Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ментальды арифметика: шыңдау ма, әлде шығын ба?

Ментальды арифметика: шыңдау ма, әлде шығын ба?

  1993 жылы Малайзия мемлекетінде құрылған «UCMAS» халықаралық ментальды арифметикасы бүгінгі таңда әлемнің көптеген елінде ерекше танымал. Қазіргі таңда оның арнайы бөлімшелері Қазақстанның бірнеше жерінде кездеседі. Оның ішінде Арал ауданында да бар. Екі буынды қанаттандырып, үшінші буынмен жұмыс істеп жатқан орталықта ойша есептеудің озық үлгілері қолданылады. Осы орталықтың директоры Ахан Әбдуәлиевті сөзге тарттық.
     – Ментальды арифметика дегеніміз не? Осы сұраққа тоқталып кетсеңіз.
   – Ментальды арифметика – баланың ойын дамытатын ерекше әдіс. Балалар математикалық тапсырмаларды есепшотпен орындайды. Кейін құралды көзге елестетіп, ойша есептейді. Әдіс он деңгейден тұрады. Сәйкесінше, деңгей жоғарылаған сайын есептер де күрделене түседі. Бұл әдістің ерекшелігі, осы орталықтан толық білім алған балалар 2 немесе 3 таңбалы сандарды бір-біріне қосып, азайту немесе көбейту, бөлу және түбір асты сияқты математикалық амалдарын орындауда есептегіш құрылғыдан да басым түсіп жатады. Осы әдісті Қазақстанға ең алғаш 2011 жылы Сәуле Сырланова алып келді. Бұл есептеу техникасы 0-ден 9-ға дейінгі сандар 5 тас арқылы көрсетілгендіктен, формула пайда болады. Осы формула әсерінен есептеу техникасы да өзгеше болады.
          – Оны үйренуге қанша уақыт кетеді?
         – Баланың үйренуі алғашқы сабақтан басталады. Ал толық курсты меңгеріп шығу баланың қабілеті мен жаттығуларды көп орындауына байланысты. Сонымен қатар баланың жас ерекшелігін ескеру қажет. Бала жасы кіші болған сайын түсіндіру, үйрету қиын, бірақ елестете отырып есептеуді қалыптастыру жеңіл. Ал жасы үлкен балаларда керісінше үйрету жеңіл, бірақ елестете есептеулері қиындау соғады. Сол себепті ментальды арифметиканы 5-7 жаста бастаған тиімді деп есептеледі. Бұл әдіс екі-үш айда бірден нәтижесін көрсетпейді, кем дегенде алты айдан кейін оң нәтижесін береді. – Бұл тақырыпқа байланысты педагогтер екі пікір айтады.
         Бірі – ментальды арифметика білім көзі десе, екіншісі – қаражат пен уақытты босқа шығындау деп есептейді. Сіз қалай ойлайсыз?
          – Екі пікір де орынды және екеуінің де салмақты себебі бар. Балаларды дамытуда нәтиже болмаса, Жапония, Сингапур сияқты елдерде бұл методика дүниеге келмес еді, біз де оны қолданбас едік. Демек бұл туралы сөз қозғап отырғанымыз, кешегі күндерде бұл сала еңбек етті деген сөз. Екінші себеп, ментальды арифметика 4-12 жас арасындағы балаларға интеллектті дамытуға арналған ең алғашқы курс болды, бұл бәсекелесі жоқ көптеген курстың ашылуына алып келді. Күшті жарнама мен жиі өтіп жатқан халықаралық олимпиадаларға ата-аналар балаларын барлық шартына көніп, қолдан келгенін аямай апарып-ақ келді. Методикасы мәлім емес курстар одан да үлкен қызығушылық тудырды. Сабақтан тыс уақытта пайдалана алмағандықтан курс өте ұзаққа созылады. Курсты деңгейге бөліп, әр кезең сайын кітап сатып алу қосымша шығындануға алып келді. Үшінші себеп, ментальды арифметиканы математикамен шатастырушылар көп. Көпшілік оқушылардың математикасын видеодағыдай есептеп үйренсін деп әкелгенмен, нәтижесі күткеніндей болмаған соң ақша мен уақыт текке кеткен деп есептейді. Кейбір ата-аналар «балам неге білмейді, басқа балалардай тез шығармайды» деп наразылық тудырып жатады. Бала тек осы орталықта ғана үйреніп, үйіне барған соң ата-анасы қадағалап отырмаса, әрине бала ұмытып қалады. Сол себептен үшеуміз бірге жұмыс жасау керектігін түсіндіреміз. Яғни ата-анасы, баласы және біз.
          – Әлемде ғылым түрі өте көп. Ал мұны ғылым деп айта аласыз ба?
          – Бұл ғылым емес, математикалық тәсіл. Жаңа әдістеме ойды дамытады. Жылдам шешім қабылдауға үйретеді. Ғалымдар мидың сол жарты шары логикалық ойлауға, ал оң жарты шары шығармашылық қабілетке жауапты болатынын анықтады. Мысалы, егер оң қолды қимылдатса, сол жарты шарлардың қызметі іске қосылады, ал егер екі қолды бірдей іске қосса, бала дамуында елеулі жетістіктерге жеткізуге болады. Инновациялы әдістің көздегені де осы болса керек. Уақыт өте келе жаңашыл әдіс арқылы баланың ойша жылдам есептеуі, аналитикалық қабілеттердің пайда болуы сияқты алғашқы жетістіктерін байқауға болады.
         – Бұл орталықты ашуға не түрткі болды?
         – Қызылорда облысына жұмыстарыммен барғанмын. Сол жақта туған апам тұратын. Ол кісі бұрыннан айтып жүрген ментальды арифметика деген баланың ойлау қабілетін дамытатын курс бар деп. Сөйтіп осы әдісті үйрететін орталыққа бардым. Барсам, кішкентай балалар менен жылдам шығарып тұр. Осылайша қызығып, неге осындай орталықты өз ауданымнан ашпасқа деген ой келді. Арманымның жүзеге асқанына қуаныштымын. Қазіргі кезде бірнеше оқушым бар жүлде алған. Біздің үйреткен әдісімізді тез арада алып кетіп, үмітімізді ақтағанына қуаныштымыз. Өркениетке ұмтылған еліміздің жастары – ертеңгі мемлекет тірегі. Қоғамға да ең басты керегі – елдің ертеңіне деген сенім мен үміт.
Ал ол үмітті сөндірмейтін бәсекеге қабілетті жастар болмақ.
Ақтоты Шынықұл
15 қазан 2019 ж. 891 0