға тез арада көмек осылай берілген.
  Мұнда жалғыз мектеп бар. Бұрын 8-жылдық мектеп қатарында білім берген шаңырақтың іші кең. Сынып бөлмелері де көп. Бұдан мектепте ілгері уақытта бала санының көп болғанын білесіз. 90-шы жылдары ел үдере көтеріліп, алды Алматы асып, Қарағандыға қоныс тепсе, кейінгісі Аралқұм мен аудан орталығына қарай жөңкіле көшті. Содан бала саны аза­йып, білім ұясы 4 жылдық мектепке айналған. 10 шақты бүлдіршін осында білім алады. Мектеп меңгерушісі Әбдіжамит Құрманбаев пен жұбайы Бақытгүл осындағы бар шәкіртке білгенін үйретуде. Аудан орталығынан қатынайтын ағылшын тілі мұғалімін қоспағанда, оқушы­лар санасында осы ерлі-зайыпты мұғалімдерден асқан ұстаз жоқ екені бесенеден белгілі еді.
  – 1988 жылы Жақсы­қы­лыш­тағы орта мектепті бітірісімен облыстағы пединс­титутқа түстім. Әуелгі мамандығым физика пәні, кейіннен «бастауыш сыныпта білім беру» мамандығын қосымша игердім. Келіншегім екеуміз 1993 жылдан бері осы Мойнақтамыз, – дейді Әбдіжәмит аға.
  Мектеп меңгерушісінің айтуынша, кішкентай ауылдан үлкен азаматтар көптеп шыққан. Күні кешеге дейін Арал ауданының идеологиясы мен білім саласында жетекшілік еткен Бөрі Дабылов, Президент музейінде басшылық қызмет жасаған Бибінұр Санақұлова, әскери дәрігер Сәрсенғали Мамытов, Ақтөбеде абыройлы еңбек етіп жүрген дәрігерлер Нұрлыгүл Қанымбаева мен Баубек Ботабаев...  Даланың аңызақ желіне бетін тосып, шағыл құмда аунап өскен мұндай дарынды ұл мен қыздың осы жерден шыққанына ауылдастары қуанышты, шыға беретініне де бек сенімді.
  Мойнақтың келешегі жоқтай көрінеді сырт жұртқа. Шүкір, олай емес екен. Ауылдастар ұйымшыл. Шағын болған соң ба, тіпті, ауызбірлікте. Мойнақ – мал өсірем деген қазаққа жұғымды жер. От та, су да жетеді. Ауыл іргесінен газ құбыры өтеді. Оған жапсарлас тақтайдай тегіс жол да бар. Аудан орталығына тұрғындар сол жолмен қатынап жүр. Айтпақшы, мұнда ұялы байланыс та бар. «Актив» пен «Теле2» антеннасы еркін ұстап тұр. Мектептен бөлек, ауылдағы фельдшерлік пункт­тегі Алтынкүл апа ең­кейген қарт пен еңбектеген бала денсаулығына ұдайы қамқорлық танытып келеді.
  – Басқа жерге қызметке талай шақырды. Жұртты біл­мей­мін, мен өзім Мойнақтың ауасы болмаса ауырамын. Мына тұрған ауданға келсем де, үйге асығып тұрамыз. Мойнақта да тіршілік бар, мұнда да дарынды шәкірттер жетерлік. Оларды қиып қайда кетеміз, – дейді Әбдіжәмит аға.
  Солай. Айтпақшы, қаладан таппаған қаражатын кей кәсіпкер осы Мойнақта мал өсіріп, көбейтіп жатқанға да ұқсайды. Жекелеген шаруа қожалықтары қоныстанып, түтін саны да көбейіп келеді. Енді Мойнақтағы момын жұрттан бір тілек, ауылға өзге округтағыдай ауыз су құбыры тартылса дейді. Жоғарыда айтып кеткен жалғыз құдықтың суы жеткенмен, мал басы көбейген сайын, судан таршылық көреміз бе деген күдік те жоқ емес. Бес жыл бұрын қазылған скважина суы кермек болғанмен, аяқ суға әбден жарап тұр. Тіпті, тұрғындар, құдық қазып берсе, өздері ұдайы басын таза ұстап, қадағалауға алатынын да айтып қалды. Егер, бұған әу деп үн қосар жергілікті билік не жекелеген азаматтардың жанашырлығы сезілсе, мойнақтық ағайынның басқа бұйымтайын біз де байқай қоймадық.
  Жал-жал құм арасында бұйығы тірлігінен алыс­тамаған қазақы ауылдың бүгінгі болмысы осы, оқырман! Киер киімі мен жейтін асын адалынан тапқан мұндағы халықтың тілеуі тек – ел тыныштығы мен жұрт амандығы. Қымызын баптап, шұбатын шөліркеп келген қонағына ұсынатын қарапайым мойнақтықтар қиын кезеңде де мойымап еді, бү­гінде сол қалпы тіршілік тінін тарқатып келеді.
Ержан ҚОЖАСОВ.
Арал ауданы.
18 қыркүйек 2019 ж. 856 0