Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 27 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

27 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

Халықаралық туризм күні
1980 жылы Манилада өткен Бүкіләлемдік туристік ұйымдар Бас Ассамблеясының шешімімен жыл сайын атап өтіледі.
Google-дің туған күні
Google.com домендік есімі 1997 жылғы 15 қыркүйекте тіркелді, ал Google Inc. компаниясы 1998 жылғы 4 қыркүйекте тіркелді. Алайда, 2005 жылдан бастап компанияның туған күні ресми түрде 27 қыркүйекте атап өтіледі.
1929 жылы астық дайындау науқаны кезінде Сырдария округінің Бостандық ауданының (қазір Өзбекстанға қарайды) тұрғындары кеңес үкіметінің ауыр салық салуына және зомбылық әрекетіне қарсы қарсылық көрсетті. Көтерілісті ұйымдастырушылар Т.Мұсабаев, У.Майлыбаев болды, оған 500-ге тарта адам қатысты. Берішмолла қыстауының қасындағы ұрыста оларға И.Шаныбековтің басмашылар жасағы көмекке келді. Көтерілісті Мемлекеттік саяси басқарманың жасақтары күшпен басты. Көтерілісшілерден 50 адам қазаға ұшырады, 2 адам ату жазасына кесілді, 36-сы - 10 жылға сотталды, жетеуі - 5 жылға жер аударылды.
1931 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданының «Баянтау» газетінің алғашқы саны шықты. Оған белгілі этнограф, фльклоршы және әдебиетші Мәшһүр Жүсіп Көпеев ақ тілегін білдірді. Оның алғашқы редакторы Ғалым Малдыбаев болды, осы газетте халық жазушысы Дихан Әбілов шығармашылық жолын бастады.
2006 жылы Германияның Баден-Вюртемберг жерінде, Вальдбрунн-Мюльбен қаласында Қазақстан Елшілігі жергілікті қымыз өндіруші фермамен бірлесіп, Германиядағы қазақ диаспорасы мен Қазақстаннан көшіп барған отандастарымыздың белсенді атсалысуымен «Қымызмұрындық» өткізді. Шара аясында мерекелік қойылымдар ұйымдастырылып, қымыз мерекесіне арнайы келген қонақтардың алдында Кельн және Бавария аймақтарындағы қазақ диаспорасының көркемөнерпаз әртістері өнер көрсетті. Мереке қонақтары қазақтың киіз үйімен, домбыра аспабымен, ұлттық дастарқан мәзірімен және Германиядағы қымыз өндірісінің басталу тарихымен, қымыздың емдік қасиеттерімен танысты.
2007 жылы Алматыда «Абай жолы» романының орыс тіліндегі жаңа аудармасының таныстырылымы болып өтті. Қазақстанда туған және қазақ әдебиетімен жете таныс, сондай-ақ Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбай, Оралхан Бөкей мен Төлен Әбдіктің шығармаларын сәтті аударып, мол тәжірибе жинақтаған есімі әлемге әйгілі жазушы Анатолий Ким бұл аудармаға үлкен дайындықпен келді.
2013 жылы Монте-Карлода Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Монако князьдігіне ресми сапары аясында «Монако-Қазақстан» бизнес-форумы болды.
Шара барысында Қазақстан мен Монако арасында Бірлескен іскерлік кеңес құру туралы келісімге, сондай-ақ көптеген басқа да құжаттарға қол қойылды. Бұдан бөлек, бизнес-форум аясында Қазақстан және Монако жайлы фильмдер қойылып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту перспективалары талқыланды.
2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясына қатысу үшін АҚШ-қа барған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Болашақ» стипендиясы бойынша АҚШ жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақстандық студенттер қарсы алды. Олардың арасында Батырхан Шүкеновтің Америкада білім алып жатқан ұлы Мақсұт та болды. Ол Нұрсұлтан Назарбаевқа әкесінің әндер жинағын сыйға тартты.
2017 жылы ҚР Ұлттық кітапханасында фотосуретші, Қазақстанда ХХ ғасырда болған тарихи оқиғалардың куәгері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Иосиф Будневич туындыларының көрмесі ашылды.
2018 жылы Түркістан облысында Түлкібас ауданының 90 жылдығын тойлау аясында Мұхамеджан Тынышбаев пен Тұрар Рысқұловқа қойылған жаңа ескерткіш ашылды.
https://www.inform.kz/kz/27-kyrkuyek-kazakparat-kuntizbesi_a3568744
27 қыркүйек 2019 ж. 670 0