Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 9 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

9 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

Дүниежүзілік пошта күні
1957 жылы болған бүкілдүниежүзілік пошта одағының 14-ші конгресінің шешімі бойынша, 1874 жылы пошта одағының құрылған күніне орай аталып өтеді.
Ұлттық нанотехнологиялар күні
АҚШ нанотехнологиялық жобаларды дамытуға бағытталған федералдық үкіметтік бағдарламасы -Ұлттық нанотехнологиялар (National Nanotechnology Initiative) бастамасы бекіткен.
1992 жылы тарихшы Халифа Алтайға «Ата жұрттан Анадолыға дейін» атты кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағының «Алаш» сыйлығы берілді.
1996 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Киров ауданы - Асықата ауданы (қазір Мақтаарал ауданына қарасты кент), Алғабас ауданы - Бәйдібек ауданы болып өзгерді. 2006 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының орталығы - Жалағаш кентіндегі алаңға Кенесарының азаттық күресіндегі басты батырлардың бірі - Бұқарбайға ескерткіш орнатылды. Ескерткіш авторы, белгілі мүсінші Мұратбай Үмбетовтің айтуынша, оның аяғының жанында жатқан жолбарыс батырдың жас кезіндегі қаймықпайтын жүректілігі туралы аңызға орай алынған. Ел аңызына қарағанда, жолбарыс ұлтжанды батырдың түсінен шықпайтын аруақты серігі болғанға ұқсайды.
2008 жылы Қазақстан Республикасында алғаш рет «Қазпошта» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен «Бірінші республикалық пошта маркаларының коллекциясын жинаушылар съезі» болып өтті. Съезд барысында «Қазақстанның пошта маркаларының коллекциясын жинаушылар одағы» қоғамдық бірлестігін құру ұйғарылды.
2010 жылы қазақстандық музыкант Марат Бисенғалиев өзі құрған Батыс Қазақстан филармониялық (WKPO) және Үндістан симфониялық (SOI) оркестрлерінің жетістіктері үшін Азия және Тынық мұхит аймағының симфониялық оркестрлер (AAPRO) Альянсының басшылық құрамына сайланды.
2012 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толуына орай 14 аталыммен басылымдар жарыққа шықты.
2012 жылы Астанада Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының таныстырылымы өтті. Орталықтың басты мақсаты - еліміздегі ұлттық және жоғары оқу орындарының деңгейінде келісілген Болон процесінің қағидаттарын толық жүзеге асыруға жәрдемдесу.
2013 жылы Әлемдік әдебиеттің көрнекті өкілі, парсы-тәжік ақыны Фирдоусидің «Шахнаме» дастанының көшірмесі Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада таныстырылды.
Бүгінде «Шахнаменің» қыпшақ тіліндегі түпнұсқасы тәжік елінде сақталған. Ал оның көшірмесін Қазақстанға белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев алып келді.
2013 жылы «Қазпошта» АҚ «Естелік, мерейтойлық даталар мен мейрамдар» маркасын айналымға енгізді. Ол компанияның 20 жылдық мерейтойына арналып шығарылды.
2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Брюссельге жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында ҚР-дың Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөніндегі екіжақты келіссөздерді аяқтау туралы бірлескен құжатқа қол қойылды.
2015 жылы Шымкентте қазақтың батырлары Тілеу Айтұлы мен оның ұлы Жолдыаяққа арналған ескерткіш ашылды. Тас мүсін Қажымұқан атындағы орталық стадионның батыс жағындағы гүлзарбақта орналасты. Тарихи мүсіннің ашылу салтанатына жергілікті билік өкілдері мен шаһар тұрғындары және Ақтөбеден арнайы келген батырдың ұрпақтары қатысты. Тарихи кешеннің авторы - мүсінші Әбдікәрім Ахметов. Ескерткіштің биіктігі - 10 метр. Тілеу Айтұлы - Алты алашқа әйгілі, би әрі батыр қолбасшы. Ноғай ұлысының билеушісі Мұсаның ұрпағы. 1681-1684 жылдары жоңғарларға қарсы шапқан, Сайрам соғысында 17 мың қол жинап, қасына ұлы Жолдыаяқ пен інісі Қалдыбай батырларды ертіп, сол далада ерлікпен қаза тапқан.
2017 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында толық метражды «Балуан Шолақ» тарихи көркем фильмінің түсірілімі аяқталды. Фильмде аты аңызға айналған палуан, әнші әрі композитор Балуан Шолақтың тағдыры сөз болады.
2017 жылы Қазақстанның дипломатиялық қызметінің 25 жылдығына орай пошта маркасы айналымға енгізілді.
2018 жылы Сербия Республикасының басшысы Александр Вучич ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевті Сербия Республикасы орденімен марапаттады.
https://www.inform.kz/kz/9-kazan-kazakparat-kuntizbesi_a3572795
09 қазан 2019 ж. 466 0