Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәуір айында аязды күндер болады - Қазгидромет

Сәуір айында аязды күндер болады - Қазгидромет

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК алдағы айдың ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алдағы сәуір айы жылы әрі жауын-шашынды болады деп күтіліп отыр. Әсіресе, бұл құбылыс айдың бірінші және екінші онкүндігінде жиі байқалады. Сондай-ақ, сәуір айында жылы және суық күндер алма-кезек болатынына байланысты құбылмалы күн райы күтіледі. Ол кезде ең төменгі температуралар бірінші онкүндіктің соңына қарай болады. Еліміздің солтүстік өңірлерінде ауаның түнгі температурасы 5-15 градусқа, күндіз 0-5 градусқа дейін төмендейді. Ал еліміздің оңтүстік бөлігінде ауаның түнгі температурасы 0-5 градус жылы, 5-10 градусқа дейін төмендейді», - деді «Қазгидромет» РМК-ның Ұзақ мерзімді ауа райы болжамы басқармасының басшысы Гүлмира Ақышева Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның айтуынша, сәуірдің ортасы мен үшінші онкүндіктің орта шенінде Орталық Азиядан келетін жылы ауа массаларына байланысты жылы күн райы орнайды. Солтүстік аймақтарда ауа температурасы 15-23 градусқа дейін жоғарыласа, оңтүстікте 20-28 градусқа дейін жылынады.
«Бірақ сәуір айында ауа-райы әлі де алдамшы болғандықтан, бұндай жылы күндер ұзаққа созылмайды. Үшінші онкүндіктің басында және соңына қарай күн райы қайтадан суыта түседі. Еліміздің солтүстік аймақтарында жауын-шашынды болады. Түнде ауаның температурасы 0-ден төмен, күндіз 5-15 жылылықты көрсетеді. Ал оңтүстік өңірлерде өткінші жауын жауып, найзағай күркірейді. Ауаның түнгі температурасы 5-10 градус жылы, күндіз 15-20 дейін көтеріледі», - деп атап көрсетті Г.Ақышева.
inform.kz
19 наурыз 2018 ж. 2 603 0